Руханият • 06 Желтоқсан, 2019

Әбіштанудың әз әліпбиі

712 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Қазақ – қалай айтқанда да бағы бар халық. Ұрпақтан-ұрпаққа ұлыларымыздың ұлы мұрасымен өтіп келеміз. Бүгін де келешектің кәдесіне жарайтын хат қалдыруды мұратына айналдыратын абызсыз қалмасымыз хақ. Бағзы мен бақиды жалғастырып жатқан сара жолды бір адамдай бажайлап үлгерген; өзі өмір сүріп отырған ортаның да барлық құбылыстары мен айтулы оқиғаларының қара қазанында қайнап жүріп, соның бәрін саф алтындай зерделей де, бағалай да білген; сол арқылы қай кезеңде де заманнан гөрі адамды зерттеуді алға шығарудың қаншалықты қасиетті іс екенін бар болмыс-бітімімен түйсінген абыздар эстафетасының таяқшасы жерге түспей келеді. Күні бүгінге дейін.

Әбіштанудың әз әліпбиі

Қазақтың қазіргі премьер-публицисі, мем­лекеттік қайраткер Сауытбек Абдрах­манов­тың «Абыз Әбіш» кітабын оқуды бас­таған­да келген ой осы болды. Адамды не­месе халықты жадынан жаңылдыру сияқ­ты гипертрагедияның табиғатын түсін­діруімен әлемдік деңгейге көтерілген гу­манист-жазушылығы өз алдына,  тәуел­сіз Қазақ елінің көсемсөз планкасын да Прометейдей өлермендікпен тү-у-у жо­ғарыға көтеріп кеткен Әбіш аға бақилық болған төрт жылға жетпейтін уақытта Сауытбек Абдрахманов тұтас бір ғылыми институттың шаруасын тындырғанына орнымыздан тұрып қол соқтық. Орасан зор энциклопедиялық білім мен планеталық ақыл-ой иесінің әр сөзіне зерттеушілік, зерделілік талантымен қайта жан бітірген Сәукеңнің аталмыш еңбегі кемеңгерді келешек ұрпақтың да мол қазынасына ай­налдырғаны рас. Әбжіл де әдемі жа­зылған «Абыз Әбіш» зерттеу кітабы сондықтан да тылсым әсерге бөледі, сондықтан да сананы оңай жаулап алды. 

Суреткер феноменінің ең маңызды ұшы оның универсалдылығында жат­қанына көп адам көзінің тірісінде мән берді ме? Сөз жоқ, заңғар жазушылығын мойындады. Әдеби сыншылар мен әріп­тестері оның көркем шығармаларын аян­бай насихаттағанын жоққа шығаруға болмас. Дегенмен, публицистикасы мен тарих туралы толғауларында өмірді бүге-шігесіне дейін зерттеп кеткен абыздың барлық дүниесі Ұлы Жаратылыспен толық үндесіп жатқанын жетемізге жет­кізіп кім зерттеді?! Күмілжімеске амал жоқ. Аталмыш кітап Әбіштің абыздығы мен ой­шылдығын ғылыми және публицис­тика­лық тұрғыда алғаш рет жан-жақты, иін қандырып толыққанды зерттей білуі­мен жалпақ қазаққа пайдасы зор құнды еңбек екенін астын сызып айту – парыз. Осы орайда кітаптың алғысөзін жаз­ған Қазақстан Республикасының Пре­зи­денті Қасым-Жомарт Тоқаевтың ба­йып­ты баға­сына бас изеуден басқа амал жоқ: «Сауыт­бек Абдрахмановтың кітабы – Әбіш Кекіл­бай­­ұлы­ның ұлан-­ғайыр ойшыл­­ды­­­ғын ке­шен­ді түрде талдаған күрделі ең­бек. Бел­гілі қаламгердің жаңа кіта­бы әбіш­­­тану­­ды жоғары деңгейге көте­ре­тін, Кекіл­­байұлы кемеңгерлігінің көкжиегін көрсететін еңбек деп бағалауға лайықты».  Әділ сөз!

