Бұдан біразырақ бұрын «Ұлысымның ұйытқысы – Оңтүстік» атанған алтын құрсақты аймағыңыздың алыстағы ауданында алашыңыздың аса көрнекті суреткері, ұлтыңыздың ұлағатты қаламгері, шынайылықтың шыңына шыққан шығармашылық өкілі, балалар әдебиетінің зергері Бердібек Соқпақбаевқа арналған кеш ұйымдастырылды. Бір ақынымыз сонда: «Елегей егемен ел ер-данасын; Бірегей Бердібектің бер бағасын!» деп өлең оқыған.
Бұдан біразырақ бұрын «Ұлысымның ұйытқысы – Оңтүстік» атанған алтын құрсақты аймағыңыздың алыстағы ауданында алашыңыздың аса көрнекті суреткері, ұлтыңыздың ұлағатты қаламгері, шынайылықтың шыңына шыққан шығармашылық өкілі, балалар әдебиетінің зергері Бердібек Соқпақбаевқа арналған кеш ұйымдастырылды. Бір ақынымыз сонда: «Елегей егемен ел ер-данасын; Бірегей Бердібектің бер бағасын!» деп өлең оқыған.
«Балалық шаққа саяхат», «Жекпе-жек», «Менің атым Қожа», «Қайдасың, Гауһар?» повестері, «Өлгендер қайтып келмейді», «Бурыл ат», «Әріпбай және көкжал қасқыр», «Бір қалта құрт», «Ұлтан оқиғасы», «Көйлек мәселесі», «Мен қалай үйлендім» атты әңгімелері. Бұлар – Бердібек Соқпақбаевтың таңдамалы делінетін туындылары ғана.
Жоғарыда, сөзіміздің бісмілләсінде жергілікті ақынымыздың өлеңінен қос қатарды келтірдік қой. Шынында да, қазақ прозасындағы қазақы құнарлы, қазақы қарапайымдылық деп аталатын шеберліктің қайталанбас ұлы мектебін Бейімбет Майлин бастаса, Бердібек Соқпақбаев – сол ұлы мектебіңіздің керегесін, яғни қазақ қара сөзінің, қазақ көркем әдебиетінің көкжиегін кеңейтуімен кемел тұлға.
Жазушы Бердібек Соқпақбаевтың тұспалға толы, астары алуан туындыларын оқымайтын, білмейтін бала-шаға да, жас та, жасамыс та жоқтың қасы еді. Кезінде. Кеңестік заманыңызда. Соқпақбаев бірде-бір шығармасында сол қоғамыңызды, сол заманыңызды, партияңыз бен үкіметіңізді мадақтаған жоқ. Соқпақбаевтың «сойылы» кереғар сілтенетін. Астар мен тұспалды тәптіштейтініміз сондықтан. Бір таңданарлығы – Бердібегіңіздің кез келген шығармасы Тәуелсіздік алғаннан кейін де жаппай оқылғаны. Қазір де кітап оқымайтын, оқылмайтын уақытта да оқылып жүргені. Ертең де, келешекте де оқылатыны. Сенбесеңіз, ғаламторды қарап байқаңыз. Иланбасаңыз, кітапханаларға барып, сұрастырып көріңіз. Әгәрки, Бердібек Соқпақбаевтың туындыларын «Менің атым Қожа», «Өлгендер қайтып келмейді», «Балалық шаққа саяхат», «Қайдасың, Гауһар?» деген атпен басып шығарып, кітап дүкендеріне түсірсеңіз бар ғой, жылдар бойы өтпей жатқан жинақтардан жүз есе жылдамдықпен тарап-ақ кетер еді-ау.
Соқпақбаев ешқандай да сый-құрмет көрмеді. Көрсете алмадық. Қаламгердің қадір-қасиетін, повестері мен әңгімелерінің, романының құндылықтарын біле тұрып, білгіміз келмеді. Кеңестік кездің билігі, яки үкіметі мен партиясы бағаламады. Бағалағысы жоқ еді. Көзі тірісінде күндестіктің, іштарлықтың, бақастықтың қыл шылбырымен қылқындырудан танбадық. Табиғи, тума да тұма талантын көре алмадық. Әрбір әңгімесін, әрбір повесін бас көтермей оқып, қалай аяқтағанын аңғармай да қалып, тамсанып, таңғалып отыратын талай-талай қаламдастарының іштерін қызғаныштың қызыл иті тырнап: «Бұлай жазуға болмайды. Бүйтіп кез келген адам жазады», десетін. Алайда, сондайлардың өздері Соқпақбаев соқпақтарының маңайына да жолай алмас-ты.
