Қазақстан • 12 Желтоқсан, 2019

Нұр-Сұлтанда «Поэзия падишасы» атты әдеби-сазды кеш өтті

503 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Нұр-Сұлтан қаласындағы №78 мектеп-гимназияда Қазақстанның Халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, қоғам қайраткері, көрнекті ақын Фариза Оңғарсынованың 80 жылдық мерейтойына арналған «Поэзия Падишасы» атты еске алу поэтикалық, әдеби-сазды кеші өтті.

Нұр-Сұлтанда «Поэзия падишасы» атты әдеби-сазды кеш өтті

Кешке Нұр-Сұлтан қаласы Есіл ауданы мектептерінің оқушылары арасында Фариза Оңғарсынованың жарқын бейнесін дәріптеу, поэтикалық шығармаларын насихаттау мақсатында өлеңдері оқылып, ақынның сөзіне жазылған әндер орындалды. Сонымен қатар ақын туралы естен кетпес естеліктер айтылды.    

Іс-шараға танымал ғалымдар, шығармашылық зиялы қауым өкілдері - ақын, филология ғылымдарының кандидаты, Еуразия университетінің доценті Оңайгүл Тұржан, ақын Бауыржан Қарағызұлы, Мәдениет және спорт министрлігі жанынан құрылған жас ақын-жазушылар кеңесінің хатшысы, Нұр-Сұлтан қаласы Білім басқармасының қызметкері Асыл Амангелдіқызы қатысты. 

Поэзия падишасы Фариза Оңғарсынованың 80 жылдығына арнап бастауыш сыныптың 80 оқушысы ақынның 80 өлеңін оқыды. Мектеп кітапханасында «Қазақтың ақын қызы – Фариза» атты әдеби-танымдық кеш ұйымдастырылды. Қазақ тілі мен әдебиет бөлігінде Фариза Оңғарсыноваға арналған «Жыр падишасы - Фариза» атты фотоальбом шығарылып, оқушыларға ақынның мәңгілік бейнесі, өмірі мен өнерінен сыр шертілді.