Алдымен, ұлттық концепцияны негіздесе, (XXI ғасырдағы қазақ ұлты қандай болу керек? Интеллектуалды ұлт, ұстаздың орны), одан кейін мемлекетшілдікті дәріптеген (өз елін сүю, бірлік, әділетті қоғам). Үшіншіден, қоғамды жаңғыртуға бейімділік, жаңашылдықтың үлгісін көрсетсе, (өз ұлтыңды құрметтей отырып, өзге де мәдениетті білуге, тануға талпыну, жаңа кәсіп үйрену, масылдықтан аулақ болу т.б.), соңында адамзатқа ортақ құндылықтар негізделіп көрсетіледі (толық адам концепциясы немесе кәміл мұсылмандық үлгісі).
Абайдың ұлттық концепциясы ең алдымен ұлттың тілі мен ділі туралы ойларынан өрбиді. Қазақ тіл білімінің білгірі профессор Қ.Жұбанов Абайдың қайтыс болғанына отыз жыл өтуіне байланысты жазған «Абай – қазақ әдебиетінің классигі» деген мақаласында ұлы ұстаздың қазақ мәдениетіне енгізген басты жаңалығы ретінде оның қазақ әдеби тілін қалыптастыруға жаңаша бағыт берген тілдік ұстанымына алғаш рет ғылыми талдау жасады, сол арқылы Абайды «байшыл, діншіл» деп күстаналауға дайын тұрған ортаның аузына құм құйды, Абайдың әдеби, тілдік мұрасына кеңестік ғылымның назарын аударды.
Қ.Жұбанов: «Қазақ әдебиетінің тарихындағы Абайдың ұстайтын орнын босағаға қарай ысырмалаушылар, оған да місе тұтпай, табалдырықтан шығарып тастаушылар, менің байқауымша, даусыз бір моментті ескермей жүр; ол – өз тұсында, жалғыз қазақ емес, басқа көршілес елдерден де Абайдың әдебиеттегі үзіктігі» дей келіп, XIX ғасырдың екінші жартысындағы бүтін Орта Азияда өз ұлтының мәдениетін, әдебиетін, тілін жаңа белеске шығаруда Абаймен тұстас келетін, Абаймен иықтас бірде-бір тұлғаның болмағанын дәлелдейді.
Қазақтың ұлттық жазба әдеби тілінің негізін қалаған, қазақ әдебиетінде өлең құрылысына өзіндік жаңалықтар енгізген, қазақтың тілі мен әдебиетінің тазалығын, халықтық болмысын сақтай отырып, оны европаның үздік мәдениетіне жетелеген Абайдай тұлғаның үлгілі сөздері екі ғасырға жуық уақыт өтсе де мәнін жойған жоқ. 1901 жылы П.М.Мелиоранскийдің Абай өлеңдеріне жасаған талдауынан бастасақ, Абайдың шығармашылық, кісілік тұлғасы ғасырдан астам уақыт бойы түрлі бағыттағы (әдеби, тілдік, философиялық, теологиялық, құқықтық т.б.) зерттеулердің өзегі болып келе жатыр. Бірақ әр кезеңнің өзекті мәселесімен қабысып, жаңа қырынан жаңғырып отыратын Абай болмысы адамзатты әлі де қайран қалдыра берері сөзсіз.
Абайдың ұлттың ділін қалыптастырудағы ойларын оның «толық адам» концепциясының бір құрамдас бөлігі ретінде қарастыруға болады. Мемлекет басшысы мақаласында: «Біз Абайдың «толық адам» тұжырымын қайта зерделеуіміз керек. Бұл бағытта ғалымдарымыз тың зерттеулерді қолға алуы қажет. «Толық адам» концепциясы, шындап келгенде, өміріміздің кез-келген саласының, мемлекетті басқару мен білім жүйесінің, бизнес пен отбасы институттарының негізгі тұғырына айналуы керек деп есептеймін», – дейді. Бұл – XXI ғасырда рухани жаңғырған қазақ қоғамын қалыптастыруда Абай ұсынған «толық адам» концепциясының маңыздылығын ұлт басшысының қаншалықты бағалайтынын танытады. Зерттеуші, абайтанушы М.Мырзахметов «Қазақ әдебиетіндегі сопылық таным» (Алматы, 2012) деген еңбегінде Абайдың 38-қарасөзінде қолданылған жәуанмәртлік (парсы тілінен аударғанда «жомарт жігіт») ұғымына талдау жасай келіп, Абайдың толық адам немесе «ал-инсан ал-кәмил» танымының төрт негізі ақыл, әділет, қайрат, қанағат ақынның бүкіл шығармашылығының түп қазығы екендігін айтады. Зерттеушінің пайымдауынша, Абай өзіне дейінгі түркі ғұламаларының – Әл-Фарабидің, Жүсіп Баласағұнидың, Ясауидің, Румидің кемел адам жайлы ой-тұжырымдарынан хабардар болып, сол жолда ізденген, «толық адам» ілімінің негізін жасап, оны жеке адамды түзеуге, сол арқылы қоғамды, адамзатты дұрыс жолға салуға пайдаланған.
Қайрат пен ақыл жол табар,
Қашқанға да, қуғанға.
