Қоғам • 10 Қаңтар, 2020

Қазақ Ұлттық өнер университетінде дөңгелек үстел өтті

574 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қазақ Ұлттық өнер университетінің кітапханасында қазақтың ұлы ағартушысы, ақын, қоғам қайраткері және композитор Абай Құнанбаевтың 175 жылдығына арналған дөңгелек үстел өтті. Іс-шара «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ұйымдастырылды. Бұл туралы Мәдениет және спорт министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Қазақ Ұлттық өнер университетінде дөңгелек үстел өтті

Дөңгелек үстелдің спикерлері  ретінде оқу орнының тәрбие ісі жөніндегі проректоры, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, профессор Қымбат Тлеуова, тәрбие жұмысы және жастар ісі жөніндегі бөлімнің басшысы Ержан  Құлымбетов және ҚазҰӨУ колледжінің тәрбие бөлімінің басшысы Хайдар Табешев  сөз сөйледі.

Іс-шара барысында Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты ұлы Абайдың 175 жылдығына және оның рухани мұрасының қазіргі қоғам үшін маңыздылығына арналған мақаласы талқыланды.

Қазақстан Республикасы Президентінің мақаласындағы «Ұлттық болмыстың үлгісі», «Мемлекет ісінің мүдделесі», «Жаңа қоғамның жанашыры», «Әлемдік мәдениеттің тұлғасы», «Торқалы тойдың тағылымы» атты негізгі бөлімдерде айтылған ой-пікірлер  сарапқа салынды.

Ал студенттер қауымы Абайдың Ұлттық тарих пен қазақ халқының рухани дамуында өшпес із қалдырғандығы, ақын шығармаларынан үзінділер оқу бойынша эстафета өткізудің маңызы, ғасыр ақынының мерейтойын атап өтудің негізгі бағыттары, Абайдың арманы мен бүкіл ұлт пен адамзат баласының арманы үндес екендігі туралы өзіндік көзқарастарын білдірді.