Кино • 13 Желтоқсан, 2019

«Классиктің кешіккен махаббаты»

828 рет
көрсетілді
16 мин
оқу үшін

Екеуі екі бөлек әлем. Бірі – байсал тартқан орта жастың даналыққа бастаған барлық қасиеті мен мінезін бойына жинаған парасат иесі, бірі – жастықтың оты бойын кернеп, еліктей ерке мінезімен баурап тұрған сұлу бойжеткен, бірі – сырын ішіне бүккен сырбаз жазушы, бірі – студенттік өмірдің соңғы кезеңінде-ақ көз тартар сұлулығымен жұрт назарын аудара бастаған жас актриса. Бірі – от, бірі – мұз, бірі – көктем, бірі – күз, ымыраға келе алмас шарпысқан қарама-қайшылықты тізгіндеп ұстауға тырысқанымен, ең ақырында асау сезімнің алдында дәрмені құрып барып, ғашықтық дейтін ұлы күшке бағынып, алапат махаббаттың алдында әлсіздігін мойындап, тізе бүккен. Өздеріне қарсылық білдірген бүкіл әлемге қарсы тұрған ұлы махаббат еді бұл.

«Классиктің кешіккен махаббаты»

Танымал екі тұлға арасындағы махаббат хикаясының ел аузында айтылып келе жатқанына жарты ғасырдан астам уақыт өтті. Екеудің арасындағы ерте­гіге бергісіз әңгіменің бояуы бірде қалың жағылып, қа­бақ шытқызды, кейде көп сормаң­дай махаббаттардың бірі болып солғындау айтыла салды. Олар­дың құпиясын білуге құ­март­қандар сол кездің өзінде қандай көп болса, айыптағандар мен ақтағандардың сан саққа жүгірткен күбір-сыбыры одан кейін де бір сәт бәсеңдемеді. Махаббат қаһармандары қатар­дағы қарапайым адамдардың бірі емес, жасы жер ортасына ке­ліп қалған Жазушылар ода­ғы төрағасының жиырмадан жа­ңа асқан жас қызға елігуі бол­ғандықтан, бұл әдемі сезім екеудің өз арасын бұзып-жарып өтіп, күллі Одақ, тұтас Орталық Комитет, бүкіл қоғам болып ерінбей-жалықпай талқылайтын қызу тақырыпқа ұласқан болатын. Ал алыпқашпа әңгіменің жартысы – шын болса, жартысы –жалған болатыны белгілі. Мұндайда ең абзалы, сол махаббатты сомдаған кейіпкерлерінің өз аузымен айтылған шындық. «Классиктің кешіккен махаббаты» атты деректі фильмінде белгілі режиссер Сергей Әзімов қазақ әдебиетінің көрнекті қаламгері Ғабит Мүсірепов пен күні кеше ғана өмірден өткен театр және кино майталманы, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Рая Мұхамедиярова екеуі­нің махаббаты туралы баян­дағанда, осы тәсілге жүгінгені байқалды. Дәлірек айтсақ, өт­кен күннің шуақты шағы мен өкінішті сәттерін режиссер емес, Р.Мұхамедиярованың өзі баяндайды.

Режиссерге бұл фильмді түсі­ру де, актрисадан рұқсат алу да оңай бол­маған. Актриса ұзақ уақыт келісімін бермеген. Ұзақ толғаныстан кейін ғана тәуекелге бел буған. Камера алдында отырып өткенді еске алу Раяға ауыр болған, фильмге түсіп жүріп те, кейде жан толқынысын игере алмай, ұзақ мерзімге тоқтатып қоюға тура келген сәт бірнеше рет қайталанады. Қалай дегенмен, Ғ.Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдер театрының сахнасын бағындырған, түсіру алаңындағы камера алдында кейіп­кер сомдап кәсіби шебер­лікке жеткен өнер майталманы емес пе, салиқалы мінезіне жа­рас­қан салмақты ойының жігін ажыратпай, арман мен күйік аралас жан дүниесінің сырын рет-ретімен бүкпесіз, шынайы әңгімелеп беруі көрерменін сүйсіндірмей қоймайды.