Әділет, шафқат кімде бар,
Сол жарасар туғанға, – деп,толғаған Абай адамшылықтың төрт негізін қара сөздерінде философиялық ойларымен өрнектейді. 38-қарасөзінде: «Ей, жүрегімнің қуаты, перзентлерім! Сіздерге адам ұғылының мінездері тұғралы біраз сөз жазып ядкар қалдырайын» деп, кейінгі ұрпаққа сөз арнайды. Арнау сөзін адамзатқа берілетін ең ұлық қасиет – махаббат сезімін түсіндіруден бастайды. Алланы сүю, сол арқылы бүкіл адамзатты, тіршілікті жақсы көру, білмекке құштарлық, ғылымға ден қою, ғылымды мақтан, дүние үшін үйренуден аулақ болу, адамды бұзатын жаман әдеттерден сақтану, шын мұсылман болудың жолдары туралы сыр төгеді. Абайдың толық адам концепциясының басты түсініктері Қ.Тоқаевтың мақаласында қазіргі қоғамның түсінігіне, заман ағымына, елдік мұраттарымызға сәйкестендіріліп талданады. «Адам өмірі тұтасымен түрлі қарым-қатынастардан құралады. Онсыз адам қоғамнан бөлініп қалмақ. Ал қарым-қатынас міндетті түрде өзара жауапкершілікті туғызады. Бұл жауапкершілік қара басының қамын биік қоятын өзімшілдік араласқан кезде бұзылады. Сондықтан Абай: «Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста, Сонда толық боласың елден бөлек» деп адамға нұрлы ақыл мен ыстық қайраттан бөлек жылы жүрек керек екенін айтады.
Осы үш ұғымды ол үнемі бірлікте қарастырады, бірақ алдыңғы екеуі жүрекке бағынуы керек деп есептейді. Бұл – қазақ халқының өмірлік философиясы».
Кемел адам философиясының өзі адамзатты сүю, жүректі кірден тазарту, қандай құбылысты да жүрекпен бағалау ұғымына негіздейтін жүрек іліміне барып тіреледі. Қазіргі таңда қоғамымызда орын алып жүрген келеңсіздіктердің баршасы ғылымды, ақыл, қайратты жүрекке бағындырмаудан, әділетсіздік пен қанағатсыздыққа жол беруден етек алып отырғаны сөзсіз. Сондықтан мемлекет басшысының Абайдың «толық адам» концепциясын жете түсініп, оны қайта зерделеуге ұсынған бағыты көптің көкейінен шығатын орынды пайымдау дер едік.
Профессор Қ.Жұбанов жоғарыда аталған еңбегінде Ф.Энгельстің «Жаңа өсиетті» аударып, неміс прозасының негізін қалаған М.Лютерді ренессанс дәуірі тудырған титандардың бірі ретінде бағалаған пікірін келтіріп, Абайдың қазақ мәдениетіне бетбұрыс жасаудағы еңбегі одан асып түспесе, кем түспейтінін, бірақ өз елі оның бағасын әлі де түсіне қоймағанын айтып, қынжылады.
Бір жарым ғасыр өткенде «біз Абайды толық түсіндік пе?!» деген ой әлі де күн тәртібінен түскен жоқ. «Қазіргі өркениетті мемлекеттердің барлығы дерлік шоқтығы биік тарихи тұлғаларымен мақтана алады. Олардың қатарында саясаткерлер, мемлекет және қоғам қайраткерлері, қолбасшылар, ақын-жазушылар, өнер және мәдениет майталмандары бар. Қазақ жұрты да біртуар перзенттерден кенде емес. Солардың ішінде Абайдың орны ерекше. Бірақ біз ұлы ойшылымызды жаһан жұртына лайықты деңгейде таныта алмай келеміз», – деген президентіміздің сөзі де осының айғағы.
Осы мақаланың маған ерекше ұнаған тұсы, онда «біздің Абайымыз – керемет, біз Абаймен мақтанамыз» деген ресми мезірет, құрғақ мақтаннан гөрі Абайдың тұлғалық, өнегелік болмысына көбірек ден қою бар. Мемлекет басшысы ретінде Абай ұсынған «кемел адамның» жүйесін қазіргі қоғаммен қалай қабыстырамыз, ұлтсызданудың «үсігі ұрып» бара жатырған ұрпаққа қалай сіңіреміз, тәуелсіз мемлекетімізді жаһандық өркениетке жетелеуде Абай жаңашылдығын іс жүзінде қалай қолданамыз, қайтсек ұлы тұлғаны әлемге танытып, сол арқылы ұлтымыздың мәртебесін көтере аламыз деген алаңдаушылық басымырақ көрініс береді. Абайдың 39-қарасөзінде бұрынғы ата-бабаларымыздың артық екі мінезі туралы мынадай өнегелі ой бар: «.. ол заманда ел басы, топ басы деген кісілер болады екен. Көші-қонды болса, дау-жанжалды болса, билік соларда болады екен. Өзге қара жұрт жақсы-жаман өздерінің шаруасымен жүре береді екен. Ол ел басы, топ басылары қалай қылса, қалай бітірсе, халық та оны сынамақ, бірден-бірге жүгірмек болмайды екен. «Қой асығын қолыңа ал, қолайыңа жақса, сақа қой», «Бас-басыңа би болсаң, манар тауға сыймассың, басалқаңыз бар болса, жанған отқа күймессің» деп, мал айтып, тілеу қылып, екі тізгін бір шылбырды бердік саған, берген соң, қайтып бұзылмақ түгіл, жетпегеніңді жетілтемін деп, жамандығын жасырып, жақсылығын асырамын деп тырысады екен. Оны зор тұтып, әулие тұтып, онан соң жақсылары да көп азбайды екен» дейді.
Аталған мақаланы XXI ғасырдағы Абайды жаңаша танудың келелі көшін мемлекет басшысы, ұлт жетекшісі өзі бастап, жол көрсетуінің ақжолтай үлгісі ретінде қабылдадық.
Бибайша НҰРДӘУЛЕТОВА,
филология ғылымдарының докторы, профессор
Ш.Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар және инжиниринг университеті