Аймақтар • 19 Желтоқсан, 2019

Зағип жандар кітапханасында «Қазақтың бұлбұлы» әдеби кеші өтті

342 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Зағип және нашар көретін азаматтарға арналған республикалық кітапханада өнер және спорт әдебиеттері бөлімінің ұйымдастыруымен  кітапхананың жеке қызмет көрсету бөлімінде  «Болашақққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында қазақтың бұлбұлы Бибігүл Төлегенованың 90 жылдық мерейтойына  орай әдеби кеш өтті. Кеш барысында Бибігүл  Төлегенованың шығармашылығынан деректі фильм көрсетілді.

Зағип жандар кітапханасында «Қазақтың бұлбұлы»  әдеби кеші өтті

Салтанатты кешке Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясынан Дана Роселбаева жетекшілік еткен шәкірттері  келіп, өнер көрсетті.

Кеш барысында қазақтың халық әні  «Гаухартас» пен Л. Хамидидің «Бұлбұл» әндерін Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының 2 курс студенті, «Ермек Серкебаев атындағы Қазақ өнері мен мәдениетін қолдау» қорының өкілі және стипендиаты, Бибігүл Төлегенова атындағы Х шы халықаралық байқау жеңімпазы Мадина Оразбай орындаса,  халық әні «Сұршақыз», А. Гуриловтің «И скучно и грустно» әндерін 2 курс студенті, республикалық және халықаралық конкурстардың жеңімпазы  Жандарбек Еркинбаев, ал  Н. Тілендиевтің «Ақ шағала», Д. Кабалевский «Весна»  әндерін 2 курс студенті, республикалық олимпиадалар мен конкурстардың лауреаты Меруерт Уәли, Н. Тілендиевтің «Жан сәулем», С. Рахманиновтың «Как мне больно» әндерін 2 курс студенті, республикалық және халықаралық конкурстардың лауреаты Аманбай Нұрғалым, Н. Тілендиевтің «Қарлығаш туралы ән», М. Төлебаевтың «Бақыт вальсі» әндерін Құрманғазы атындағы 2 курс студенті, республикалық және халықаралық конкурстардың лауреаты Абрейим Азиза орындап, оқырмандардың ықыласына бөленді.

Мерекелік кешінде  кітапхана директоры Асхат Байұзақов келген қонақтарға алғыс білдіре отырып, Бибігүлдей қазақтың әнші қызының ғажайып әндерін орындаған Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының  ұжымына, әншілеріне үлкен алғысын білдіріп, өнерпаздарға кітапхана атынан Алғыс хат табыс етті.

Өнер және спорт әдебиеттері бөлімінің қызметкері Назым Момбекованың айтуынша, кітапхана оқырмандарын осындай әдемі кештермен қуантып отыру дәстүрге айналған. Айналасынан мейірімділік пен қамқорлықты күтетін зағип жандар үшін кітапханадағы әрбір шара қуаныш пен шаттық сыйлайды.