Қазақстан • 26 Желтоқсан, 2019

АХҚО құрылған күннен бастап қандай нәтижелерге қол жеткізді?

315 рет
көрсетілді
23 мин
оқу үшін

2015 жылы желтоқсанда Қазақстаның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Астана» халықаралық қаржы орталығын (АХҚО) құру туралы заңға қол қойған болатын. 2018 жылдың шілде айынан бастап ресми түрде іске қосылған орталық бүгінде қандай нәтижелерге қол жеткізгенін «Egemen Qazaqstan» тілшісінің материалынан оқыңыз.

АХҚО құрылған күннен бастап қандай нәтижелерге қол жеткізді?

ОРТАЛЫҚ ҚАЛАЙ ҚҰРЫЛДЫ?

2018 жылдың 5 шілдесінде Елордада АХҚО-ның ресми ашылу рәсімі өтті. Қаржы орталығының ашылу салтанатына әлемнің 50 елінен 5 мыңнан астам қонақ келді. Олардың арасында мемлекет басшылары, ірі халықаралық компаниялардың басқарушылары, әлемнің танымал қаржыгерлері мен өзге де беделді тұлғалар болды. Мәселен, әлемдік биржа саласындағы жарқын тұлға –  Nasdaq Inc. төрағасының орынбасары Сэнди Мейер Фручер, қаржы саласында халықаралық беделі бар JPMorgan Chase International басқармасының төрағасы Джейкоб Френкель, Жібек Жолы қорының президенті Ван Ян Чжи және өзге де танымал тұлғалар орталықтың ашылу салтанатында сөз сөйледі.

Ашылу салтанаты ел астанасының 20 жылдығына тұспа-тұс келген еді. Бизнестің өркендеуіне жан-жақты жағдай жасалынып, 100 мыңнан астам кәсіпкерлік субъектісі іске қосылған елорданың жаһандық қаржы жүйесінде өз орнын сайлауға тырысуы бекер емес. Осы орайда АХҚО түрлі бағыттағы органдарын құрып, мемлекетімізге инвестиция легін тарту арқылы ел астанасын әлем мойындаған қаржы орталықтарының біріне айналдыруда барын салмақ. Сонымен, бүгінгі таңда орталықтың толыққанды жұмыс атқаруына қандай органдар септігін тигізуде? Орталық құрылымына кеңірек тоқталып өтсек…

ОРТАЛЫҚ ҚҰРЫЛЫМЫ

Сот және халықаралық төрелік орталығы

Жалпы ағылшын құқығы негізінде құрылған АХҚО соты бүгінде инвестициялардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге барлық жағдай жасайды. Сотты іске қосу үшін беделді шетел сарапшылары жұмысқа тартылды. Нақты айтсақ, олардың қатарында Англия мен Уэльс соттарына басшылық еткен сот төрағасы Лорд Вульф, Лондон халықаралық төрелік сотын басқарған Халықаралық Төрелік Орталығының төрайымы Барбара Доманн, Ұлыбритания, АҚШ, Таяу Шығыс елдерінде жемісті қызмет атқарған білікті маман, АХҚО соты аппаратының тіркеушісі және басқарушысы Кристофер Кэмпбелл-Холт және өзге де сарапшылар болды. Аталған мамандардың басшылығымен 2018 жылдың басында АХҚО соты және Халықаралық төрелік орталығы іске қосылды. 

АХҚО Соты АХҚО-ның тәуелсіз органдарының бірі, оның құрамы «Астана» халықаралық қаржы орталығы туралы» Қазақстан Республикасының 2015 жылғы Конституциялық заңына сәйкес Бірінші сатыдағы соттан және Апелляциялық соттан тұрады. Олардың міндеті – сот дауларын жедел және тиімді шешуді қамтамасыз ету. Бірінші сатыдағы соттың құрамына Шағын істер соты кіреді.

АХҚО Соты Еуразиядағы ағылшын жалпы құқығының нормалары мен қағидаттарына негізделген ең алғашқы сот жүйесі. Ол АХҚО-дағы азаматтық және коммерциялық дауларды шешу үшін ең жоғары халықаралық стандарттарға сай жұмыс істейді. АХҚО соты АХҚО-ның қызметі мен операцияларына қатысты туындайтын дауларға қатысты айрықша құзыретке ие, өз әрекетінде тәуелсіз және Қазақстан Республикасы Сот жүйесіне кірмейді. Бұдан басқа, шешімдері түпкілікті болып саналатын Апелляциялық сот жұмыс істейді. АХҚО Сотының ағылшын жалпы  құқығының нормалары мен қағидаттарына және үздік халықаралық практикаға негізделген дербес рәсімдік қағидалары бар.

