Павлодар облысына келгеннен кейін Ерлан Әукенов алдымен ауданның жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі мен аудандық Халықты жұмыспен қамту орталығында болды, онда АӘК тағайындау үшін құжаттарын қабылдау, Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру, сондай-ақ ардагерлермен және мүгедектермен жүргізіліп жатқан жұмыстармен танысты.
Жоғарыда аталған нысандарды аралау барысында вице-министр атаулы әлеуметтік көмек алуға өтініш білдірген азаматтарға жаңа тәсілдерге сәйкес қалай көрсетілетінін түсіндірді.
«Біз бұрын қолданыста болған шекті өлшемді сақтадық, оған сәйкес әлеуметтік көмек тағайындау үшін отбасының әрбір мүшесіне жан басына шаққандағы орташа табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70% - нан кем болуы тиіс. Отбасының барлық мүшелері үшін АӘК мөлшері жан басына шаққандағы табыс пен кедейлік шегінің арасындағы айырмашылық ретінде айқындалатын болады. АӘК ашықтығын қамтамасыз ету үшін тоқсан сайын тағайындалады, ал отбасының материалдық жағдайына тексеру жүргізу мерзімі 3 күннен 7 күнге дейін ұлғайтылады, бұл процесте учаскелік комиссиялардың рөлі күшейтіледі» деді Әукенов.
Ол сондай-ақ ауыл тұрғындарына АӘК алатын табысы аз отбасылардың балаларына ұсынылатын кепілдік берілген әлеуметтік топтаманы (бұдан әрі-КБӘТ) таныстырды. Вице-министр КБӘТ-ға кіретін тұрмыстық химия өнімдері мен тауарларының саны мен көлемін көрнекі түрде көрсетіп, оның құрамы Денсаулық сақтау министрлігінің ұсынысы бойынша қалыптастырылғанын, ол балалардың жас ерекшеліктеріне байланысты: 1-ден 3 жасқа дейін және 3-тен 6 жасқа дейін ерекшеленетінін атап өтті.
6 жастан 18 жасқа дейінгі балаларға мектептерде ыстық тамақпен, оқу құралдарымен және мектеп киімімен қамтамасыз етіледі, сондай-ақ оларға мектепке дейінгі жол жүру шығындары өтеледі. Медициналық, оның ішінде стоматологиялық көмек 18 жасқа дейінгі балаларға тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру шеңберінде көрсетілетін болады.
Ерлан Әукенов, сондай-ақ, Қазақстанда көпбалалы отбасыларды қолдау мақсатында 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап 4 және одан да көп кәмелетке толмаған немесе 23 жасқа дейінгі күндізгі оқу бөлімінде оқитын студент балалары бар отбасыларға жаңа мемлекеттік жәрдемақы енгізілгенін атап өтті. Бұл мемлекеттік жәрдемақы отбасының табысына қарамастан төленеді. Осы айда оны жалпы сомасы 17,7 млрд теңгеге 367 мың отбасы алды.
Сонымен қатар вице-министр «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының жетілдірілген тетіктерін егжей-тегжейлі түсіндірді.
«Көпбалалы және табысы аз отбасы мүшелерін кәсіпкерлікке тарту үшін оларға микрокредиттер жылдық 4% - дан аспайтын пайыздық мөлшерлемемен 7 жылға дейінгі мерзімге жеңілдікті шарттармен берілетін болады. Бұдан басқа, халықтың барлық санаттары үшін мемлекеттік гранттардың бірыңғай мөлшері – 200 АЕК белгіленген. Сонымен қатар көпбалалы және табысы аз отбасы мүшелері алдын ала оқусыз грант алуға құқылы» деді ол.
Облыстық әкімдікте вице-министр өңірдің қалалары мен аудандарымен жаңа форматтағы АӘК тағайындау және табысы аз отбасылардың балаларына кепілдік берілген әлеуметтік топтамалармен қамтамасыз ету мәселелері бойынша селекторлық семинар-кеңес өткізді. Ерлан Әукенов, сондай-ақ атаулы әлеуметтік көмек тағайындауға үміткер отбасылардың материалдық жағдайына тексеру жүргізу кезінде учаскелік комиссиялардың жұмысын қалай құру керектігін егжей-тегжейлі айтып берді.
Жұмыс сапары барысында Әукенов «бір терезе» қағидаты бойынша әртүрлі мемлекеттік қызметтерді ұсынатын «Open Pavlodar» фронт-кеңсесінің жұмысымен танысты.
Естеріңізге сала кетейік, кеше вице-министр ШҚО-да құжаттарды қабылдау барысымен танысып, өңір тұрғындарына АӘК көрсетудің жаңа тетіктерін түсіндірді.