Аудан бюджетін толықтыруға сеп болатын инвестиция тарту бойынша ауданда орасан жұмыс атқарылуда. Мәселен, экономиканың негізгі тірегі – өнеркәсіп саласында өндірілген өнімнің көлемі 11 айлық көрсеткіш бойынша 12846,9 млн теңгені құраса, негізгі капиталға жалпы салынған инвестиция көлемі 15851 млн теңгені құрап, ертеңге деген сенімі арта түскендей. Бұл ауданның дамуына қосылған қомақты үлес.
Тәуелсіздік жылдары үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасын орындауда аудан жақсы көрсеткіштерге қол жеткізді. Аталған бағдарлама аясында «Виста интернейшнал», «ВетроИнвест», «Ақ тас», «Грин Вил», «Централ Азия Голд Продакшн», «Қордай корм» және «Aurum Deutschland» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі сынды нысандар іске қосылып, бүгінде ірі кәсіпорындарға айналып отыр. Аудан экономикасын алға сүйрейтін бұл өндіріс орындарының алға қойып отырған жоспарлары да ауқымды.
Осы сынды кәсіпорындардың қатарын бүгінде «Первомайские деликатесы» ЖШС, «Риха» ЖШС, «ҚордайАгротех» ЖШС толықтырып, өнім көлемінің ұлғаюына бірден-бір септігін тигізіп отыр. Мәселен, өңірдегі бірегей жоба саналатын «Первомайские деликатесы» ЖШС өткен жылмен салыстырғанда өнімін 89 тоннаға ұлғайтса, «Риха» ЖШС өнім көлемін 165 тоннаға артық өндірді. Сондай-ақ «Қазақдорстрой» ЖШС 51 мың тонна тасты топырақ өндірді. «Тас Алға» ЖШС 68 мың текше метр қиыршық тас, «MВT» ЖШС 57 мың тоннаға әктас, «Атырау ЖБИ» ЖШС 30 мың текше метр құм-қиыршықтас қоспасын артығымен өндірді, «Отау құрылыс» ЖШС «Қазақдорстрой» ЖШС-іне 4922 тоннаға артық асфальт өндірді, «ҚордайАгротех» ЖШС өндірістің ұлғаюына байланысты 114,6 мың метр тамшылатып суару шлангын артық өндірді. Осы арқылы облыс әкімі және аудан әкімі арасындағы келісімдегі бекітілген индикатор 100,6 пайызға орындалды.
2015-2019 жылдарға арналған мемлекеттік индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының аясында аумақтық индустрияландыру картасына енгізілген жалпы жобалық құны 49 млрд 840 млн теңгені құрайтын 6 жоба жүзеге асуда. Атап өтетіні, жобаларды іске асыру барысында 510 адам жұмыспен қамтылса, болашақта 889 жаңа жұмыс орны ашылады деп жоспарланып отыр. Ал жобалардың ауқымдысы болып «Аурум дойчланд» ЖШС тау-кен металлургиялық комбинатының құрылысы саналады. Бұл жоба арқылы құрамында алтыны бар кенді игеруде. 800 адам жаңа жұмыс орнына орналасады деген болжам бар. Бағалы металға бай жерде сонымен қатар, 75 пайыздық алтын-күміс концентратын шығаратын «Алатау Қордай» ЖШС кіші зауытының құрылысы аяқталмақ, мұнда да 15 жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Өңірде теңдесі жоқ жобаның бірі – «Гринвилл» ЖШС заманауи жылыжай құрылысы. Онда жаңа технологиялар және аквапоника жүйесін қолдану арқылы балық және салат жапырақтары өндіріледі. Бұл жерде де 12 жұмыс орны ашылып, есепті кезеңде бюджетке 7,8 млн теңге салықтық және салықтық емес түсімдер төленді.