Кеше ғана әулиедей болып арамызда жүрген Әбіштің мол мұрасын қалай мәңгілік ете аламыз, ұрпақтан-ұрпаққа қалай ұлылығын дәлелдей аламыз? Сауыт­бек Абдрахмановты ең алдымен осын­дай сұрақтар ойландырғаны келісті кітап­тың әр жолынан анық сезіледі. Бұл кітап­ты жазбай тұрған кездің өзінде де автор­дың Әбіш туралы көп білетініне шек кел­тірген емеспіз. Сонау 1974 жылдан бері жалық­пай­­тын жылнамашыдай Әбіш Кекіл­бай­ұлы­ның қас-қабағынан бастап атта­ған әр қа­да­мына дейін қалт жібермей жүр­гені де қазір жұмбақ құбылыстай көрінеді. 

«Абыз Әбіш» кітабы қолымызға тигенде парасаттылықтың хош иісі аңқып тұр­ғандай әсерге тап болдық. Мұқаба­сының өзінен мұрынды жарып әкетті. Себеп? Әдетте кітап авторының аты-жөні оның атауынан биік тұратыны түсіндіріп жатуды керек етпейді. Мұнда бұлай емес. «Сауытбек Абдрахманов» «Абыз Әбіш­тен» төмен тұр. Талай нәрседе түпнұс­қа­­лыққа ұмтылатын қаламгер тағы да ори­ги­налдық қасиет танытып кетті. Жоқ жер­ден. Парасаттылық па? Иә!

Сөз жоқ, ерекше дарын иесі туралы жазу­дан асқан азап жоқ. Оның үстіне өз ұста­зың болса. Дегенмен, туындысы­ның концепциясын күнілгері әдемі жасап алған зерттеушінің формуласы кө­ңіл көкжиегіне бірден қонақтай кетті. Абыздың мысы басатыны ақиқат. Абыз­ға деген симпатиясының сыр бере­ті­ні де оқырманның оң жамбасына келе қоюы екіталай. Жөн-жосықсыз сыр­най­­­лат­­қаннан кім ұтады? Ешкім де! Әбіш Кекіл­байұлының талантына баяғыда басын иіп үлгерген оқырманды қайта селк еткізбейтін кітаптың пайдасы бола ма? Сондықтан да Әбіш табиғатын ашу үшін оның иегінің астынан қарап тұрып жазбау керек, онымен қатар тұрып жазу керек.

Жер жыртқан сайын жылтырай түсетін соқа сияқты публицист қаламының дәл осы кітаптағы іздері сүйсіндірмей қоймайды. Жасандылық жоқ. Ешқашан асыра сілтемейді. Тіл көркемдігі мен тазалығы – өз алдына бөлек әңгіме. Сара стиль бұл жолы да таңғалдырмай қалған жоқ.  Ал енді кітаптың тарауларына тақырып қою шеберлігі, кітап құрылымына тың пішін таба білу тапқырлығы да оның сақа зерттеушілігінен тағы да хабар беріп тұр. Әр сөйлемі ат құлағын теңестіргендей әдемі шыққан. Бұл кітапқа рецензия жазудың қажеті бар ма? Жоқ. Одан да мүмкіндігің болса, бұл кітапты жастанып жатып оқу керек. Мүмкіндігің болса деп тұрғанымыз, кітап бар-жоғы мың данамен шыққан. Өкінішті, әрине! Алдағы уақытта бейінді министрлік мемлекеттік тапсырыс арқылы қомақты тиражбен шығарады деген үмітіміз жоқ емес.

