Медицина • 19 Желтоқсан, 2019

Тәжікстанда Қазақстан медицинасы күндері басталды

180 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Бүгін Душанбеде Қазақстан медицинасының күндері басталды. Екі күндік шараға еліміздің Денсаулық сақтау вице-министрі Олжас Әбішев бастаған 30-дан астам делегат қатысып отыр. Олардың қатарында отандық жетекші медициналық ұйымдар мен клиникалардың бірінші басшылары, санаторлық-курорттық ұйымдардың қызметкерлері, фармкомпаниялар, медициналық университеттердің ректорлары бар.

Тәжікстанда Қазақстан медицинасы күндері басталды

Екі мемлекеттің денсаулық саласындағы ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған шараның бірінші күні форум мен қазақстандық медицина жетістіктерінің көрмесі өтеді.

Форум барысында Қазақстандағы медицина саласындағы реформалар, практикалық медицинада қолданылатын инновациялар мен озық технологиялар таныстырылып, отандық медицинаның мүмкіндіктері мен жетістіктері баяндалатын презентациялар жасалынатын болады. Тараптар өз тәжірибелерімен, инновациялық және технологиялық жетістіктерімен алмасады. Диалогтық алаңда медициналық туризмді дамыту, ана мен баланың денсаулығын қорғау, репродуктивті хирургияның жетістіктері, кардиология саласында заманауи технологияларды қолдану, кардиохирургиялық қызметті дамыту және денсаулық сақтау саласын цифрландыру және т.б. медицинадағы өзекті мәселелер талқыланады.

Ертең Душанбедегі жетекші медициналық ұйымдарында шеберлік сыныптары мен консультациялар өткізіледі.

Форумға Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығының Басқарма төрайымы Риза Боранбаева, орталықтың білікті дәрігері Рүстем Бишманов қатысуда. Орталық делегаттары сапар барысында кеше Республикалық онкологиялық ғылыми орталығында болды. Кездесу барысында Педиатрия орталығының басшысы Р.Боранбаева «Қазақстандағы Педиатрия — мүмкіндіктері мен келешегі» тақырыбында таныстырылым жасап, Тәжікстан онкологиялық орталығының қызметімен танысты.