АХҚО Соты 2019 жылдың ақпанынан бастап, «eJustice» атты электронды құжат айналымы жүйесін қолданады, бұл тараптарға Нұр-Сұлтан қаласында болмай-ақ, әлемнің кез келген нүктесінен АХҚО Сотына электронды түрде талап-арыздарды жіберуге мүмкіндік береді.  Талап-арыздарды басқарудың тиімді әрі жедел жүйесі істердің қысқа мерзімде және тиісті түрде өңделіп, қаралатындығына кепілдік береді. Сот шешімдерінің орындалуы Қазақстан Республикасындағы атқарушы биліктің сенімді жүйесімен қамтамасыз етіледі.

Сот Қазақстан Республикасында болашақ заңгерлер мен судьялардың біліктілігін арттыруға ықпал ететін әлемдік деңгейдегі кәсіби заң білімін беру үшін жетекші халықаралық білім беру мекемелерімен ынтымақтасуда.

АХҚО Сотының төрағасы  мен төрешілері жалпы құқық жүйесінің ең тәжірибелі және атақты судьялары. Барлық судьялар абсолютті тәуелсіз, бейтарап, адал, заңның ұлықтығы қағидатын мүлтіксіз ұстанушы әрі таза болуларына байланысты халықаралық беделге ие болып, жалпы құқық жүйесіндегі ең тәжірибелі және көрнекті судьялар атанды. Бүгінде АХҚО сотында барлығы 12 судья қызмет етуде. Олар – Англия мен Уэльс Жоғарғы сотында жұмыс істеген халықаралық сот саласында мол тәжірибеге ие мамандар.

АХҚО соты 2019 жылдың сәуірінде алғашқы сот шешімін шығарып үлгерді. «Aurora Ag Limited» және «Star Asian Mining Company» жеке компаниялары арасында болған сот электронды құжат алмасу тәсілі арқылы қаралғандықтан, судья да, оның қатысушылары да қашықтан мәселені шешу мүмкіндігіне ие болды. Бүгінде даулы мәселе туындаған жағдайда ісі АХҚО сотында қаралатындығы расталған 1000-нан астам келісімшарт бар.

Егер дау барынша жылдам әрі шығынсыз қаралғанын қаласаңыз, АХҚО Халықаралық төрелік орталығына (ХТО) жүгінуге болады. ХТО АХҚО-да азаматтық және коммерциялық дауларды шешу үшін ең жоғарғы халықаралық стандарттар негізінде әрекет ететін тәуелсіз, үнемді және сот талқылауына жедел балама ұсынады. ХТО-да мол тәжірибесі бар және халықаралық деңгейдегі тәуелсіз, бейтарап және адал төрешілер мен делдалдар тобы қызмет атқарады.

2019 жылдың 4 шілдесінде АХҚО Халықаралық төрелік орталығы Төрелік-Медиация немесе «Арб-Мед» атты жаңа қызметті іске қосты. «Арб-Мед» аясында дау төреліктің қарауына жіберіледі. Егер тараптар дауды төрелікте шеше алмаса, онда аталған мәселені медиация жолымен шешуді талап ете алады. ХТО «Арб-Мед» қызметінің ұсынылуы коммерциялық дауларды аса тиімді және экономикадан тыс әдіспен шешу бойынша ХТО мүмкіндігін одан ары кеңейте түседі деп болжап отыр.

АХҚО соты аппаратының төрағасы Кристофер Кэмпбелл-Холттың айтуынша, қазіргі таңда ХТО-да 36 қазақстандық оқудан өтті. Соңғы рет мұндай тренингтер биылғы жылдың маусым айында Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында өтті.

ХТО жұмысына бүгінгі таңда Еуропа, Жапония, АҚШ, Үндістан, Сингапур, Ресей, Украина және Гонконг елдерінен 30 төреші мен медиатор тартылып отыр. Қазақстандық мамандар  да ХТО жұмысына өз үлестерін қосуда. Олар – Айгүл Кенжебаева мен Александр Коробейников сынды заңгерлер.

