Салтанатты шараға Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары – Хатшылық меңгерушісі Жансейіт Түймебаев, Парламент Мәжілісінің депутаттары, мемлекеттік орган өкілдері мен қоғам қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері, Ассамблея мүшелері және БАҚ өкілдері қатысты.
– Ата-бабаларымыз ғасырлар бойы аңсаған Тәуелсіздік орнаған күн – еліміздің ең қастерлі мерекелерінің бірі. Бұл мереке – ұлан-байтақ Қазақстанды мекен еткен барша жұртты бауырластыра түсетін, оларды Отанымыздың өркендеуі үшін жұмылдыра түсетін айтулы дата. Осы күн қарсаңында экономиканың әр саласында қолға алған бастамалардың нақты іске асуы, биік нәтижелерге қол жеткізілуі, жобалардың ел қуатын арттыруға қосқан үлесі туралы есеп беріліп жатады. Бұл – Тәуелсіздік жылдарында қалыптасқан дәстүр. Сондай-ақ заңмен ұлттық мереке деп жарияланған бұл күні ерен еңбегімен, ғажайып өнерімен, толағай табыстарымен ерекшеленген азаматтарымызды марапаттау да дәстүрге айналған, – деді Жансейіт Түймебаев.
Шара аясында бірқатар азаматтар экономиканы, әлеуметтік саланы, ғылым мен мәдениетті, білім беру ісін дамытуға сіңірген еңбектері үшін, мемлекеттiк органдардағы мiнсiз қызметi және белсендi қоғамдық қызметтерi үшiн «Құрмет» орденімен, «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды. Сондай-ақ ел бірлігін, бейбітшілік пен келісімді нығайтуға, рухани мәдениетті дамытуға қосқан үлестері үшін отандастарымызға «Қазақстан халқы Ассамблеясының қоғамдық «Бiрлiк» алтын медалi» табысталды. Олардың қатарында «Egemen Qazaqstan» республикалық газеті» акционерлік қоғамының басқарма төрағасы Дархан Қыдырәлі де бар.
Елбасының тапсырмасы бойынша Қазақстан халқы Ассамблеясы қызметінің негізгі бағыттарының бірі – қайырымдылық ісін дамыту. Қоғам дамуының қайырымдылық векторын жандандыруға, меценаттық және қайырымдылық қызметті дамытуға еңбек сіңірген азаматтар Қазақстан халқы Ассамблеясының «Жомарт жан», «Мейірім» төсбелгілерімен марапатталды. «Мейірім» төсбелгісіне иелік еткендер қатарында «Egemen Qazaqstan» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары – бас редактор Айбын Шағалақ, газеттің шолушылары Сұңғатолла Әліпбай, Александр Тасболатов, Қарашаш Тоқсанбай болды.
Ал қоғамдық келісім мен қазақстандық патриотизмді нығайтуға елеулі үлес қосқан тұлғалар Қазақстан халқы Ассамблеясының Құрмет грамотасына, Алғыс хатына ие болды.
Жансейіт Түймебаев аталған іс-шараның алдында «Egemen Qazaqstan» газетінің редакциясында қонақта болып, басылым ұжымын Тәуелсіздік күнімен және «Егеменнің» 100 жылдық мерейтойымен құттықтап, бірқатар журналисті марапаттады.
«Egemen Qazaqstan» газетінің мерейтойы жыл басынан бері тойланып келеді. Бүгін қарашаңыраққа келіп, газет ұжымын арнайы құттықтауды жөн көрдік. «Егемен» республикамызда шығатын барша басылымның бастаушысы, ұзақ жылдардан бері қазақ халқының мүддесін қорғап келе жатқан бірден-бір газет. Осы жолда қызмет етіп, жазып жүрген, техникалық жағынан қамтамасыз ететін азаматтардың еңбегі зор. Сіздердің ерен еңбектеріңіз үшін алғыс білдіремін, бастысы зор денсаулық, отбасыларыңызға амандық және шығармашылық табыс тілеймін», деді Ж.Түймебаев.
Сондай-ақ бірқатар журналист Қазақстан халқы Ассамблеясының марапатына ие болды. Ұлтаралық келісім мен жалпыұлттық бірлікті нығайтуға үлес қосқаны үшін «Egemen Qazaqstan» газетінің шолушысы Анар Төлеухан мен журналист Майгүл Сұлтан «Мейірім» төсбелгісімен марапатталды. Сондай-ақ, газет қызметкерлері Бекен Қайратұлы, Берік Садыр, Жылқыбай Жағыпарұлы, Арнұр Асқар, Орынбек Пазылов, Еркежан Айтқазы және Светлана Ғалымжанқызына алғыс хаттар табысталды.
Рауан ҚАБИДОЛДА,
Меруерт БҮРКІТБАЙ,
«Egemen Qazaqstan»