Құрметті Болат Шамбетов мырза! Сіздің «Egemen Qazaqstan» газетінде жарық көрген «Президентіміз қуантты, министріміз мұңайтты» атты мақаладағы пікіріңізбен Мәдениет және спорт министрлігі толық танысып шықты. Жалпы алғанда, жалақы төңірегінде айтылған пікіріңіз орынды.
Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова кадр тапшылығын болдырмау үшін сала қызметкерлерінің еңбекақысын көтеру мәселесін ұдайы көтеріп келеді. Сондай-ақ еңбекақы мөлшерінің төмендігі мамандарымыздың баспана алуына да кедергі болып келгені жасырын емес. Осы себептермен кітапхана мен музей, театр саласының тәжірибелі қызметкерлері еңбекақысы жоғары жұмысқа кетуге мәжбүр болып, кадр тапшылығы туындады. Мәдениет саласында орын алған осы түйткілді мәселені министрдің өзі ұдайы назарда ұстап, тиісті орындарда оның оң шешілуіне ықпал етуі арқасында іс алға басты.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жылғы 2 қыркүйекте «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауында Үкіметке мәдениет қызметкерлерінің еңбекақысын көбейтуді тапсырғаны белгілі. Бұл қоғам тарапынан да еліміздің руханиятына деген ерекше қолдау ретінде зор қуанышпен қабылданды. Еңбекақыны көтеру бойынша тиісті заңнамалық және құжаттық дайындықтар мен ұсынымдар министр А.Райымқұлованың қадағалауымен бірден қолға алынды.
Ең алдымен «Азаматтық қызметшілерге, мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен ұсталатын ұйымдардың қызметкерлеріне, қазыналық кәсіпорындардың қызметкерлеріне еңбекақы төлеу жүйесі туралы» Үкіметтің 2015 жылғы 31 желтоқсандағы №1193 қаулысына мәдениет саласы қызметкерлерінің жалақысына қатысты өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы ұсыныстар жасалды.
Осы ұсынысқа жергілікті атқарушы орган, яғни әр облыс әкімдіктерінен жалақыны көтеру бойынша министрлікке арнайы жоспар ұсынуды да сұратқан болатын. Нәтижесінде республикалық мәдени ұйымдардың қызметкерлеріне лауазымдық жалақының 50% мөлшерінде, ал коммуналдық (аймақтық) ұйымдардың қызметкерлеріне лауазымдық жалақының 35% мөлшерінде қосымша төлемдер белгілеу арқылы еңбекақыны көтеретін болды. Негізі министрлік мәдениет және өнер ұйымдары қызметкерлерінің жалақысын бұдан да жоғары көтеру мәселесін қозғаған еді. Алайда бұл ұсынысымыз басқа мемлекеттік органдардан қолдау таппады. Мәдениет және спорт министрлігі немесе министр жалақыны көтеру мөлшерін жеке-дара шеше алмайды. Осы тұста республиканың бюджетін реттейтін органдардың келісімі жалақы мәселесінде маңызды екенін естеріңізге саламын. Осымен тоқтап қалмай, министр алдағы уақытта да мәдениет саласы қызметкерлерінің еңбекақысын көтеруде табандылық танытатынын жеткізгім келеді.
Аймақтағы өнер ұжымдарының шығармашылық табысы, ел руханиятының өсіп-өркендеуіне қосып жатқан үлесі мен еңбегі әрдайым Мәдениет және спорт министрлігінің назарынан тыс қалмайды. Министрлік өнер ұжымдары мен нағыз талант иелерін қолдау бағытындағы жұмыстарды әлі де жалғастыра береді.