Офтольмоскоп және отоскоп. Енді жалпы практика дәрігерлерінің дәл осындай құралдары бар. Ақ халаттылар отоларинголог пен окулистерден білім алып, оны практика жүзінде қолданбақ. Мұндай тәжірибе Мәскеуден алынды.
–Мына құрылғы отоскоп деп аталады. Ол арқылы біз құлақ ауруларын анықтаймыз. Мұнда әр түрлі өлшемдер бар. Яғни балаға да, үлкенге де қолдануға болады. Балалар мен ересектердің көз түбін зерттеу әдісі офтольмоскоп деп аталады. Мына құрал пикфлоуметр деп аталады. Ол кеудені тексеруге арналған. Біз балалардың тамырын тексеріп, бір жасқа дейінгі сәбилердің тыныс алу жиілігін анықтаймыз,–дейді жалпы практика дәрігері Айдана Жүнісбекова.
Мамандардың айтуына қарағанда, жаңа құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілгеннен кейін медициналық тексеріс бұрынғыдан әлдеқайда нақтылана түспек. Демек, ем тез қонады деген сөз.
– Біздің бөлімшелік медбикелерге де арнайы сөмкелер қарастырылған. Оның ішінде таразы, бойды өлшегіш, жаңа туған сәбилерден бастап, 5 жастан асқан балаларға арналған манжеттер бар, – дейді қалалық емхана бөлімінің меңгерушісі Арминэ Тороян.
Жаңа медициналық жабдықтардың көмегімен енді жалпы практика дәрігерлері тар бейінді мамандардың көмегінсіз өздері-ақ диагностика жасай алады. Осылайша жалпы саны 60 медициналық сөмке сатып алынды. Бұл «бірінші байлыққа» жасалған зор қамқорлық.
Көкшетау қаласы