Бұл адам туралы, адами намыс пен ождан туралы фильм. Бәлкім, бұл құн­дылық бүгінгі адамдарды азырақ ойландыруы мүмкін, бірақ Мүсірепов пен Мұхамедиярованың заманында нақ осы қасиеттер бәрінен биік тұратын. Төлебаев көшесіндегі музейге айналған Мүсіреповтің үйінде түсірілген фильмде дәл осы қасиеттермен байланыстырыла бірталай шындықтың бет пердесі ашылады. Фильм Рая­ның Мүсіреповті ең алғаш қалай көргенін әңгімелеуден бас­талып, соңғы рет қандай жағ­дайда қоштасқанын еске алу­мен аяқталады. Ортадағы сегіз жылға созылған отбасылық өмір­дің қуа­нышы мен қиындығы жазушының сүйіктісіне жазған хаттары мен актри­саның моно­лог-әңгімесімен қатар өріліп оты­ра­ды.

Ол екеуі 1962 жылдың көкте­мінде танысты. «Мен Жазушылар одағына Хасе­новтерге баратынмын. Ол уақытта Одақта буфет те, асханада жоқ еді, таңдайым ке­уіп, қатты шөлдедім. Су ішкім келіп, кезекшіге жақындадым. Ту сыртымнан «Қарындас, не іздедіңіз?» деген дауыс естілді. Артыма бұрылып қарасам, егделеу келген ер адам маған қарсы жымия қарап тұр екен. «Су ішкім келеді». «Жүріңіз». Мен ізінен ердім. Ол мені кабинетке бастап әкелді. Қабылдау бөлмесі. Бірден су құйылған графинге көзім түсті. Содан құятын шығар деген ишарамен қарап едім, «жоқ, жоқ, жүріңіз» деп ол жаққа бұры­лып та қарамастан, төрдегі есікті ашып, кең кабинетке алып кірді. Өз графинінен су құйып берді. Рахметімді айтып, шығып кеттім. Бірақ әрине, бұл кісінің Жазушылар одағының бірінші хатшысы Ғабит Мүсірепов екенін білмедім» деп бастайды әңгімесін актриса. Бұл кезде Р.Мұхамедиярова Шет тілдері институтынан соң үш фильмге түсіп үлгерген жас актриса. Бірақ ол кезде жасы өзінен әлдеқайда үлкен адаммен арада сезім оянуы мүм­кін деген ой үш ұйықтаса да түсіне кірмеген. Осы кездесу­ден кейін Ғ.Мүсірепов жас қызға келгіштеуді бас­тайды. Бірде ол «кейіпкерінің өзімен қатар оты­рып көргім келеді» деп жа­ңа танысқан қызды киноға ша­қырады. Ұмытпаса, «Менің атым Қожа» болатын. Әлі есінде, кинотеатрдан шыққан соң әдебиет білгірі фильмді де, актрисаны да мақтамайды, бар болғаны жас қыздың көңіліне жағатындай бірді-екілі кеңес айтумен шек­теледі. Қыз баласы жаратылы­сынан сұңғыла келеді, қара кө­зіл­діріктің ар жағынан өзіне қа­дала қарап тұратын көздердің иі­ріміне батып, кейде қанша бұлқынғанымен тереңіне тартқан иірімнен шыға алмасын сезіп, не істерін білмей, шарқ ұрып аласұратын...

Елуді еркін еңсерген ол жаңа та­нысқан сұлуға жас жігіттей елік­кенімен, алдында елпек қағуға өмірден көрген, түйгені мол сақа мінезі жібере қойған жоқ, өзін өте салмақты ұстады. Рая­ны табындырған да осы мінезі еді, жас қызға ұнаудың жөні осы деп желігіп, желпілдеп неме­се тағатсыздықтың бас­қа қырын көрсеткенінде, Рая оны сөзсіз кеудесінен кері итерер еді. Жас қыздың именіп тұра­тын ибалы, әдепті, кішіпейіл мінезіне титтей де қараулық жасамастан құрметпен қарады. Аруды асықтырмады, атақ-даң­қымен мысын баспады, алайда оның көздеген мақсатқа жету­ге жетек­тейтін ішкі табан­дылығымен ешкім теңесе алмас еді. Осы мінезі үшін Рая да оған өмір бойы риза болып өтті. Он­сыз да ширатылып тұратын маңғаз мінез жұмбағын ішке жасыра түсіп, керісінше, сол жұмбақты шешуге, сол құпияның сырын білуге Раяның өзі асық болды. Отбасылы адаммен бай­ланысудың соңы жақсылыққа апармайтынын сезетін, бұл се­зімді өршітпей өлтіре салуға, оны да, өзін де қинамау үшін, оның лауазымы мен мансабына, өзінің жаңа басталған өмір жолына сызат түсірмеу үшін қарым-қатынасты үзуге күн сайын оқталатын. Осы жолы нақты шешім қабылдады. Әдеттегідей ол көлігімен келді. Көліктің есі­гін ашып жатып байқап үл­герді – көріп жүргеніндей емес, машинаның артында отырған сүйіктісінің өңі қашып, көзі кіртиіп, жағы суалып, сүзектен тұрғандай құр кеудесін көтеріп сү­лесоқ отыр екен. Сырқат адам­ның түрі. Жүрегі шым ете түсті. Қиын болса да, қоштаспаққа бе­лін буып шыққан қыз кенет ше­шімін өзгертті: «Ғабит Мах­мудович, сіздің қайда бар­ғыңыз келеді? Жүріңіз, сонда барайық». Сол сәт өзін ғана емес, бүкіл өмір­ді оның табанының астына тастауға, жолында құрбан болуға даяр еді. Оның қоғамдағы орнын, қарттыққа қадам басқан жасын, бәрі-бәрін ұмытты. Ол өзін нағыз зиялыға тән мінезбен әдемі, адал ұстады. Сол үшін шексіз сүйді. Біріне бірі бас иді.

