Руханият • 13 Желтоқсан, 2019

«Жомарт жүрек» сыйлығының лауреаттары марапатталды

706 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Нұр-Cұлтан қаласында «Жомарт жүрек» байқауының лауреат­тарын салтанатты марапаттау рәсімі өтті.

«Жомарт жүрек» сыйлығының лауреаттары марапатталды

«Рухани жаңғыру» бағдар­ламасының аясында Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі ұйымдастырған бірегей жобаның негізгі мақсаты –қайырым­ды­лық қызмет идеяларын, мецен­аттықты және филантропияны насихаттау.

Сыйлықты тапсыру рәсімі­не туған жерін, өскен өлкесін дамытуға қатысқаны үшін биз­нес-құрылымдардың, ҮЕҰ, ерік­тілер мен қайырымдылық көмек көрсетушілер арасынан 50 өкіл марапатталды. Сыйлық «Жыл меценаты», «Жыл тұлғасы», «Туған өлке», «Ерен ерлігі», «Үздік ұйым» аталымдары бо­йын­ша табыс етілді.

Туған өлкесінде ірі әлеу­меттік жобаларды іске асыр­ғаны үшін, аз қамтылған, көп ба­лалы отбасыларға, жетім балаларға және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған бала­ларға, мүгедектерге, ҰОС ар­да­герлеріне, зейнеткерлерге өтеусіз көмек көрсеткені үшін «Жыл меценаты» номинациясы бойынша «Gaz stroy montazh KZ» ЖШС құрылтайшысы (Атырау облысы) Ерлан Та­былдиев және «Зенченко и К» шаруа қожалығының директоры (Солтүстік Қазақстан облысы) Геннадий Зенченко жеңімпаз атанды.

«Жыл тұлғасы» номинациясы бойынша белсенді азаматтық ұстанымы, түрлі бағыттағы кең ауқымды қайырымдылық қыз­меті үшін Жамбыл облысы­ның паралимпиадалық чемпионы Зульфия Ғабидуллина, анестезиолог-дәрігер, кәсіпкер, «Emodji» әлеуметтік кафесінің иесі Азамат Базылов марапатталды.

Елді мекендерді абаттан­дыруға, саябақтарды, аллеяларды, ескерткіштерді, балалардың ойын алаңдарын қайта жаңартуға және салуға, денсаулық сақтау, мәдениет, білім беру және спорт саласында «Туған өлке» номинациясы бойынша демеуші­лік көмек көрсетуге бағыттал­ған әлеуметтік жобаларды іске асырғаны үшін жеңімпаздар­дың бірі «Алматы менеджмент университеті» ҚБ президенті, Қазақстанның Азаматтық альян­сының президенті Асылбек Қо­жахметов болды. Сондай-ақ осы номинацияда Маңғыстау облысының кәсіпкері Нұржан Еділов жеңімпаз атанды.

Әлеуметтік маңызы бар жобаларды, қайырымдылық жобаларды тиімді іске асыруда, қайырымдылық көмектің жаңа тиімді нысандарын енгізуде және қоғамдық маңызы бар іс-шараларға бас демеушілікте «Үздік ұйым» аталымы бойынша «Қазфосфат» ЖШС жеңімпаз атанды, ұйым басшысы – Мұқаш Искандиров. Сонымен қатар, осы номинацияда Айдын Рахымбаев басшылық жасайтын «BI Group» ірі инвестициялық-құрылыс хол­дингі жеңімпаз болды. 

Волонтерлік қызметке бел­сенді қатысқаны үшін «Ерен ерлігі» номинациясы бойынша сыйлық иегерлерінің бірі Арман Қасымов болды.

Арман «Өмірзақ-Сервис» мұнай компаниясында жұмыс істейді, белсенді волонтер, Атырау жедел жәрдем стансасында 10 жылдан астам уақыт бойы волонтер болып жұмыс істей­ді. Сондай-ақ, Арман жыл бойы денсаулық сақтау сала­сы­на волонтерлерді тарту үшін, оның ішінде хоспистер­ге, онколо­гиялық диспансер­лерге көмек көрсету үшін «Birgemiz: Saýlyq» жалпыұлттық жоба­сының амбассадоры болады. Жоба еріктілер жылын өткізу ая­сында іске асырылады.

Сондай-ақ осы номинацияда «Сағымбай» шаруа қожалығы  басшысы Сағынбай Уабов (Пав­лодар облысы) жеңімпаз атанды.

Әр номинация бойынша «Жомарт жүрек» сыйлығының 10 лауреаты марапатталды.

Жеңімпаздар http://jomartjurek.com сайтта ашық дауыс беру қорытындысы бойынша анықталды.