Саясат • 27 Желтоқсан, 2019

Бас прокуратура жылды қорытындылады

238 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бас прокуратура алқасының кеңейтілген отырысында Ғизат Нұрдәулетовтің төрағалығымен 2019 жылғы жұмыс қорытындысы талқыланды.

Бас прокуратура жылды қорытындылады

Бас прокурор атап өткендей, елдегі криминогендік жағдай жақсарған. Өткен жылмен салыстырғанда қылмыстық құқық бұзушылықтар саны 17 %-ға азайды. Кісі өлтіру 11%-ға, бұзақылық 28%-ға, есірткі қылмысы 12%-ға қысқарған.  

«Біз кез келген заң бұзушылықтарға дер кезінде төтеп беруге тиіспіз. Ең тиімдісі оларға жол бермеу», – деді Бас про­­курор. Ол, құқық бұзу­шылық­тың алдын алу мәселелеріне егжей-тег­жейлі тоқталып өтті.  

Алқа отырысында қоғамдық мүдде­лерді қорғау саласындағы тексерулердің нәтижелері айтылды.  Прокурорлардың көме­гімен 30 мың қызметкердің жала­қысы өтелген. Берешектің жалпы сомасы 2 млрд теңгеден астам.  

Прокурорлық ықпал ету актілері бойынша 17 мыңнан астам адам әртүрлі жауапкершілікке тартылды. Мемлекет кірісіне 30 млрд теңге өндіріліп алынған. 37 мың пайдаланылмайтын жер телімдері кері қайтарылды.

Соттарда 47 млрд теңге сомасында мемлекеттің мүддесі қорғалған. 

Бас прокурор Мемлекет басшысы Жолдауының негізгі бағыттарына ай­рықша мән берді. Қылмыстық процесте заңдылықты қамтамасыз етуде және адам құқықтарын сақтауда прокурорлардың үйлестіруші рөліне баса назар аударды.

Осы жылы прокурорлар 219 адамды негізсіз қудалауды тоқтатты. Қызметтік үй-жайлардан және изоляторлардан 725 заңсыз ұсталған адам босатылған. 

Прокурорлардың өтініштері мен наразылықтары бойынша соттар 1172 азаматқа қатысты үкімді қайта қарады. Прокурорлардың бастамасымен  36 адам ақталған. 

Қадағалау органының жұмысын қорытындылай келе, Ғизат Нұрдәулетов азаматтардың конституциялық құқық­тарын қорғау, қоғамда құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету бойынша барлық күш-жігерді жұмсауды тапсырды.

«Прокуратура органдарының қолже­тімділігін одан әрі арттыру қажет. Әрбір арыз бойынша жедел әрі тынымсыз жұ­мыс істеу керек.  Жұртшылықпен етене қа­рым-қатынас – негізгі басымдықтардың бірі. Біз ресми көзқарастан мүлдем арылуы­мыз қажет», – деп түйіндеді сөзін Бас прокурор.

Алқа отырысының қорытындысы бойынша қадағалау ведомствосының басшысы алдағы жылға арналған басым міндеттерді айқындап, негізгі бағыттарды белгіледі.