- АХҚО-ны басқару жөніндегі кеңес

АХҚО-ны басқару жөніндегі кеңес – Қазақстан Республикасының Президенті төрағалық ететін АХҚО-ның жоғарғы басшылық органы. Кеңес АХҚО-ны дамытудың стратегиялық бағыттарын айқындайды және АХҚО-ны жетекші халықаралық қаржы орталығы ретінде қалыптастыруға арналған қолайлы жағдайлар жасауға ықпал етеді.

- АХҚО-ның әкімшілігі

АХҚО-ның әкімшілігі стратегиялық дамуға, АХҚО аумағында көрсетілетін қызметтерді дамытуға және орталықтың инфрақұрылымын басқаруға жәрдемдесу үшін құрылған басқару органы. Әкімшілік сондай-ақ АХҚО-ны әлемдік нарықта ілгерілетуге және орталыққа әлеуетті қатысушыларды тартуға ықпал етеді.

БИРЖА

2018 жылдың қарашасында АХҚО биржасы – AIX іске қосылды.  Алғаш болып биржада «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық атом компаниясы өз IPO-сын өткізді. Содан кейін биржада әлемдегі алтын мен күміс өндіруші ірі компаниялардың бірі «Polymetal» және Қазақстан Халық банкі өз бағалы қағаздарын орналастырды. Осылайша, «Polymetal» АХҚО биржасында өз бағалы қағаздарын орналастырған тұңғыш шетелдік эмитент атанып отыр. 

«Биылғы жылдың 17 сәуірінде «Полиметалл Интернешнл Плюс» компаниясының жай акциялары «Астана» халықаралық қаржы орталығының ресми тізіміне енгізілген болатын. Аукционнан кейін орналастыру көлемі 17 миллион АҚШ долларынан асатын 1 690 440 акция болды. Акцияларға сұраныс 2 еседен асып түскені қуантарлық жағдай. Сауда-саттық нәтижелері біздің барлық үмітімізді ақтады.  Орта мерзімді кезеңде АХҚО-ның Орталық Азияның негізгі өңірлік инвестициялық платформасы ретінде маңызы арта түседі деп есептейміз. AIX (Астана халықаралық биржасы) Өзбекстаннан, Әзірбайжаннан, Түркиядан және, әрине, Қытайдан келген инвесторлар үшін тартымды алаң болады», – деді «Polymetal International plc» өкілі Игорь Финогенов.

AIX-ті дамшуы елдердің қор биржасында мол тәжірибе жинақтаған шетелдік маман Тим Беннетт басқаруда. Биржа іске қосылғалы бері алғашқы жетістіктерге қол жеткізіп үлгерді. Мәселен, эмитенттер биржаның көмегімен шамамен 216 млн доллар акционерлік капитал тарта алды – бұл елде соңғы үш жылдағы сәйкесінше көрсеткішпен салыстырғанда бірнеше есе жоғары көрсеткіш.

Бүгінде AIX ресми тізіміне 20 түрлі эмитенттен бағалы қағаздар енгізілген. Жоғары технологиялық сауда инфрақұрылымы бар биржада жергілікті және халықаралық брокерлердің экожүйесі құрылды. Биржаның сауда мүшелері қатарында 17 қазақстандық және алты халықаралық брокер бар. Ал оның орталық депозитарийінде  62 мыңға жуық инвестор шот ашып үлгерді.

Одан бөлек Биржада мемлекеттік және корпоративтік облигациялар бар. Мәселен, Қаржы министрлігі Нұр-Сұлтан мен Лондондаға биржада бір мезетте 1,05 млрд доллар сомасына еурооблигация шығарды.

AIX бағалы қағаздардың орталық депозитарийіне (AIX CSD) екі кастодиан банк – «Сбербанк» және «ЦентрКредит банкі» мүше болды. «Қазпошта» АҚ және «Ренессанс Капитал» инвестициялық компаниясы AIX-тің сауда мүшелері атанды.

«Біз мыңдаған қазақстандық және шетелдік инвесторларға AIX платформасына қол жеткізуге мүмкіндік беретін жаңа сауда мүшелерімізді қуана қарсы алуға дайынбыз. «Қазпоштаның» клиенттік базасының кең қамтылымы және бұрын өткізілген «Халықтық IPO-ға» қатысу тәжірибесі, сондай-ақ «Ренессанс Капитал» қамтылымының бірегей географиясы осы компаниялардың клиенттеріне Орталық Азиядағы капитал нарығында жаңа мүмкіндіктер ашады», – деді Астана халықаралық биржасының (AIX) басқарма төрағасы Тим Беннетт.

