Руханият • 10 Қаңтар, 2020

Үйренерлік үздік үлгі

645 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Әлемдегі қай халық та өзінен шыққан ұлы тұлғаларды ардақтайды, құрметтейді, әспеттейді, олардың ерен еңбегін ескеріп, есімін елді мекендерге, қалаларға беріп, еңселі ескерткіштерін орнатып жатады. Біз де солай етеміз. Жаны жырға жақын, әнге әуес, күйге құмар қазақ әсіресе сөз бен сазға келгенде қадірлісінен, қасиеттісінен құрметін аяп қалмайды.

Үйренерлік үздік үлгі

Соның өзінде де дәл Абай туралы толғанғанда мына бір жай таң қалдырмай қоймайды. Біз «Абай атамыз» деп сөйлейміз. «Абай атамыз айтқандай» деп әңгіме бастаймыз. Сөз мәніне терең үңіліп қарасақ, бұл бір ғажап құбылыс. Бүкіл халықтың ақынды немесе жазушыны ата деп атауы, жанына соншалықты жақын тұтуы мына жұмыр Жер­дің бетінде қазақтан басқа халықта кездесе қоймаса керек. Кез­дессе де сирек екені анық. Кейде ойлап отырсаңыз, Абай біз үшін ақын да, философ та, аудармашы да, композитор да емес, бәрінен бұрын өзіміздің жанымызға соншама жақын адамымыз, ағайынымыз ба, туысқанымыз ба, ағамыз ба, атамыз ба, әйтеуір бір жақсы танитын адамымыз сияқты. Сол адаммен талай рет кездескен, сөйлескен, сырласқандаймыз, талай рет ақылын алғандаймыз, ал кейде не балалықпен, не шалалықпен алмай кеткендейміз. Біз өмірімізді Абайсыз елес­тете алмаймыз. Қуансаң да, қиналсаң да Абайдың алдына барасың. Жар сүйіп, бала сүйіп қуансаң да, жақыныңның азасына күйіп, қайғырсаң да Абай жаныңнан табылады.  Иә, Абай атамыз бізге кәдімгі өзіміздің атамыз сияқты. Абаймен ақыл­дасамыз, Абаймен сырласамыз, Абайға мұңымызды шағамыз, Абайдан тағылым аламыз. Абай біз үшін арамызда жүрген ақылман, даламызда  жүрген данышпан.  Сондықтан да ұлы Абайдың биыл кең көлемде аталатын 175 жылдығы  ақынның, ойшылдың, аудармашының, композитордың кезегімен келіп тұрған мерейтойы ғана емес, біздің әрқайсымыздың атамыздың, халықтың рухани әкесінің, бәріміздің біртуар бабамыздың бәріміз бірігіп өткізетін, бәрімізге сынақ болатын белесті тойы деп қаралуға тиісті.

Бұйыртса, дәл солай болатын сыңайлы. Оның бір де бірегей кепілі – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ел газеті «Egemen Qazaqstan»-ның кешегі санында жарияланған  «Абай және XXI ғасырдағы Қа­зақстан» атты көлемді мақаласы. Ол жайында сөз етердің алдында мына жайдың басын ашып алу керек.

Абайдың басты ұлылығы оның көркем сөзді кемеліне келтірген сұңғыла суреткерлігінде, өзі «өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы» деп ардақтаған поэзиясының ғажайып қуатында, айтарының бәрін айшықтап жеткізетін дара зергерлігінде. Оның әлемдік әдебиеттің небір үздік үлгілерін төл тілімізге төгілтіп түсірген асқан аудармашылығы да, өз сөзін жан-жүрекке жақынырақ жеткізудің жолын тапқан керемет композиторлығы да алдырмас асу, бөлекше биіктік. Халқымыз мұны жақсы біледі. Классик қаламгеріміз Мұхтар Әуезовтен бастап талай ойшылдарымыз, ғалымдарымыз Абай мұрасын жан-жақты зерттеген, зерделеген. Бұлар жайында әдебиеттанушыларымыз, тіл білімінің өкілдері той алдында, той тұсында  тағы да тереңірек толғана түсуге тиіс. Қасым-Жомарт Тоқаев өз мақаласында ол жағын кәсіби мамандардың үлесіне қалдырып, өте дұрыс жасаған. Президенттің бұл мақаладағы негізгі айтпағы –  Абай сөзінің бүгінгі заманымыз үшін де көкейкестілігі, ақын атамыздың айтқандарынан халқымыз қазіргідей тарихтың тар тұсында қандай тағылым алуға тиістілігі. Мемлекет басшысы ақын жайында, философ жайында дәл осы ракурста сөйлеуі керек еді.

