Осы жолы мен жаңа мемлекетті аяғынан нық тұрғызып, 30 жылдай уақыт бойы елін өсіп-өркендеуге бастап келген Ұлт көшбасшысы туралы сөз қозғамақпын. Ол – Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев.
Қазақ елі Елбасы деп ұлықтайтын Нұрсұлтан Назарбаевтың тұлғасы Қазақстанның тәуелсіздік алған кезінен бастап кәсіби мемлекеттік аппаратты нығайту, құқықтық мемлекет құру, индустрияландыру, тұрақты және болжамды экономикалық өсу, ұлт бірлігін нығайту сияқты даму кезеңдерімен сараланады. Ол 1991 жылдың 1 желтоқсанында алғашқы бүкілхалықтық сайлауда Қазақстан Президенті болып сайланды.
Нұрсұлтан Назарбаевтың ел басқарған тұсы бір елдің тұтас бір дәуірі ретінде тарихқа енді. Ол жауапты сәттерде қажыр-қайратын көрсетіп, өз халқының жарқын болашағы үшін бар күш-жігерін, білік-тәжірибесін салды. Ұлттық рухты оятып, Қазақстанның мемлекеттілігін нығайту миссиясы қазіргі әлемдік саясат алпауыттарының бірі Нұрсұлтан Назарбаевтың иығына артылды. Қазақтар оған тәуелсіздік жылдарынан бастап жаңа елдің даму бағдарын айқындап, іргесін бекітуде зор сенім білдірді. Уақыт тезі бұл тарихи, тағдырлы таңдаудың дұрыс болғанын көрсетіп берді.
Егемендіктің негізін қалап, тиімді экономика құруда, тату-тәтті тірлік кешкен халықтың ынтымағын күшейтуде Елбасының жүргізген салиқалы саясаты, қабылдаған ұтымды шешімдері, көтерген бірегей бастамалары оны нағыз Ұлт көшбасшысы ретінде таныта түсті. Ол тізгінін ұстаған елдің әлеуеті артып, қоғамның жарқын болашаққа сенімді қадам жасауын бүкіл әлем қазақстандық барыстың серпілісі деп бағалады. Нұрсұлтан Назарбаевтың нақты жобалары, бүкіл жүйенің тұрақтылығын қолдауы, стратегиялық жоспарлауы және даму кезеңін айқындаған прагматикалық тәсілі мемлекетті қалыптастыру жолы табысты нәтижелерге қол жеткізуге мүмкіндік берді.
Осы уақыт аралығында Қазақстан экономикасы ең жылдам дамып келе жатқан елдердің бірі ретінде ерекшеленді. Тұңғыш Президенттің сүбелі үлесінің және халықтың қуатты қолдауының арқасында Қазақстанның даму моделі әлемде кеңінен тарала бастады. Бұл модель эволюциясын тереңнен тартатын мемлекеттің біртіндеп және сенімді дамуын білдіреді.
Мен Қазақстанда 2019 жылдың 9 маусымында демократиялық сайлау кезінде болдым. Сол кезде мен сайлау учаскесінде жоғары мәртебелі Нұрсұлтан Назарбаевты қарсы алып, қолын алдым. Мен халықаралық бақылаушы ретінде сайлау процесіне қатыстым және бұл саяси науқанның әділ өткенін сенімді түрде айта аламын.
Флорентин СКАЛЕЦКИ,
журналист, Румыниядағы Адам құқықтарын қорғау жөніндегі ұйымның президенті
AMOS News газеті