AIX – Еуропа және Азия қор биржалары федерациясының мүшесі. 2019 жылдың қаңтарында Ұлыбританияның Салық және кеден қызметі (HMRC) AIX-ке танылған қор биржасы мәртебесін берді.

AIX CSD – еуропалық CSD қауымдастығының мүшесі. Биржа акционерлері қатарында GoldmanSachs, Шанхай қор биржасы, Жібек Жолы Қоры және АІХ сауда платформасын ұсынатын NASDAQ бар.

ОРТАЛЫҚТА ҚАНША КОМПАНИЯ ТІРКЕЛІП ҮЛГЕРДІ?

АХҚО іске қосылғаннан күннен бастап онда тіркелген компаниялар саны да күн санап артып келеді. АХҚО Қаржылық қызметтер көрсетуді реттеу жөніндегі комитеті (AFSA) дәл осы компаниялар мен серіктестердің біріктірілген реттеушісі болып саналады. Сондай-ақ ол АХҚО-дағы барлық реттелетін қызмет түрлерінің, нарықтық және қосалқы қызметтердің бірден-бір реттеушісі қызметін атқарып келеді.

Бүгінде өңірлік қаржылық хабта әлемнің 32 елінен 300-ден астам компания тіркеліп үлгерді. Олардың арасында АҚШ, БАӘ, Сингапур, Қытай, Ұлыбритания, Германия, Франция сынды әлемнің алпауыт елдерінің компаниялары да бар. Тек бір жылдың ішінде ғана АХҚО  «Сбербанк», Master Card, Visa, Euroclear, ERG, SAP, «Даму» қоры сынды ірі компаниялармен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. 2020 жылға дейін қаржы орталығы тіркелген компаниялар санын 500-ге жеткізуді көздеп отыр.

Қаржылық және қосымша қызметтер көрсететін ең ірі компаниялардың қатарына мынадай компаниялар мен банктер: Қытай құрылыс банкінің филиалы (Қытай), Altyn Bank (Қазақстан), Қытайдың даму банкінің өкілдігі (Қытай), Paladigm Capital Pte (Сингапур), Wood and Co (Чехия), Shinhan Investment Corporation (Оңтүстік Корея), Russell Bedford (АҚШ), Renaissance Capital (Кипр), Аналитикалық кредиттік-рейтинг агенттігі (Ресей) кіреді.

Сонымен қатар биылғы жылдың тамыз айында ірі халықаралық интернет-дүкен Wildberries компаниясының АХҚО-да өз өкілдігін ашуға ниеті бар екені белгілі болды. Бұл ретте дүниежүзілік алпауыт Қазақстанда ірі реттеуші орталық ашуды көздеп отыр екен. Егер аталған орталық өз жұмысын бастаса, отандық тауар өндірушілердің сауда айналымы артып, логистикаға кететін шығын көлемі азаятын еді. Бұған қоса, жергілікті өндірушілердің тауарын халықаралық интернет-алаңға шығаруға мүмкіндік туады.

Wildberries – нарықта 15 жылдан астам уақыт бойы жұмыс істеп келе жатқан, ЕАЭО аумағындағы ірі онлайн-ритейлер екенін айта кеткен жөн. Бүгінде ол Ресей, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан және Армения аумағына қызмет етуде.

АХҚО-НЫҢ НЕГІЗГІ БАҒЫТТАРЫ ҚАНДАЙ?

Қазақстанда жасыл бондтар қашан шығарылады?

2019 жыл АХҚО-ның негізгі бағыттары бойынша да табысты жыл болды. Капитал нарығын дамыту, активтерді басқару, қаржылық технологиялар, исламдық қаржыландыру және жеке тұлғалардың дәулетін басқару, жасыл қаржы нарығын дамыту сынды бес басты бағытты дамытуды қолға алған орталық, бүгінде өңірдің исламдық және жасыл қаржы хабына айналуды көздеп отыр.

