«Қазақстанның қазіргі өркендеп-дамуын екі тұрғыдан – материалдық және рухани жағынан алып қарауға болады. Алматы адам танымастай көркейді, қазіргі тамаша, замануи келбетіне, бабына келді. Себебі мені қаланың байырғы тұрғыны ретінде Алматының тарихын екіге бөлер едім. Алғашқы кезең – 1990 жылға дейінгі Алматы етек–жеңі жинақы, Алатаудың бауырында бұйығып қана жатқан және қазақтың болмысын бойынша сақтаған көз моншақ тәрізді сүп-сүйкімді еді. Көркі мен тазалығы ақындардың қиялына қанат бітірді. Алматының әлемді көркімен арбап алатындай қауқары бар. Әсем табиғаты мен көрікті жерлері, түрлі тарихи ескерткіштері мен сәулетті ғимараттары жетіп-артылады… «Алматыға бір келіп кеткен адам оны өмір бойы сағынып өтеді» деген пайымды Алматыға алғаш келгенде түйіп қойғанмын санама.
Қазір Алматы өзгерді: Қазіргі Алматыны мен тек Нью-Йоркпен салыстырамын. Тәкәппар. Бірақ сонымен біртұтас бір үндестікке бағынған және үйлесімділігін сақтап қалды. Бұл маған ұнайды. «Алматы» қонақ үйі маңында Шәкен Аймановтың ең көрнекі картиналарының бірі - «Тақиялы періште» фильмі түсірілген болатын. Шәкен Айманов тірі кезінде осы жерде жұмыс күнін өткізген. Шәкен ағаның мүсіні тап сол жерге орналасты. Ойдан шықты. Бұл үрдіс алдағы уақытта жалғаса береді деп ойлаймын.
Алматының мінезі кейде маған қазақтың болмысы тәрізді. Достарыммен оңаша әңгіме кезінде Алматының мінезін тек қана Премьер –министр деңгейінде қызметте болған Тұлға ғана игере алады дейтінбіз. Бұл осыған дейінгі қала басшылығында болған азаматтардың еңбегін жоққа шығару емес. Бүгінгі басшылықта отырған азаматтың еңбегіне әділ баға беру. Рухани астанамыздың тізгінін қолына алған Бақытжан Сағынтаев өнер мен мәдениетке, әдебиетке үлкен қолдау танытып отыр. Сонымен бір мезгілде Алматының ортасы немесе шеткі ауданы деп бөліп –жармай бәріне жайлы тұрмысты қалыптастыруға бел шешіп отыр. Алматының шеткі аудандарына мұншалықты көңіл бөлінген кез есімде жоқ. Мұны ашық айту керек.
1990 жылдардағы Алматы қазақтардың көп қоныстануымен есте қалды. Мұны тар жол,тайғақ кешу деп бағалауға болады.
Алматы – арман қала, әсем қала, жасыл қала, құшағы кең, ашық қала. Сондықтан осы бір алып мегаполиске ұмтылушылардың, осында өмір сүріп, қанат жайып, өсіп-өнгісі келетін отандастырымыздың көп болатыны заңдылық. Себебі алматылықтардың психологиясын кешегімен салыстыруға болмайды.
Бүгінгі Алматы жаңа көзқарастағы азаматтардың Алтын ордасы, Ақ ордасы. Қала әкімі Бақытжан Сағынтаевтың «Мен Алматы қаласына әкім болып тағайындалған күннен бастап, барлық ауданның тыныс-тіршілігімен танысып шықтым. Сонда байқағаным, қаланың орталық аудандары ғана жақсы дамыған, әлеуметтік инфрақұрылымның 70%-ы Алматы төрінде орналасқан. Соған орай қала орталығы мен шеткі аудандардағы өмір сүру деңгейінде біраз айырмашылықтар бар» деген мәлімдемесі менің ойымнан шықты. Бұл проблеманы шешу, шеткі аудандардағы жағдайды «Алматының алтын квадратымен» теңестіруге ұмтылу тәуекелі мол міндет. Сондықтан ел тізгіні – Алматы басшылығында отырған азамататтардың бастаған ісіне сәттілік тілеймін. Азаматымызға қолдау білдірейік!», деді Заида Елғондиева.
АЛМАТЫ