Қоғам • 27 Желтоқсан, 2019

2019 жылы қызылшамен ауырған 377 адамның 50 пайызы екпе алмаған

141 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Соңғы 100 жылда вакцинациялаудың нәтижесінде көптеген инфекциялық, оның қатарында аса қауіпті оба, холера, сары қызба секілді аурулардың алдын алуға қол жеткізілді. Ал ертеректе көптеген адамдардың өмірін алған қара шешек мүлдем жойылды.

2019 жылы қызылшамен ауырған 377 адамның 50 пайызы екпе алмаған

Мәселен, қызылшаға қарсы вакцина шыққан 1960-жылдарға дейін әлемде аталған аурумен жылына 2,6 миллион адам көз жұматын болған. Бүкіл әлемдік денсаулық сақтау ұйымының мәліметіне сәйкес, 2000-2017 жылдар аралығында аталған инфекциялық аурудан қайтыс болу дерегі 80 пайызға азайған. Өкінішке қарай, соңғы жылдары вакцинациялауға қарсы қозғалыс салдарынан кейбір азаматтар  екпе алудан үзілді-кесілді бас тартып, кішкентай сәбилеріне екпе жасатпай отыр. Олардың көпшілігі әлеуметтік желіден дәлелденбеген және сенімсіз ақпарат көздерінен оқыған, көрген мәліметтерге сүйеніп, екпеден бас тартуда.

АмерикалықДжордж Вашингтон, Джон Хопкинс және Мэриленд университеттерінің бір топ ғалымы әлеуметтік желілердегі, оның ішінде Facebook желісіндегі екпеден бас тартуды насихаттау жарнамаларының артында қандай компаниялар тұрғанын анықтаған. Нәтижесінде бұндай ақпараттардың таралуына белгілі бір компаниялар қаржылай демеушілік көрсеткен. Желі өкілі екпеге қатысты жалған ақпараттарды бақылауға алғанын мәлімдеген. Сондықтан осы мәселеге келгенде мұқият болып, дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ақпараттарына ғана құлақ асқан жөн.

Қазақстан Ұлттық егу күнтізбесіне сәйкес, облыс аумағында жалпы тұрғындарды жоспарлы екпелермен  қамту — 95 пайыз.  Алайда  әртүрлі себептерге байланысты екпеден бастартып отырған ата-аналар да бар. 2009 жылдан бастап 2000-ға жуық бала ата-аналарының қарсылығынан екпе алмаған. Бұл ата-аналар әлеуметтік желілердегі еш дәлелі жоқ алып-қашпа ақпараттарға сеніп, балаларының денсаулығына үлкен қауіп-қатер төндіріп отыр. Мысалы, қазіргі таңда жалпы әлемде және  республикамызда, оның ішінде облыс аумағында қызылша инфекциясы бойынша күрделі эпидемиологиялық жағдай сақталып отыр. 

2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап қызылшамен 377 адам ауырса, оның ішінде 160 бала бар. Ауырғандардың 50 пайыздан астамы екпе алмаған.  Қызылша —  адамнан адамға ауа тамшылары арқылы тез тарайтын, әсіресе сәбилерге  қауіпті емі жоқ инфекция. Оның алдын алу тек вакцинаның көмегімен ғана жүзеге асады. Сондықтан, тұрғындарға айтарым, екпеден қорқудың еш негізі жоқ. Облыс аумағында қызылшаға қарсы барлық қажетті тексерулерден өткен, сапасы куәландырылған Үндістанда  өндірілген вакцина қолданылады. Жалпы вакцинациядан бас тартпауға шақырамын. «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» деген сөзді есімізге алайық. Вакцинация ақысыз, сертификатталған. Егу жүргізудің барлық сатылары департаменттің қатаң  бақылауында және екпе жасайтын  мамандардың жауапкершілігі арнайы нормативтік құжаттармен белгіленген.

Мұхтар СЕРБАЕВ,

Ақтөбе облысының тауарлар мен көрсетілетін

қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау

 департаменті басшысының орынбасары