Қазіргі таңда АХҚО-да алғашқы жасыл бондтарды шығару алаңы дайын тұр. Өйткені АХҚО Биржасы іске қосылып, реттеуші база әзірленді, жасыл облигациялардың шығару ережелері бекітілді, ресми сайтта мүдделі эмитенттерге арналған тиісті нысандар да жарияланып, еркін қолжетімді болды. Қазіргі таңда жасыл облигациялардың мүдделі эмитенттері қатарында Астана және Алматы қалаларының әкімдігі, ірі энергетикалық, сондай-ақ, жасыл жобалары бар,  алайда қаржыландыруды қажет ететін компаниялар табылуы мүмкін. Қазірдің өзінде Азия инфрақұрылымдық даму банкі сынды дүниежүзілік даму банктері жасыл облигацияларға инвестиция құюға қызығушылық танытып отыр. Сондай-ақ, АХҚО Жасыл қаржы орталығы жасыл облигациялардың мүдделі эмитенттерімен үнемі кездесіп, консультациялық қолдау көрсетіп тұрады.

                Исламдық қаржыландыру

АХҚО исламдық қаржыландыру саласын дамытуға көп көңіл бөлуде. АХҚО былтырғы жылы ислам қаржысы саласындағы ірі беделді сыйлық – Global Islamic Finance Awards-ты марапаттау барысында бірден үш марапатты жеңіп алғаны бұған дәлел бола алады. Осылайша, АХҚО Басқарушысы Қайрат Келімбетов исламдық қаржыландыруға институционалды қолдау көрсеткені үшін арнайы жүлденің иегері атанса, Исламдық қаржыландыру департаментінің директоры Әлібек Нұрбеков исламдық қаржыландыру саласындағы саясатты қалыптастырғаны үшін арнайы жеке сыйлықпен марапатталды. Ал АХҚО Үздіксіз кәсіби даму бюросы исламдық қаржы саласындағы адами капиталды дамыту бастамасы үшін үздік деп танылды. Үш бірдей халықаралық деңгейдегі марапатты жеңіп алу GIFA тарапынан берілген жоғары баға деп есептелінеді әрі АХҚО-ның исламдық қаржыландырудың ірі өңірлік қаржылық хабы ұстанымын нығайтады. Ең бастысы ол Қазақстанда аталған  бағытты дамытуға зор серпін беретіні анық.  2017 жылы GIFA марапатын беру рәсімі елордада өткенін атап өткен орынды.

Қазіргі таңда АХҚО-да исламдық қаржыландырудың толыққанды нарығы қалыптасуда. Сондай-ақ орталықта АХҚО Азия даму банкі, Исламдық даму банкі, Islamic Financial Services Board (IFSB), Accounting and Auditing Organization for Islamic Financial Institutions (AAOIFI) және General Council for Islamic Banks and Financial Institutions (CIBAFI) халықаралық ұйымдарының қолдауымен, үздік исламдық қаржылық тәжірибе мен стандарттарға сәйкес қолайлы нормативті және құқықтық база қалыптасқан.

АХҚО ФИНТЕХ ХАБЫНДА БИЫЛҒЫ ЖЫЛЫ НЕНІ ҚОЛҒА АЛМАҚШЫ?

АХҚО Fintech хабы – Қазақстан мен Орталық Азиядағы қаржылық технологиялар нарығын дамыту үшін қолайлы жағдай жасап,  жоғары сапалы инфрақұрылымды қалыптастырады. Бұл ретте орталық қаржы технологияларына баса назар аударып, түрлі салаларға цифрлық технологиялар енгізу жұмысын жолға қойған. Аталмыш хаб іске қосылғаны бері, аталмыш салада аз жұмыс жасалған жоқ. Мәселен Қазақстан Премьер-Министрі Асқар Маминнің Сан-Францискоға сапары барысында Орталық Азиядағы және елдегі инновациялық технологиялардың көшбасшы холдингі саналатын Darmen Holding пен штаб-пәтері Кремний алқабында орналасқан америкалық Plug and Play Tech Center стартап-платформасы арасында келісімге қол жеткізілді. Аталмыш компания венчурлық инвестициялық қор, стартап-акселераторлар және корпоративтік инновациялармен айналысады. Алдағы уақытта компания АХҚО алаңында тіркелуді жоспарлап отыр.

Сонымен қатар биылғы жылы АХҚО Fintech хабы  Сингапурде өткен FinTech Festival 2019 шарасына қатысты. Әлемнің 130-дан астам елінен 60 000-нан астам адам қатысқан шара барысында АХҚО Fintech хабы өкілдері Monetary Authority of Singapore ұйымдастырушылары, Сингапурлік Финтех Қауымдастығы, AI Singapore, DIFC Fintech Hive сынды әлемдік ірі компания өкілдерімен кездесті.

