Заң жобасы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентінің 2018 жылғы 5 қазандағы Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру жөніндегі Жалпы ұлттық жоспарды, «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Шетелдік инвесторлар кеңесінің 9-шы жалпы отырысында берілген хаттамалық тапсырманы орындау үшін әзірленген болатын. Хаттама бойынша АХҚО мемлекеттік органдармен бірлесе отырып, Дубай қаласындағы Халықаралық қаржы орталығының үлгісі бойынша инвестициялық резидент қағидасын енгізу мәселесін қарау тапсырылды.
Заң жобасын әзірлеудің мақсаты еліміздің негізгі қаржы тұғырнамасы ретінде АХҚО-ның жылдам қалыптасуы мен дамуын қамтамасыз ету және инвестицияларды тарту үшін оның юрисдикциясын пайдалану болып табылады.
Заң жобасында «инвестициялық резидент» ұғымын енгізу көзделіп отыр, сондай-ақ инвестициялық резиденттерге берілетін талаптар мен жеңілдіктерді реттейді.
«Инвестициялық салық резиденттігі бағдарламасы» ұғымы енгізіледі. Бағдарламада инвестициялаудың көлемі мен құралдары, инвестициялық салық резиденттігін алу рәсімдері айқындалатын болады.
Заң жобасында бюджеттен АХҚО-ны қаржыландыруға арналған нысаналы аударымдарды қосымша құн салығынан босату ұсынылады. Сондай-ақ резидент еместердің АХҚО үшін көрсетілген қызметтері/жұмыстары мен АХҚО қатысушыларының қызметтерін қосымша құн салығын салуға жататын айналым деп есептемеу ұсынылады.
Одан басқа, заң жобасымен «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» (Салық кодексі) Қазақстан Республикасы кодексінің ережелеріне сәйкес, «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық Заңындағы жалпыға бірдей декларациялауды енгізу мерзімдерін 2020 жылдан 2021 жылға ауыстыру бөлігіне өзгерістер енгізіледі.
Заң жобасы Палатаның қарауына берілді.