Бердібегіңізді тірісінде неліктен бағаламады? Себебі сол, Бердібегіңіз бірбеткейтұғын. Тайсалмайтын турашылдығы тоталитаризм талаптарына қайшытұғын. Болмыс-бітімінде жағымпаздық пен жандайшаптықтың, жылпостықтың жұрнағы да жоқтұғын. Ол ешкімнен ештеңе сұрамаған. Ишаралап иек көтермеген. Төменшік тартып басын имеген. Талант тазалығы, дарын даралығы, кірпияздығы көп жұрттарыңызға ұнай бермес-ті. Білетіндердің бедерлеуінше, Бердібегіңіз әзіл-оспаққа орасан болған. Осып-осып жібергенді кім жаратсын? Қалжыңы қалыңдығына қарамастан, қатар-құрбы қаламдастарына да аса ашылмаған. Қоғамына да, заманына да, адамына да күреңқабақтау кейіс көрсетумен өткен де кеткен.
Соқпақбаевыңыздың соқпақтары сонылығымен сындарлы. Соқпақбаев стилі өте-мөте түсініктілігімен, солай бола тұра жұмбақтары жасырынып жататын қат-қат қатпарларымен қымбат-ты. Бір қарағанда, қолына қалам ұстаған кез келген «нанталап» жаза салатындай секілденер. Оп-оңай, жеп-жеңіл өрілгендей көрінер. Солай сезілер. Олай ойласаңыз, оңбай қателесесіз. Ондай қарапайымдылыққа, Бейімбет бастаған, Бердібек биіктете білген қазақы құнарлы қазақы қарапайымдылыққа екінің бірі емес, мыңның да емес, миллионның бірі оңайлықпен қол арта алмас. Майлиннің ғана мәнері. Соқпақбаевтың ғана стилі. Өрнектері. Бейімбетіңізге де Алладан айрықша бақ боп қонған. Дүрия дарын. Бердібегіңізге де бір ғана Хақ тағала даралай дарытқан. Табиғат ана арқылы аямай төккен. Төгілме талант.
Өзінше неге өршеленіп отыр демеңіз. Өзгелерге де құлақ қойыңыз. Бақастықтан бойларын аулағырақ ұстағандар бағасын білген. Білгенін бедерлеген. Жүректегілерін жазған. Қазағыңыздың Қадыры, алашыңыздың ақиық ақыны, шандоз шайыры Мырза Әлі бүй деген: «Бәріміз де бала болдық. Қазір есейдік, ересек тарттық. Дегенмен, сонау кезіміздегідей пәк емеспіз. Ал сол көңіл-күйімізді айна-қатесіз бейнелеген «Менің атым Қожаны» барлығымыз оқып шықтық. Біз соны жазған Бердібек ағамызға сол кезде-ақ Мемлекеттік сыйлығын сыйлап қойғанбыз».
Әнекиіңіз. Көрдіңіз бе?! Соқпақбаевтың «Менің атым Қожасы» да, «Балалық шаққа саяхаты» да, «Өлгендер қайтып келмейдісі» де, әңгімелерін «Қайдасың, Гауһар?» атты ғажайып хикаятымен топтасаңыз да, әрқайсысы бір-бір Мемлекеттік сыйлыққа әбден-ақ лайық еді. Амал қанша, берілмеді бірегей Бердібекке. Қайран, Қадыр ағамыз сонау алпысыншы жылдарыңыздың орта тұсында-ақ сыйлап қойған екен. Мемсыйлығыңызды. Өзінше. Ел көкейіндегіні елгезек сезіп. Мың алғыс!
Турасынан тартатын таза ағаларымыздың тағы бірі Мұзафар Әлімбаевты тыңдаңыз: «Бердібек Соқпақбаев − сөзіне берік, ісіне ұқыпты жан. Мен білетін жазушылардың ішіндегі қарапайым, шаруақоры. Өзіне де, өзгеге де қатал, тура, әділ. Тіл өнерінде де солай: әр сөздің, әр сөйлемнің өз орнында тұрғанын қалайды. Бердібек Соқпақбаевтың кітаптарының соңғы бетін жапқанда, өзіңнің ең тату-тәтті дос, жолдастарыңды ұзақ сапарға шығарып салғандай боласың. Қимайсың. Көңілің бұзылады. Жазушы үшін бұдан асқан бақыт болуы мүмкін емес».
Классик қаламгеріміз Тахауи Ахтанов та ағынан жарылады: «Қожа бейнесі – қазақ балалар әдебиетіне қосылған қомақты олжа. Оның еңсесі барған сайын биіктеп, Марк Твеннің Том Сойерімен, Аркадий Гайдардың Тимурымен, қазақ фольклорының Тазша баласымен тайталаспай-ақ, тіпті соларға жетеқабыл жүргенінің өзі әдебиетіміз үшін аз бедел ме?!».
«Жазады – түбін түсіріп барып бір-ақ тоқтайды. Бұл – Бердібектің шырайы, Бердібекке ғана тән нәрсе», – дейді Сайын Мұратбеков. «Саясаттан сая іздемей, ресми идеологияны ықтамай өткен Бердібек шығармаларында өз тенденциясын берік ұстанып, сонысынан айнымай, ақиқатшылдықты темірқазық тұтты. Өзі қалтқысыз білетін өмірді ғана қалтқысыз жазып кетті», – дейді жасандылыққа жаны қас қаламгеріңіз Қастек Баянбай.
