Парламент • 26 Желтоқсан, 2019

Білімді ел – білікті ел

1813 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Көне дәуірдегі қытай ойшылы Лао-цзы біздің дәуірімізден бұрынғы V ғасырда «мыңжылдық жол бірінші қадамнан бас­та­лады» деген екен. Елбасы Н.Назарбаев Мәңгілік қазақ елі­нің болашақ дамуының бірінші қадамынан бастап, ұлттық құн­дылықтарды сақтай отырып, экономиканы қалыптастыру, өн­дірісті дамытуды қолға алды.

Білімді ел – білікті ел

Өркениетті 50, содан кейін 30 елдің қатарына қосылу мұра­тын ұсынды. Оны жүзеге асы­ратын озық ойлы, ғылымы мен білімі дамыған ел болу қажет болды. Сондықтан да еге­мен­діктің, Тәуелсіздіктің ал­ғаш­қы қадамдарынан бастап Н.Назарбаев ғылым мен білім саласын қатар дамыту қажеттігін айтты. Білім жүйесін реформалау арқылы Қазақстанның нақты замана сұраныстарына жауап бере алатын мемлекетке айналатынына сенім білдірді. Экономика мен қоғамды модернизациялау үшін ең әуелі білім жүйесін нарықтық қатынастарға бейімдеп даярлау қажет еді. Осылай, Тәуелсіздіктің алғашқы күнінен бастап білім мен ғылым мемлекеттік саясаттың басым ба­ғыттарына айналды.

Қазақстанның Тұңғыш Прези­денті – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың Тәуелсіздік жылдарындағы білім мен ғылым жүйесін дамытудағы рөлін түсіну үшін, оны кезең-кезеңдермен қарастырған жөн болар деп пайымдаймын.

Бірінші кезең, ХХ ғасырдың 90-жылдарының басынан басталады. Ең алдымен, дербес мемлекет құру, қоғамды ортақ ұлттық мұраттарға жетелеу, экономиканы түбегейлі қайта құру мәселесі шешілуі тиіс болды.

Экономиканың қиындығы­на қарамастан осы сын сағатта, Ел­басының берік ерік-жігері­нің ар­қа­сында білім саласында әлем­де теңдесі жоқ жоба жү­зеге асы­рыла бастады. 1993 жы­лы «Болашақ» бағдарлама­сы қабылданды. Қазақстанның талантты қыз-жігіттері әлемнің ең озық университеттеріне оқуға жіберілді. Олар тәуелсіз мем­ле­кеттің болашақ кадрлық сая­сатының арқауына айналды.

Бұл бағдарламаға кезінде секемдене қараған адамдар да, ой-пікірлер де болды. Президент Н.Назарбаевтың сол кездегі кемел ойының нәтижесі қазір ай­қын көрініп отыр. «Болашақ» бағ­­дарламасын бітіріп келген 13 мыңнан астам қыз-жігіт бү­гінде республиканың сая­си-эко­номикалық, әкімшілік бас­қару жүйелерінде абыроймен еңбек етіп жүр. Жоғарыдағы ке­зеңде 1992 жылы «Білім туралы», «Жоғары білім туралы» заң­дар қабылданды. Осылай білім саласында маңызды инсти­туционалдық қадамдар жасалды.

Білім саласында жекеменшік оқу орындары ашылды. Қысқа мерзім ішінде білім беру қыз­меті қалыптасты. Нақты бәсе­ке­лес­тік пайда болды. Білім ме­ке­мелерінің дербестігі мен ат­қару­шы биліктің құзыреті нақ­тыланды.

Екінші кезең, өткен ғасыр­дың 90-жылдары мен жаңа ғасырдың алғашқы бес жыл­дығын қамтиды. Бұл кезеңде жаңа стратегиялық бастамалар өмірге келді. 1997 жылы Ел­ба­сы Н.Назарбаев еліміздің 2030 жылға дейінгі даму стратегия­сын жа­риялады. Білім беру жүйесі бұл жобада мемлекеттің бәсекеге қабілетті болуының маңызды бағыттарының бірі ретінде қарас­тырылды.

1997-2002 жылдардағы орта білім беру саласын ақпарат­тандыру жүйесі бағыты бойын­ша мемлекеттік бағдарлама ой­дағыдай жүзеге асырылды. Сондықтан техникалық және кәсіби білім беру саласы да 2001 жылы толықтай ақпараттандыру қалпына көшті. Шындығына келгенде, Қазақстан ТМД елдері ішінде 2001 жылы-ақ мектеп­терді 100 пайыз компьютермен қам­тамасыз етті.

Дәл осы жылдары тағы бір Президенттік жоба қабылданды. Талантты балаларды қолдау үшін «Дарын» бағдарламасы өмірге келді. Осылай Қазақстанда талантты оқушылар үшін жүзден астам «Дарын» мектептері жү­йесі қалыптасты.