«Абай сөзі ұрпақтың бағыт алатын темірқазығына айналуы қажет», деген Президент өз мақаласында ақын мұра­сының дәл қазіргі жаңғыруға қаншалықты табиғи қабысатындығын айқара ашып көрсеткен. Елдің үнемі алға жылжуына, өсіп-өркендеуіне шын ниетімен тілеулес болған, осы идеяны барынша дәріптеген Абайдың ғылымға, білімге шақыруы бүгін де («бүгінде» десек дәлірек болар) өте өзекті. Бұл орайда автордың «Өскелең ұрпақ, Абай айтқандай, ғылымды толық игерсе, өз тілін құрметтесе әрі шын мәнінде полиглот болса, ұлтымызға тек игілік әкелері сөзсіз», «Интеллектуалды ұлт қалыптастыру идеясы Абайдан бастау алады» деген ойлары өте орнықты. Осы арада Мемлекет басшысының: «Жастарымыз неғұрлым көп тілді меңгерсе, соғұрлым мүмкіндігі кеңейеді. Бірақ олардың ана тілін білуіне баса мән берген жөн», «Қазіргідей жаңа тарихи жағдайда бәріміз ана тіліміздің дамуы мен дәріптелуіне назар аударып, оның мәртебесін арттыруымыз керек» деген сөздеріне бөлекше мән берілуін қалар едік. Қазақ тілі – ең басты қасиеттіміз.

Абай өз халқын көштен қалмауға, бас­қаларға теңесуге шақырған еді. Ақынның бұл аманатын біз орындай алдық. Ел бол деп еді – ел болдық. Қазірдің өзінде әлемдегі дамыған елу елдің қатарына қосылдық. Енді озық отыздықтан орын алуға ұмтылып жатырмыз. «Біздің мін­детіміз – осы ілгері көшке ілесіп қана қоймай, алдыңғы қатардан орын алу», дейді Қасым-Жомарт Кемелұлы.  Бұл істе тағы да Абай алға тартқан міндеттер, Абай қойған талаптар көмекке келеді. Мысалы, «толық адам» туралы айтқанын алайық. «Біз Абайдың «толық адам» тұжырымын қайта зерделеуіміз керек. Бұл бағытта ғалымдарымыз тың зерттеулерді қолға алуы қажет. «Толық адам» концепциясы, шындап келгенде, өміріміздің кез-келген саласының, мемлекетті басқару мен білім жүйесінің, бизнес пен білім отбасы институттарының негізгі тұғырына айналуы керек деп есептеймін», дейді Президент.

Ақын сөзін жас ұрпаққа  осы заманның әдіс-тәсілімен, өтімді етіп, түсінікті етіп жеткізу де өте маңызды. Абайдың тұсында қазақ жазба әдебиетінде балаларға  әдейілеп шығарма жазу дәстүрі қалыптаспағанын, сондықтан жас оқырманға ақынның қат­пар-қатпар, қыртыс-қыртыс ойлары, қорғасыннан құйылғандай сөз салмағы сал­ған беттен ауырлыққа түсерін де ескер­месе болмайды. Мектепте Абайды оқы­туда өлеңді құр жаттатудан бойды аулақ салып, негізгі назарды насихатқа, интер­претацияға, герменевтикаға аударған жөн болады. Бұл үшін озық әдістеме талап етіледі.