Бүгінде ауыл шаруашылығы өнімінің жалпы көлемі 11 айда 50445 млн теңгені құрады. Сонымен қатар, ағымдағы жылдың
1 қарашасына 2961 млн теңгеге инвестициялық жобалар тартылды. Жыл өткен сайын өнім көлемі ұлғайып, инвестициялық жобалардың көлемі артуына аудандағы «Благовещенко», «Қақпатас-Қордай» ЖШС, «Бай-Нұр», «Алмас», «Медет» сынды шаруа қожалықтары және «KazMeatKordai» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерінің қосқан үлесі айрықша. Осындай ірі кәсіпорындардың қатарына бүгінде «ГринВилл», «Азия сад», «Қордай құс» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері қосылып, ауылшаруашылық саласының жаңа бағытта жандануына өз септігін тигізуде.
Қазіргі уақыт талабына сай тамшылатып суару технологиясының көлемі 3 мың гектарға жетіп, 24 шаруашылықта орнатылса, жаңбырлатып суару технологиясын 7 шаруашылық енгізіп, нәтижесінде бүгінде 7 мың гектардан астам алқапқа жаңа технология енгізілген.
Ауыл шаруашылығы өнімі көлемін арттыруда да қазіргі заман талабына сай техникалар мен қажетті құрал-жабдықтардың болуы өте маңызды. Ауыл шаруашылығы техникаларын жаңарту бойынша жыл басынан бері шаруашылықтар тарапынан қазіргі заман талабына сай барлығы 28 техника, 52,2 млн теңгеге қажетті құрал-жабдықтар алынды. Осының өзі аудандағы атқарылған жұмыстардың оңды нәтижесі. Осы бағыттағы жұмыстар алдағы жылда да өз жалғасын табатын болады.
Білім беру саласы қашанда ең маңызды салалардың бірі бола бермек. Тек өткен жылдың өзінде Көктөбе және Соғанды ауылдарында жаңа мектеп ғимараты оқу жылында қолданысқа берілсе, ағымдағы жылы Қордай, Қаракемер, Қайнар ауылдарындағы орта мектептерге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Бірқатар білім беру ошақтарындағы орын тапшылығы мәселесі өз шешімін табуда. Ағымдағы жылы Қалғұты және Күнбатыс ауылдарында жаңа мектептің құрылыс жұмыстары басталып, келесі жылы жаңа оқу жылында қолданысқа беріледі деп күтілуде.
Бүгінде «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасында IT-қызмет көрсетуді дамыту ерекше маңызға ие болып отыр. Осыған орай, «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы аясында өңір кітапханаларының қоғамдағы кеңістігін дамыту, оларды үздіксіз өзгеріп отырған шарттарға бейімделу мақсатында аудандық орталық кітапханаға қарасты ауылдық кітапханаларда цифрландырылған ақпараттық орталықтар ашылуда. Осындай орталық өткен жылы Қордай және Әлжан ана ауылдарында ашылса, ағымдағы жылы 11 ауылда ашылып, бүгінде аудан тұрғындарына egov.kz порталы мен «cao-zhambyl.kz» сайты арқылы мемлекеттік қызмет түрлері көрсетілуде.
Биыл Тұңғыш Президент күні және Тәуелсіздік күні қарсаңында 2 ауылда жекеменшік балабақша, 8 ауылда дәрігерлік нысандар, сондай-ақ Әлжан ана ауылында таза сумен қамтамасыздандыру жүйесі қолданысқа берілді. Сонымен қатар жыл соңына дейін қордайлықтардың көптен күткен қуанышы – «Болашақ» шағын ауданындағы көпірдің құрылыс жұмыстары аяқталып, қолданысқа берілмек.
Аудандағы 7 көп балалы отбасына тұрғын үй берілді, сондай-ақ «Нұр-ниет» қайырымдылық дүкені мен әлеуметтік дүкен ашылды. Жалпы биыл мемлекеттік қолдау ғана емес, рухани жаңғыруға бел байлаған аймақ кәсіпкерлерінің демеушілігімен 10 отбасы баспаналы болды.
Жоғарыда келтірілген мәліметтер ауданда атқарылып жатқан ауқымды жұмыстардың бір парасы ғана. Негізгі мақсат – аудан тұрғындарының өмір сүру сапасын көтеру болып қала бермек.
Болатбек БАЙТӨЛЕ,
Қордай ауданының әкімі
Жамбыл облысы