1999 жылы қабылданған тәуелсіз тестілеу саясаты талап­кер­лердің біліміне қарай оқуға қабылдануына және грант­тық қаржыландыруға ілігуіне мүм­­кіндіктер берді. Бұл әділ, ашық таңдаудың арқасында тұр­­ғылықты жеріне қарамастан сту­денттер шоғырын жасақтауға мүмкіндік берді. Сайып келгенде тұңғыш қа­былданған мемлекеттік бағдар­ламалар ұлттық білім беру жү­йесін модернизациялауға жол ашты. Бұл 2005-2010 жылдарды қамтыды.

Үшінші кезең, 2006 жыл­дан бүгінгі күнге дейінгі кезеңді қам­тиды. Бұл кезеңде Қазақстан қоғамының бүкіл жүйесі өзге­ріске ұшырады. Жаңа зама­науи талаптарға сәйкес қоғамның бар саласы жаппай дами бас­тады. Білім беру саласы да оң өзгерістерге бет бұрды. Әлемдік брендті жаңа университет құру қажет болды. 2006 жылы Тұңғыш Пре­зидент Н.Назарбаевтың Жар­лығымен «Назарбаев Универ­ситет» шаңырақ көтерді. Бұл күн­де ол әлемнің таңдаулы оқу орын­дарының біріне айналды. «Оксфорд», «Кембридж», «Сорбонна», «МГУ» секілді бренд­ке ие болған университет түлек­­тері білім мен ғылым саласында абыройлы еңбек етіп жүр.

2010 жылы Қазақстан Болонья декларациясына қол қойды. Бұл еуропалық білім жүйесінің Қазақстанда орны­ғуына, қалыптасуына жол ашты. Қазақстан жоғары оқу орындары үш сатылы білім беру жү­йесіне толықтай көшті. Бакалавр-магистр-PhD.

Орта білім беру саласы да оңды өзгерістерге ұшырады. «Назар­баев зияткерлік мектеп­тері» қалыптасты. Бұл қазақ­стандық мектептердің болашақта үлгі боларлық жүйесіне айналды. Міне, Қазақстанның Тұңғыш Президентінің орта мектеп пен жоғары білім беру жүйесін модернизациялауы нәтижесінде қазақстандық білім беру жүйесі халықаралық талаптар деңгейі­не көтерілді. Оған мына мысалдарды айтсақ та жеткілікті. ЮНЕСКО-ның білім беру ин­дексі бойынша Қазақстан 2007 жылы 4-орынға, 2008 жылы 7-орынға, 2009 жылы 1-орынға, 2010 жылы 4-орын­ға ие болды. Ал 2010-2019 жыл­дар­дағы көрсеткіштер де қуанарлық.

Қазақстандық оқушылар пән­дік олимпиадаларда алтын медальдармен марапатталуда.

Әрине, Тәуелсіздік Қазақ­стандағы білім беру саласын әлем­дік деңгейге көтеруге мүм­кіндік берді. Бұл жүйе де одан әрі дами түсуде.

Қазақстан Президенті Қ.Тоқаев, Қазақстанның Тұң­ғыш Президенті – Елбасы Н.Назар­баевтың сенімді саяси серігі ретінде қалыптасқан дәстүрді одан әрі жалғастыруға күш салуда. Міне, саясаттың жалғастығы, біріз­ділігі мектеп пен жоғары мек­тептің одан әрі дамуының алтын арқауы болып отыр.

Заман өзгермей тұрмайды. Қазақстан Президенті Қ.Тоқаев білім сапасын көтеруге ерекше мән беріп отыр. Әсіресе, ауыл мек­тебі мен қала мектептерінің дең­­гейін көтеру, мұғалім мәр­тебесін ұлықтау, жоғары мек­тептің жауапкершілігін арттыру мәселесіне ерекше назар аудар­ды. Ол өзінің Қазақстан халқы­на Жолдауында білімді ел ғана әлем­дік додаға төтеп бере алатын мем­лекет құра алатынын атап өтті.

Бұл күнде Білім және ғылым министрлігі Президент қойған жоғары талаптарды жүзеге асыру үшін маңызды ұйымдастыру шараларын бастап та кетті.

Республика бойынша мұ­ғалім­дер даярлайтын 85 жоғары оқу орнын 20-25-ке дейін азайту жоспарлануда. Бұл саны бар, сапасы жоқ педа­гогтік ж­о­ғары оқу орындарын рефор­ма­лауға мүмкіндік береді. Бір аймақтық жоғары оқу орнында 20-25 мың студент бар. Мұндай жағдайда қандай оқу сапасы болуы мүмкін?! Сапалы маман сапалы білім алған қыз-жігіт­терден ғана қалыптасады. Мұны әлемдік үрдіс дәлелдеп отыр. Сондықтан да шектеу қою керек. Аймақтық жоғары оқу орын­дарының әрқай­сы­сын­да 10 мың студент болса жеткілікті.

Білімді ел – білікті ел. Тәуел­сіздік – Қазақстан білімін әлемдік сұранысқа жауап бере алатын білімді, білікті адам капиталын қа­лыптастырып отыр. Оқуы оз­ған, ғылымы дамыған ел ғана өр­кениетке жете алады.

 

Бақытжан ЖҰМАҒҰЛОВ,

Парламент Сенатының депутаты, ҰҒА академигі