«Советтік семьяның шырқын бұ­затындар» қатаң жазаланатын сол ке­зеңнің өлшемімен алғанда, Мүсірепов ерлік жасады. Қоғамның өре түрегеліп қарсы тұрғанына, Орталық Комитеттің дүрсе қойып, талап еткеніне қарамастан, сүйгеніне үйленіп тын­ды. Аяғы ауыр сүйіктісінің ақ некемен босанғысы келетін тілегін жерге тастай алмады. Әрине, бұл үшін қаһары күшті Хақ­пен қатал есептесті. Талай жыл отасқан әйелі қайтыс болды. Жоғарғы Кеңестің депутаты болып жүрген жерінен мандатын өткізуге тура келді. Кеше ғана бас ұрып жүргендер тұтас теріс айналды. Осының бәрінде Рая аз «рөл» атқарған жоқ. Бірақ сүйіктісінің абыройы мен на­мысын бәрінен биік қойған Ғабең дүниені төңкеруге дайын еді. Рая мұны жүрегі мен миының әр талшығына дейін сезді. Кеше ғана кісі жерлеп тұ­рып, шанышқы мен қасықты сылдырлатып, үнсіз, көңілсіз өткізсе де, Раяның басына ақ желегін жауып, армандаған ақ көйлегін кигізіп, үйлену тойын жасады.

Жарасыммен күн кешкен­ ер­лі-зайып­тылардың арасын күн­дер­дің күнінде «Қыз Жі­бек»­ келіп бұзады деп екеуі де ой­ламаған. Бірде Ғабең жас келін­шегіне дастарқан жайып қоюды тапсырып, кешке үйге өзімен бірге режиссер Сұлтан Қожықовты ертіп, оралады. Жұп болып қатар өмір сүруді бастаған жазушы өнерде де онымен қол ұстасып қатар жүргісі келетінін, бірі – әдебиетте, бірі – өнерде «Мү­сірепов – Мұхамедиярова» деген әдемі шығармашылық үйлесім жасау ойында барын, ол үшін екеуіне арнап «Қыз Жі­бекті» жазып жатқанын Раяға сан мәрте айтқан-ды. Фильм сценарийін талқылауды үйге келіп жалғастыратын Сұлтан досы келгенде Рая да жаны қал­май күтіп, бал татыған бар тәтті-дәмдісін алдына тоса­­тын. Фильмнен рөл алатын жұл­дыз­­ды сәтін тағатсыздана кү­тіп,­ «киносынаққа мені қашан ша­қырар екен?» деп тықыр­шып жүрген Рая сынақтың әлдеқашан аяқталып, рөлге басқа актрисаның бекітілгенін естігендегі күйін көз алдыға елестетудің өзі қиын. Сценарийін Ғ.Мүсірепов жазып, фильмді С.Қожықов түсіргенімен, кілең әдебиет пен өнердегі мықтылар араласып, алкеу­де актерлер шо­ғы­рынан тұратын фильмге екеуінің де билігі жүр­мей қалғанын тек сол кезде бір-ақ бі­леді. Бақтың бұйырмай, қолынан сусып түс­кенін мінезді сұлу кешіре алмайды. Әмірі жүріп тұрған әдебиет алыбының, күйеуінің көмектесе алмағанына қатты күйінеді, осыдан бастап кеудесін ыза мен реніш кернеп, пайда болған салқындық сезімі араларын суыта түседі. От басы, ошақ қасынан ұзай алмай, бес жылдан бері бала бағып, үйде отырған келіншектің жұмыс істеймін деген арманы іске аспай, ол мұны сатқындықтан бір мысқал кем санамайды. Рая ТЮЗ-ге барып, жұмысқа қабылдауын сұрайды. Театрдағы жұмысы мен үй тірлігінің арасындағы күнделікті сабылыс бап пен күтімге үйренген классикке онша ұнай қоймайды. Тығырыққа келіп тіреліп тұрған қарым-қатынасты жаймашуақтауға табиғатынан қайсар, өткір жаралған Рая кейде тырысса да, кейде тәкаппарлығы жібермей қалатын. Екіжүзділікке салынып, өзін де, оны да алдап өмір сүруге дәті жетпейтінін білді. Соңы қайтсе де апатқа алып келетіні айтпаса да түсінікті болып қалған отбасылық өмірде пайда болған күдік пен күмәнді сейілтуге қанша жерден жанын салып, күресіп жеңбек болса да, түптің түбінде күрестің өзі де мағынасыздыққа айналып, нәзік жіпке ғана ілініп тұрған жұбайлық өмір кенет үзіліп сала береді...