Орталық қолға алған тағы бір ірі істердің бірі – Орталық Азияда алғаш рет өткізілген «Visa Everywhere Initiative» бастамасы болды. Осы іс-шара нәтижесінде өңірдің үздік стартапшылары өздерінің жобаларын назарға ұсынып, байқау жеңімпаздары анықталды.

Бұдан бөлек Fintech хаб менторлық платформаны іске қосқан. Ол бойынша әлемнің финтех, IТ, маркетинг және өзге де салалары бойынша білікті мамандары стартапшыларға қолдау көрсетіп, өздерінің білімі мен тәжірибелерін ортаға салады. Яғни бұл бастама стартапшыларға АХҚО қаржылық хабы арқылы білікті мамандардан кеңес алуға мүмкіндік береді.  Ал үстіміздегі жылдың 31 қаңтарында АХҚО Global Financial Innovation Network бастамасына қосылды. Бұл бірлестікке әлемнің 29 қаржы реттеушісі мен мекемесі енеді. Аталған ұйымға мүше болу арқылы стартапшылар өздерінің инновациялық өнімдерін, қызметтер мен бизнес-үлгілерді Ұлыбритания, АҚШ және Сингапур сынды әлемнің бірнеше елінде бір уақытта сынақтан өткізу мүмкіндігіне ие болады.  Жалпы АХҚО Финтех хабының өз реттеуші «құм алаңы» бар. Бүгінде онда банк қызметтері, блокчейн және өзге де қаржы технологиялары саласындағы 16 компанияның жобалары қабылданған.

АХҚО АДАМИ КАПИТАЛДЫ ДАМЫТУ ЖОЛЫНДА НЕ ІСТЕУДЕ?

АХҚО-да барлық қажетті органдар құрылғанымен, олардың табысты қызмет етуі үшін адами капиталды дамыту қажеттілігі туындады. Оның үстіне халықтың қаржылық сауаттылығын көтеріп, елде халықаралық деңгейдегі қаржы мамандарының легін қалыптастыру мәселесінің де мәні зор  екені анық. Осы орайда бұл мәселелерді шешуге септік болатын АХҚО Үздіксіз кәсіби даму бюросы іске қосылды.

АХҚО Бюросы жергілікті мамандардың кәсіби дамуы мен біліктілігін арттырып, өңірдегі жоғары білікті, білімді мамандардың жеткілікті құрамын қалыптастыруға мүмкіндік беретін еңбек капиталын жақсарту мақсатында жаңадан құрылған кәсіби даму орталығына айналды.

Бүгінде Бюрода кәсіби даму бағытында 16 сала бойынша бағдарлама іске қосылған. Мамандардың біліктілігін халықаралық стандарттарға дейін көтеру мақсатында Бюро мемлекеттің қолдауымен шартты гранттар бағдарламасын жүзеге асыруда. Оның аясында CFA және ACCA сынды халықаралық сертификаттарға ие болуға кең жол ашады. Мәселен, еліміздің кез келген тұрғыны халықаралық сертификатқа барынша дайындалып, оны сәтті тапсырған болса, емтиханға кеткен барлық шығындарды шартты грант ұту арқылы кері қайтару мүмкіндігіне ие болады.

Бюро құрылған күннен бастап үш мыңға жуық отандық маман халықаралық деңгейде білімін шыңдап үлгерді.

ӘЛЕМ ТАРАПЫНАН МОЙЫНДАЛУ

АХҚО әлемдік қаржы орталықтары қатарынан көрініп, халықаралық деңгейде беделге ие болу жолында айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізді. Мәселен, АХҚО GFCI қаржы орталықтарының жаһандық индексінде 102-ден 51-ші орынға көтерілді. Бұл 2018 жылдың наурыз айымен салыстырғанда 37 позицияға жоғары. Сондай-ақ АХҚО «Шығыс Еуропа және Орталық Азия» өңірінің рейтингінде 1-ші орынға ие болды.

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев: «Нұр-Сұлтан қаласы Шығыс Еуропа мен Орталық Азия өңіріндегі қаржы орталықтары арасында көш бастады. АХҚО-ның сәтті жұмыс істеуі үшін бүгінде барлық жағдай жасалынып, қажетті инфрақұрылым қалыптасты дей аламыз. Енді бізге тек тәжірибелік тұрғыда нәтижелер күту қалды», – деп атап өтті.