Автордың шынайылық шеңберінен шықпайтын шығармашылық шеберлігі кітаптың құрылымы мен мазмұнын  өзара үйлесімдіктің апогейіне асырып үлгерген. Аталмыш туындының тағы бір айтпай кетуге болмайтын артықшылығы сол, оқырман кітаптың өн бойынан  драматизм мен ішкі динамикаға толы толық бір дәуірдің шынайы картинасын көз алдына әкеледі және содан керемет ләззат алады. Әбіш жолының қаншалықты оқи­ғ­алар мен құбылыстарға толы болға­нын жүрегіңізбен сезесіз. Осы дәуірдегі Әбіш айналасындағы айтулы тұлғаларды бұрынғыдан да бетер тани түсесіз, тамсана түсесіз. Ең аяғында, жазушының, ақынның, драматургтың, философтың, аударма­шы­­ның, мемлекеттік қайраткердің, сая­сат­тану­шының, тарихшының, мәде­ниет­тану­шының, өнертанушының, әлеуметтану­шы­ның, публицистің, журналистің, ше­шен­нің таланты бір бойында тоғысқан әмбе­бап абыздың палитрасыз портретімен қайта қауышасыз. Орасан зор еңбектің тактикалық басты құндылығы осы болар. Ал стратегиялық құндылығы бұдан да алыс­ты меңзейді. Аталмыш дүние –  Әбіш Кекіл­байұлының екінші мәңгілік өмірінің қайнар бастауы.

Әбіштей абыз туралы кітапты Сауыт­бек ағаның жазғанына қуандық. Әбіш тура­лы іргелі еңбекті алдымен Абдрахманов жазуы тиіс деген ой ішімізде бұрыннан бұ­­­ғып жататын. Әбішті жазу құқығының бас патенті дәл осы авторға бұйыратыны абыз­дың көзі тірісінде-ақ бой көрсетіп тұ­ра­­тын. Оның Әбіш ағаны ерекше жақсы кө­ре­­­тінін талай байқағанбыз. Абыз туралы ма­­­қа­лалары мен сұхбаттарын да оқы­ған­­­быз. Ол жайында биік мінберде тұрып тебі­­­рене сөйлегенін де ұйып отырып тың­­­да­­ған­­­быз. Осы жайттардың бәрін­де де өзіне тән парасаттылығынан бір ай­ны­маған. Кітаптың соңғы нүктесіне дейін фактілердің пәктігі үшін жанын беріп жазып шыққан Сәукеңнің бұл кітабы – ұстамды жазып отырып та өз субъектіңнің биіктігін бағалай білудің классикалық үлгісі.

Кітапта Әбіш Кекілбайұлының қолтаң­­басын көзіміз шалып қалды: «Сонау жас кезінен бастап қазіргі кемел шағы­на дейін көзіме оттай басылып, көңі­ліме шырақ жаққандай ыстық көрі­нетін жақсы інім Сауытбекке ел сүйсі­нер азаматтың ең биік мерейлі бақы­тын тілеймін. Әбіш Кекіл­байұлы. 21.11.89». Автор отыз жылдан бері көзі­нің қарашығындай сақтап келе жатқан осы қымбат қолтаңба бізге абыздың із­ба­сар інісіне берген басалқы батасындай көрінді. Бата қабыл болғаны шығар, ел сүйсінер азаматтың ең биік мерейлі ба­қыт тұғырына көтерілген Сауытбек Абдрах­мановтың жұрт алдында бүгін абыройы асқақтап барады. Жас кезінен Әбіш­тің көңіліне шырақ жаққандай ыс­тық көрінген асыл ағамыз осы сүбелі де іргелі туындысы арқылы абыздың шырақ­шы­сы­на айналғанын аңғармау мүмкін емес.

Кесек турап, кеңінен құлаштайтын кітап­ты оқып шыққаннан кейінгі келген қоры­тынды ой: абыз туралы дәл мұн­дай­лық толымды еңбекті тек абызға тән қары­мы мен қауқары бар автор ғана жаза алса керек.

 

Шархан ҚАЗЫҒҰЛ