Қуаты 300 МВт Мойнақ ГЭС Үдемелі индустриялық-инновациялық дамудың мемлекеттік бағдарламасы аясында және Қазақстан электрэнергетикасының 2030 жылға дейінгі даму бағдарламасына сәйкес салынды. Ол Алматы облысының Райымбек ауданындағы Шарын өзенінде орналасқан. Кәсіпорынның жоба бойынша орташа жылдық электр энергиясын өндіру көлемі – 1,027 млрд кВт с.
Құрылыстың негізгі мақсаты – Қазақстан Республикасының электр энергиясы тапшы Оңтүстік аймағына (Алматы, Жамбыл, Қызылорда және Түркістан облыстары) электр энергиясы мен қуатын жеткізу үшін қолайлы жағдай жасау және Алматы энергия жүйесінің жүктемесіндегі күндік және апталық қалыпсыздықты жабу.
Өзеннің су өткізу режімін жақсарту үшін Мойнақ ГЭС-інің төменгі сағасында судың тәуліктік ағысын реттейтін су қоймасы-кері реттегіші бар су торабы салынған.
Тұтас алғанда, 2012 жылы пайдалануға берілген сәттен бастап су электр стансасы 7 195 млн кВт сағат электр энергиясын өндірді.
Станса Қазақстан үшін үлкен маңызға ие. Ол еліміздің Оңтүстік өңірінде электр энергиясына деген өсіп келе жатқан сұранысты жабуға көмектеседі. Одан тыс Мойнақ ГЭС-і электр энергиясының ең жоғары мөлшерін тиімділікпен өндіруге және Қазақстанның энергия жүйесін реттеп, тұрақты жұмыс істеуі үшін қуат беруге қызмет етеді.
Станса өзінің бірқатар технологиялық ерекшеліктері мен шешіп отырған міндеттері тұрғысынан бірегей болып саналады және «Самұрық-Энерго» холдингінің қуат өндіретін кәсіпорындары қатарында ғана емес, Республиканың қолданыстағы электр стансалары арасында да ерекшеленеді. «Шарын өзеніндегі Мойнақ ГЭС»-і жобасы – Қазақстандағы және ТМД аумағындағы су қоймасының деңгейі мен гидроагрегаттар орналасқан жердің арасындағы биіктігі 500 метр болатын деривациялық үлгідегі алғашқы жоғары қысымды су электр стансасы.
Мойнақ ГЭС-інде әлемдегі су электр стансалары арасында 1 МВт қуат өндіру үшін жұмсалатын судың шығыны бойынша ең үздік көрсеткіштердің біріне ие – секундына 0,25 шаршы метр. Салыстырар болсақ: Қазақстандағы ең ірі ГЭС – Ертіс өзеніндегі Шүлбі ГЭС-інің үлес шығыны 5 м3/с/МВт тең, ал Түркістан облысындағы Сырдария өзеніндегі Шардара ГЭС-нің үлес шығыны – 7,5 м3/с/МВт. Стансада техникалық көрсеткіштері мен тиімділігі жоғары, соңғы модификациядағы су агрегаттары орналастырылған.
Мойнақ ГЭС-і халықаралық ынтымақтастықтың сәтті үлгісі болып табылады. Стансаның негізгі нысандарын жобалау және құру Қытайдың халықаралық Су шаруашылығы және энергетика корпорациясының (CWE) қатысуымен іске асырылды. ГЭС ғимаратында Andritz Hydro (Аустрия) жасап шығарған су турбиналары орнатылған, ал су генераторлары Харбин қаласында (ҚХР) құрастырылған.
Бүгінде Мойнақ ГЭС-і Кеңсу өзеніндегі судың бір бөлігін Бестөбе су қоймасына ағызу арқылы станса өнімділігін жылына 100 млн кВт с арттыруды жоспарлап отыр.