Қоғам • 13 Желтоқсан, 2019

Жайдарманның мерейтойлық өнер кеші өтті

382 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Елордада Nur Otan партиясы жанындағы Jas Otan жастар қанатының қолдауымен республикалық Jaidarman фестивалі өтті. Елбасы жариялаған Жастар жылының, Nur Otan партиясы мен қазақ КВН-нің 20 жылдығына орайластырылған кешке барлығы 10 команда қатысты. Олардың арасында мектеп, колледж командалары, республикалық жоғары лига жеңімпаздары мен ардагер ойыншылардан бөлек, Моңғолия құрамасы да бар.

Жайдарманның мерейтойлық өнер кеші өтті

Тапқыр да талантты жастар­дың ойынын тамашалау үшін бұл кешке Nur Otan партиясы Төр­ағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек пен пар­тияның елордадағы филиалының төрағасы, Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов келді.

Алдымен жастарды Тәуелсіз­дік күнімен және қазақ КВН-нің 20 жылдығымен құттықтаған Бауыр­жан Байбек жетекші пар­тия тарапынан жастардың бар­лық бастамаларына қолдау күше­йетінін ерекше атап өтті.

«Қай кезеңде де жастар – жаңалық атаулының жаршысы, елдің белсенді де креативті бөлігі. Сондықтан да Елбасы, Nur Otan партиясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев жастар – еліміздің қазіргі әлемдегі бәсе­кеге қабілеттілігінің негізгі фак­торы екенін баса көрсетіп, жас­тарға ұдайы қамқорлық танытып келеді. Биылғы жылды арнайы Жастар жылы деп жариялады. Бұл – Nur Otan партиясының да басты басымдықтарының бірі. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жыл «Волонтер жылы» деп жариялағанын біле­сіздер. Еріктілер қызметіне өз­деріңіздей жастардың қатысу ая­сын кеңейтуге партияның Jas Otan жастар қанаты белсенді атсалысатын болады.

Nur Otan партиясы – қоғам­дық ұйым ғана емес, саяси күш. Сондықтан Nur Otan партиясының басты мақсаты – азаматтар­ға әлеуметтік лифтілерді беріп, билікке дарынды, білімді және елін сүйетін жандарды көтеру. Елбасы мәслихаттардың 20 па­йызын жастар құрауы керек деген тапсырма берген болатын. Біз партия тарапынан дарынды жастарға болашақта мемлекет өміріне араласуға жол ашамыз», деді ол өз сөзінде.

Маусымдық қорытынды кеште сөз алған Нұр-Сұлтан қала­сы­ның әкімі Алтай Көлгінов Жастар жылы мәре­сіне жеткенімен, жас­тарға көрсетілетін қолдау тоқ­тамай­тынын тілге тиек етті. Ол өз сөзінің дәлелі ретінде күрделі жөндеуден өткеннен кейін, келер жылы елордадағы Жастар сарайы жайдарманшыларға берілетінін айтты. Енді мектеп жасындағы жас жеткіншектерден бастап студент жастарға дейін өз өнерлерін ұштап жүрген Жайдарман ойындары осы ғимаратта өтеді.

Nur Otan партиясы жанын­дағы Jas Otan ЖҚ қазақ тілді жас­тар­дың мәселесін ұтымды әзіл арқылы сараптап жеткізетін Жайдарман ойындарына 2014 жылдан бастап қолдау көрсетіп келеді. Осы жылдар аралығын­да қазақ жастарының сүйікті алаңына айналған қазақ­тілді КВН халықаралық деңгейге жетіп, қазір мұнда алыс-жақын шетел­­дердің командалары да табысты өнер көрсетіп жүр.

Айта кетейік, Nur Otan пар­тия­сының қолдауымен, осыған дейін ұлттық спорт саласындағы үздіктерді анықтайтын «Алтын тұғыр – 2019» кеші, сондай-ақ, жыршы-термешілердің «JYR AMANAT» концерт-спектаклі өтті. Бұдан өзге, биыл күзде елі­міз­дің бірқатар өңірінде айтыс фес­тивалдері ұйымдастырылды. Айтыс өнерінің додасы 16-17 жел­тоқ­санда Орал қаласында өтетін «Алтын домбыра» рес­пуб­­ли­калық фестивалінде мәре­сіне жетеді. Сондай-ақ Nur Otan пар­тиясының жанындағы «Мирас» республикалық қоғамдық кеңесі мүшелерінің бастамасымен мем­лекеттік тілді дамыту тетік­терін пысықтау үшін арнайы комиссия құрылғанын да айта кеткен жөн.