Руханият • 07 Желтоқсан, 2019

Алматыдағы Орталық музейде «Құрбан болған тұлғалар» атты көрме өтеді

365 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз орталығында Қазақстан Республикасы мемлекеттік Орталық музейінің Қазақстан тарихын зерттеу орталығы өкілдерінің қатысуымен брифинг болып өтті.

Алматыдағы Орталық музейде «Құрбан болған тұлғалар» атты көрме өтеді

Қазақстан тарихын зерттеу орталығының ғылыми қызметкері Гүлсара Жапақованың хабарлауынша, биылғы жылдың 9 желтоқсаны күні сағат 15. 00-де ҚР мемлекеттік Орталық музейінде қазақ халқының үш бәйтерегі, сталиндік зобалаңның құрбандары, артына өшпес рухани мұра қалдырған ақиық ақын, қоғам қайраткері – Ілияс Жансүгіров, қазақ әдебиетінің негізін қалаушы, мемлекет және саяси қайраткер Сәкен Сейфуллин және қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, барлық жанрды өрістетуге үлес қосқан дарынды қаламгер  Бейімбет Майлиннің 125 жылдық мерейтойына орай «Құрбан болған тұлғалар» атты көрменің ашылуы өтеді. Қазақтың белгілі үш бәйтерегімен бірге, көрмеге Тұрар Рысқұлов, Сұлтанбек Қожанов секілді ірі қайраткерлердің де өміріне қатысты тарихи құжаттар көрме сөресінен орын табады. Көрмеге келетін көпшіліктің назарына олардың пайдаланған жеке заттары, кітаптары, Президент архивінің құжаттары ұсынылады.

Қазақ тарихына қара таңба болып басылған нәубет жылдардың жаңғырығы әлі өшкен жоқ. 1930-1953 жылдар аралығында бұл зобалаңнан жалпы Кеңес Одағы бойынша 40 миллионнан астам адам құрбан болса, бәрінен көп зардап шеккен қазақ халқы болды – жергілікті ұлттың 40 пайызы жазықсыз атылды, итжеккенге айдалып, еліне оралмады. Қазақ халқының тең жартысына жуығы жер бетінен жойылып кетті. Сталиннің аса қатігездікпен жүргізген саясаты әсіресе Кеңестік жүйедегі кіші ұлттардың бәріне ауыр тиді. Жазалауға алдымен зиялы қауым өкілдері, қоғамның беткеұстар азаматтары ілікті. Елі мен жерінің келешегі үшін басын бәйгеге тіккен ұлт белсенділері халқы үшін әлі де қыруар жұмыс атқара алатын қажыры мен әлеуетінің  молдығына қарамастан мезгілсіз дүниеден өтті, ал олардың орны ұлт тарихы үшін орны толмас өкініш болып қалды. Бар өмірін қазақ халқының руханиятына арнаған тұлғалардың 125 жылдығына арналған іс-шаралар жыл бойы ел көлемінде кешенді қолға алынды. Орталық музейде ұйымдастырылып отырған көрменің негізгі мақсаты – көпшілікті 1930-1940 жылдары құрбан болған зиялы қауымның азаматтық тұлғасымен таныстыру, өзге де дара тұстарын өскелең ұрпаққа насихаттау. «Біздің музей мұндай көрмелерді дәстүрлі түрде өткізіп келе жатқанымен,  бұл ұйымдастырып отырған көрме кең ауқымды мемориалды көрме болып саналады. Бұл жолы көрмеге келгендер қайраткерлердің өмірімен, қызметімен, елдің қоғамдық-саяси, мәдени  өміріне қосқан үлесімен жан-жақты танысуға мүмкіндік алады», деді Орталық мемлекеттік музейдің ғылыми қызметкері Гүлсара Жақыпова.

Г.Жақыпованың айтуынша, көрмеге Орталық музей қорындағы І.Жансүгіровтің, С.Сейфуллиннің, Б.Майлиннің жеке кешендері, сонымен бірге олардың замандастары Т.Рысқұлов, С.Қожановтың мұрағаттан алынған материалдары қойылады. Олардың жұмыс кабинетінің көрінісі, С.Сейфуллиннің жеке мөрі, алтын сағаты, портсигары, сакваяжы және тағы басқа жеке заттары келгендердің назарын аударатыны сөзсіз.

Көрме ҚР Президент Архиві, Орталық мемлекеттік музей және «Ғылым Ордасы» Орталық ғылыми кітапханасымен бірлесіп ұйымдастырылып отыр.

 

АЛМАТЫ