Ұлттық кеңестің нәтижелі және тиімді жұмыс істеуіне Кеңес жұмысына Мемлекет басшысының өзі тікелей басшылық жасап, барынша қолдау көрсетіп отыруы, бұл жұмысқа Президент Әкімшілігінің де тікелей атсалысуы үлкен әсер етті.
Осы қысқа мерзімде Қ.Тоқаев Кеңес мүшелерімен кездесіп, олардың ұсыныс-пікірлерін асықпай, зер салып тыңдап, пікірлесті. Ұлттық кеңесте айтылған Кеңес мүшелерінің ұсыныстары Кеңес мүшелері мен басқа да мүдделі мемлекеттік органдар басшыларының қатысуымен Президент Әкімшілігіндегі, Үкіметтегі басқосуларда терең зерделеніп, жүйеленіп, алды іске асырыла бастады. Атап айтсақ, 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап, микро және шағын бизнесті табыс салығынан 3 жылға дейін босату және оларды тексеруді 3 жылға дейін тоқтату, көп балалы отбасылардың балаларына бала санына қарай қөмек беру, тұрмысы төмен отбасылардың балаларына кепілдендірілген әлеуметтік көмек көрсету, тұрғындарды, әсіресе жастарды баспанамен қамтамасыз етудегі жеңілдіктер, т.б. көптеген әлеуметтік қызмет іске асырылуда. Осының бәрін Мемлекет басшысы күнделікті жұмысында жүйелі қадам жасайтынын, өз ойларын, ұсыныстарын алдымен жан-жақты талдап, зерделеп, ақылдасып, барып айтатынын, айтқан ұсыныс-пікірлерін табандылықпен, тиянақты, сөзбұйдаға салмай соңына жеткізіп орындайтынын көрсетуде.
Республика Президенті Қ.Тоқаевтың сайлауалды бағдарламасындағы, ұлықтау рәсіміндегі, Қазақстан халқына Жолдауындағы айтқан сөздеріндегі негізгі бағыттар бір-бірімен ұштасып, кезек күттірмейтін, зәру мәселелер туралы шұғыл шешім қабылданып, ол қаржымен толықтай қамтамасыз етілуде. Көптеген бағыттарға алдағы жылғы бюджеттерде қаржы қарастырылды. Бұл халқымыздың әл-ауқатын көтеру үшін қабылданған шешімдер сөзсіз орындалады деген сөз. Әрине қоғамда қордаланып қалған түйткілді мәселелерді бірнеше айда шешіп тастау мүмкін емес. Дегенмен, Президенттің Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің 2-ші отырысында айтқан жер және оны тиімді пайдалану; бюджет қаражатын ашық бақылау; квазимемлекеттік сектордың басшылығына азаматтық қоғам өкілдерін енгізу; ел экономикасында мемлекеттік кәсіпорындардың үлесін қысқарту; шетелдік жұмыс берушілер тарапынан біздің азаматтарды кемсітуге жол бермеу; шетелдік жұмыс күшін қысқарту; бюджет қаржысының, сыртқы қарыздардың, ұлттық банк бағам саясатының ашықтығын қамтамасыз ету; ірі транзакциялар барысында төлемді қолма-қол ақшасыз форматқа көшіру туралы және тағы басқа мәселелері де жан-жақты пысықталып, 2020 жылы іске асыру үшін орындау мерзімдері нақтыланып, Үкіметке тапсырылды.
Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің осы отырысында Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев қоғамды демократияландыруға ерекше назар аударды. Президенттің пікірінше, митинг өткізу мəдениетін қоғамдық санаға сіңіретін уақыт келді. Қоғамға да, мемлекетке де өз ұстанымдарын ашық айтуға бейімделетін кез жетті. Сондықтан да егер олар заң аясынан шықпайтын жəне азаматтарымыздың тыныштығын бұзбайтын болса, рұқсат етілетін митингілерді ұйымдастыруда ескерту қағидатын енгізуді қолға алу керек. Бірақ еліміздің әрбір азаматы митингі өткізу тек өз құқы емес, үлкен жауапкершілік екенін де түсінгені жөн. Сондықтан заңсыз əрекеттерге тыйым салынатын болады.
Кеңесте партияларға қатысты заңға өзгеріс енгізу туралы айтылды. Партия құру үшін тіркеу шегі бұрынғыдай 40 мың емес, 20 мың адам болса жеткілікті. Партия қатарынан сайланатын азаматтар тізімінде əйелдер мен жастар санын 30 пайызға жеткізу көзделуде. Елімізде алғаш рет Мемлекет басшысының өзі парламенттік оппозиция болуы керек екені туралы айтты.
Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінде мұндай нақты ұсыныстар мен шешімдердің қабылдануы – қоғамымыздың алға басуының айғағы және билікке деген қоғам сенімінің артуы. Мұны қысқа мерзім ішіндегі билік пен қоғам арасындағы үлкен жетістік деп айтуға толық болады.
Қуаныш АЙТАХАНОВ,
қоғам қайраткері