...Ал кейін үлкен қызы Гау­һар тұр­мысқа шығады. Ғабит Махмұтұлы күйеу баласы Нұржанның ата-анасымен жас күнінен жақсы сыйласып араласқан екен. Үйлену тойына шақырылған қо­нақтардың арасында көзіне кереқарыс шынысы бар көзілдірік киген, таудай тұлғасы бір уыс болып шөккен кіш­кентай ғана қарт адамның Нұр­жанға 500 сом ақша беріп жатқанына көзі түсіп кеткен Рая «о-о-о, мұншама көп ақша ұсынатын неткен жомарт жан еді, бұл өзі кім болды екен?» деп бетіне қарағанда, Ғабит Махмұтұлын танып, сілейіп тұрып қалады. Жұрт арқа-жарқа болып қуанған дүбірлі тойда Мүсірепов жас күніндегі құралай көз келіншегінен жанарын аудармай қарайды да отырады. Той үстіндегі қылығы шымбайына қаттырақ батып кетсе керек, үйіне келгеннен кейін әйелі Ғазиза ұрыс-керіс шығарып, Мүсіреповті итеріп жібереді. Қа­йың қабығындай салмағы жоқ қарт жазушы қалт-құлт басып, қалбалақтап барып құлайды. Басымен жер сүзе құлаған ол есінен танып қалады. Жедел жәрдем шақырылып, жазушы ауруханаға түседі. Ақын Әбділда Тәжібаев Раяға телефон соғып: «Ғабеңнің дәм-тұзы таусылуға шақ қалған сияқты, егер онымен кездескің келсе, бүгін ауруханаға кел», дейді. «Палатаға келсем, бір топ адам бар екен. Бәрімен амандасып, Ғабит Махмұтұлының жанына келдім. Қолынан ұстадым. «Сен кімсің?» деді. «Мен Раямын». «Рая-я-я!» Әппақ кереуетте жатқан ол есін жинағандай, арып, еті қашқан саусақтарымен менің қолымды әлсіз ғана қыс­қандай болып, сілкігісі келді. Ол қолын маған қарай созды. Ғабит Махмұтұлының қолын өзіме қарай тартып, кеуде тұсыма ұстап, қаттырақ қыстым. Көрмесе де, көзін маған қарай бұрды. Ол мені анық көрді деп ойламаймын. Соншама әлсіз, жұмсақ даусымен «Рая, сау-сәләмат бол» деді. Бұл Ғабит Мүсіреповтің ең соңғы сөзі болатын».

Ел билеген Есенейді естен тан­дырған Ұлпан сияқты ұлы Мүсіреповті ғашық еткен ботадай көздерде батпандай мұң үйіріліп тұрса да, кірпігін қақса болды, өзі-ақ сөйлей жөнелетіндей, көп тұсында тілдің тіпті керегі де болмаған фильм бар шындықты толғады. Бір жақты шындық деп ешкім айта алмайды. Өмірден әлдеқашан өткен Ғабиттің орнына жалғандығы, жасандылығы жоқ хаттары сөйледі. Тағдырдан қандай ауыр теперіштер көрсе де, аяулы хаттардың лапылдай жанған оты өмірін жарық етті, маздаған шоғына жасыған жанын мәңгілік жылытып өтті. Бұл – ұлы махаббат күші.

 

АЛМАТЫ