Үкімет басшысы Дүниежүзілік экономикалық форумның (ДЭФ) «Төртінші өнеркәсіптік революция орталығының» басшылығымен кездесіп, ДЭФ басқарушы директоры Р. Саманспен инновациялық технологияларды реттеу саласындағы ынтымақтастықтың перспективалы бағыттарын талқылады.
Кездесу қорытындысы бойынша «Төртінші өнеркәсіптік революция орталығы» мен «Астана» Халықаралық қаржы орталығының (АХҚО) арасында Заттар интернетін (IoT) дамытуда стратегиялық әріптестік туралы құжатқа қол қойылды, бұл 2020 жылы Қазақстанда төртінші өнеркәсіптік революция бойынша ДЭФ Үлестес орталығын құруға жасалған алғашқы қадам болды. Мұндай мекемелер жаңа технологиялар мен инновациялық жобалардың дамуын жүйелі мемлекеттік қолдауды қамтамасыз етуге ықпалын тигізе отырып, Израиль, Үндістан, Қытай, БАӘ, Колумбия, ОАР, АҚШ пен Жапонияда жұмыс істейді.
Премьер-Министр А. Мамин «500 Startups» венчурлық қорының басшысы К. Цаймен келіссөз өткізді, оның қорытындысы бойынша «QazTechVentures» АҚ қазақстандық ұлттық даму институтын «500 Startups» V Жаһандық қорына қосу туралы келісімге қол қойылды.
Бұл құжат болашақта Қазақстанда Тақырыптық венчурлық қор құруды қарастырады. Жоба венчурлық қаржыландыру мен инновациялық кәсіпкерліктің дамуына серпін береді, сөйтіп, стартап компанияларды венчурлық капиталмен қамтамасыз етеді.
А. Маминнің «Bright Sphere Investment Group» (BSIG) инвестициялық тобының қаржы директоры С. Ранмен келіссөз қорытындысы бойынша Қазақстандық тікелей инвестициялар қоры (KIDF) мен BSIG арасында 2020 жылы Қазақстан аумағында инфрақұрылымдық жобаларды қаржыландыру үшін бірлескен қор құруда ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.
Қазақстанда инновациялық экожүйені, венчурлық капитал мен стартап жобаларды дамыту мәселелері А. Маминнің «Plug and Play» компаниясының басшылығымен әңгімесі барысында қарастырылды, оның кеңсесін «Astana Hub» алаңында ашу көзделген.
Үкімет басшысы «C3.ai» компаниясының бас атқарушы директоры Т. Сибелмен келіссөз кезінде ҚР мұнайгаз және басқа да секторларында жасанды интеллектіні қолдануда ынтымақтастық мәселелерін талқылады.
«Cisco» трансұлттық компаниясының президенті Г. Дидрихпен кездесуде «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасында бекітілген мақсаттарға қол жеткізуде және ақпараттық технологиялар саласында ынтымақтастықтың жаңартылған стратегиясын іске асыру мәселелері қаралды.
«One Web» компаниясының бас атқарушы директоры А. Штекельмен кездесу барысында Қазақстанның аумағын, оның ішінде шалғайдағы және жету қиын аудандарды жерсеріктік байланыс арқылы жаппай жылдамдығы жоғары кең жолақты интернетпен қамту жобасын іске асыру перспективалары қаралды. Келіссөз қорытындысы бойынша АХҚО Басқарушысы Қ. Келімбетов және «One Web» басшысы А. Штекель жобаны одан әрі ілгерілету туралы құжатқа қол қойды.
«Chevron» корпорациясының барлау және кен өндіру жөніндегі атқарушы вице-президенті Д. Джонсонмен әңгімелесу кезінде Болашақ кеңейту жобасы, «Теңізшевроил» жобасында тауарлар мен көрсетілетін қызметтер бойынша қазақстандық қамтуды одан әрі арттыру, сондай-ақ қазақстандық жұмыскерлердің әлеуметтік қамсыздандырылуы мен еңбек жағдайларын жақсарту бойынша бірлескен шаралар әзірлеу мәселелері талқыланды.
«ValvTechnologies» компаниясының президенті К. Хантпен келіссөз барысында Қазақстанда мұнайгаз секторы үшін клапандар мен тиектер шығару зауытын ашу мүмкіндігі қаралды. Шығарылған өнімді болашақта «Теңізшевроил»-ды кеңейту жобасын іске асыру аясында пайдалану, сондай-ақ көршілес елдердің нарықтарына экспорттау жоспарланған.
А. Мамин «42» компьютерлік бағдарламалау мектебінің және ІТ саласындағы «Qwasar» білім беру компаниясының негізін қалаушы К. Ямгнанемен кездесу өткізіп, онымен Қазақстанның цифрлық экономикасы үшін мамандар даярлаудағы ынтымақтастық перспективаларын талқылады.
Премьер-Министр «Tesla» компаниясының кеңсесі мен зауытын аралады, онда компания басшылығымен кездесу аясында Қазақстанда жанар-жағармай құю станциялары желісін кеңейту және электромобильдер үшін сервис орталықтарын ашу мәселелері қаралды.