Абай тойын өткізудегі басты мақ­сатымыз ақын шығармаларын одан әрі таны­мал ете түсу ғана емес. Абайды әлемге әйгілеу ғана емес. Бұл тойдың тұсын­дағы басты мақсатымыз бүкіл халықтың өзіміздің атамыздың алдындағы, ұлт ұстазы алдындағы өзіндік бір іштей есеп беруіне қол жеткізу болуы керек деп білеміз. Бұл туралы Тоқаев тұжырымы тіпті тамаша: «Ұлылықтың тойы ұлт алдындағы ұлы міндеттің үдесінен шығудың жолын іздеуге ұмтылдыруы тиіс. Әр азамат осы тойдың алдында еліміз, елдігіміз жөнінде терең ойланса дейміз. Абай бізге нені аманаттады? Абай бізден нені талап етті? Абай бізден нені күтіп еді? Абай елдің қай ісіне сүйініп еді? Сол сүйінген ісінен үйрене алдық па? Абай қазақтың қай ісіне күйініп еді? Сол күйінген ісінен жирене алдық па? Басқасын былай қойғанда, ақын айтқан бес асыл істі жүзеге асырып, бес дұшпанды бойдан қашырып жатырмыз ба деген ойдың төңірегінде толғансақ та талай жайға қаныға аламыз. Абай мұрасы – біздің ұлт болып бірлесуімізге, ел болып дамуымызға жол ашатын қастерлі құндылық».

Өтпелі кезеңдегі уақытша қиын­шылықтар тұсында халықтық мінезімізді, ұлттық қалпымызды өзгертіп алмауымыз өте маңызды болып тұр. Абай айтқан міндердің үстіне жаһанданудың желімен жеткен жаңа жамандықтарды жамап қалудан сақтану да ұдайы жадымызда жүруге тиіс. Президент мұны да ескертеді: «Бізге, Абай айтқандай, артық мақтанға салыну, өзгені қор, өзімізді зор санау, дау қуу әсте жараспайды. Әр қадамымызды анық басып, әлемде және елімізде болып жатқан оқиғаларды байыппен сараптай білуіміз қажет. Тұрақтылық пен дамуымыздың кепілі болған татулық пен бірлікті бәрінен жоғары қойған абзал. Мемлекет мүддесін көздесек, әуелі сабақтастық сақталып, төгілген тер мен атқарған еңбектің далаға кетпеуін ойлайық».

Отыз тоғызыншы сөзінде атамыз біздің ата-бабаларымыздың «бұл замандағылардан екі артық мінезі бар екен» деп көрсетіп, сол екі мінездің бірі ретінде алдымен ауызбіршілігін айтқан. Сонан кейін «Екіншісі – намысқор келеді екен» деген. «Аты аталып, аруақ шақырылған жерде ағайынға өкпе, араздыққа қарамайды екен, жанын салысады екен» деген. Ата-бабаларымыздың бойындағы сол ауызбіршілік те, сол намысқорлық та бізге жаңа мыңжылдықта, жаңа ғасырда ауадай қажет. Ауызбіршілігіміз болса, намысқорлығымыз болса, біз алмайтын қамал қалмайды, біз аспайтын асу қалмайды. Абай атаған ең қарапайым талаптарды орындасақ та, мысалы, бойымызда, ойымыздан талабымыз, еңбегіміз, терең ойымыз, қанағатымыз, рақымымыз табылса да, бойымыздан, ойымыздан өсекті, өтірікті, мақтаншақтықты, еріншектікті, бекер мал шашпақтықты шығарсақ та, талай істі тындырамыз. Президент сөзімен айтар болсақ, «Жалпы, өмірдің қай саласында да Абайдың ақылын алсақ, айтқанын істесек, ел ретінде еңселенеміз, мемлекет ретінде мұратқа жетеміз».

Абай мұрасы – үйренерлік үздік үлгі.

 

Сауытбек АБДРАХМАНОВ,

Мәжіліс депутаты