Ойпырай! Дейсіз. Осыншама ойып-ойып бәдізделген байыптамаларға қарамастан, Бердібек Соқпақбаев неге бағасын ала алмаған?! Мемсыйлықтан қалайша қағыс қалған?!
Енді өткен ғасырыңызды қоя тұрып, қазіргі кезеңге келейік. Бүгініміздің үніндей, Тәуелсіздігіміздің гүліндей білімпаз баламыз, сын әлеміндегі сонылықтың үлгісін танытып жүрген талантымыз Амангелді Кеңшілікұлы ақиқатшыл атасы Бердібек Соқпақбаевтың қаламынан туған шығармаларда иненің жасуындай да жасандылық жоқ екенін жан-жақты дәлелдейді. Оқырман өспірім, жаны мөлдір жас өскін кезіндегі әсері арқылы. Қазіргі қазақ сынындағы шертпе күйшідейін шымырлата шер тарқатар, тұңғиыққа тартар сырлы сазы арқылы. Амангелдінің Бердібек хақындағы дүр дүниесінен үзінді келтірсек, ұзаңқырап кетерміз. Әркімнің өз көзімен зейіндей зерделемегі абзал шығар.
Ғаламторсыз отыра алмайсыз. Қарайсыз. Бүгінгі оқырмандарыңызға қосыла толғанасыз: «Бердібек ағамыз шынында да өз бағасын ала алмай жүрген ұлы жазушы», «Өкінішке қарай, Бердібек туралы газет беттерінде өте аз айтылады». Амангелді жақсы айтыпты. «Ол кісі балалар жазушысы ғана емес, бала туралы айта отырып, үлкен мәселе көтерген классик». «Бердібек ағамыз – қазақтың Марк Твені». «Кітап дүкендерінен Бердібек Соқпақбаевтың дүниелерін қанша іздесек те, таппаймыз». «Соқпақбаев шығармалары балаларды жақсы іспен айналысуға талпындыратын үлгі-өнегеге толы деп есептеймін. «Жекпе-жекті» оқыған соң менде спортқа деген құлшыныс пайда болып, бокспен айналысуға итермеледі».
Мінекиіңіз, осылайша жалғасар ой-пікірлер аз емес.
Бүгінгі таңдағы бұла талант иелерінің бірі, жаңашыл ізденістерімен сүйсінтіп жүрген жас қаламгер Алмас Нүсіп баламыз да біразырақ бұрын «Қазақ әдебиеті» газетінің тұтас бетінде Бердібек атасының туындылары турасында тебіреніске түсті. Күні кеше ғана іргелі суреткеріміз Дүкенбай Досжанның дүниесін «Жұлдыз» журналынан оқып ризаландық. Дүкең «Бердібек Соқпақбаев» атты эссесінің соңында бүй депті: «Көп ұзамай, ешкімге міндетсінбей, ешкімнен жақсылық, жарылқау күтпей, ешкімнің сыбағасын, несібесін қызғанбай... мына жарық жалғанның емен есігін ақырын ғана жауып... енді қайтып келмейтін бақи жалғанның өлкесіне жөнеліп кете берді. Соңында ет-жүректі сыздатқан сағыныш қана қалды. Көп сыры ішінде кетті. Құлпы берік, алтын сандықтай ағамыздың жан сарайын ашып әлі талай естелік жазылар, әлі талай әуезді әңгіме айтылар-ау».
Дүкең көкем аңғартқандай, осы «көп сыры ішінде кетті» дегенді Бекең жөнінде жазғандардың бәрі дерлік кеуделерін күрсініс керней меңзейді. Неге? Жұмбақ. Адамзатыңыздың Абайынан да анталаған, шешілмейтін жұмбақ қой ол.
Тірісінде тиісінше бағаланбағандар, көзі кеткеннен кейін де бағасын ала алмағандар аз емес, әрине. Қайран Қасым Аманжолов та сондайлардың сойынантұғын. Аллаға шүкір, алды. Бағасын. Орталық Қазақстанымыздың отты жүрегіндей, бүкіл байтағымыздың болат білегіндей бірегей қаламыз Қарағандыны қазақ баласы бұрынғыдан бетер қадір тұтатын болды. Қарағанды облысының сол кездегі әкімі Серік Нығметұлы Ахметовке алғыс жауғай. Соңғы жылдары өткен мерейтойлардың ішінде Қасым мерекесінің жөні бөлек, жосығы ерек болғаны рас. Аманжоловтың алып ескерткіші еңселенді. «Қасым Аманжолов және жаңа дәуір поэзиясы» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция ұйымдастырылды. Том-томдап жыр жинақтары жарық көрді. Астана қаласының үлкен көшесіне Қасымның есімі қойылды. Жөндемді үйге қолы жетпей-ақ кеткен Аманжоловтың екі қызына жаңа пәтерлердің кілті табысталды. Мүшәйра мен ақындар айтысында жыр дүлдүлдері Ұлықбек Есдәулет пен Айнұр Тұрсынбаева бір-бір «Джип» автокөлігін мінді...
Қасым Аманжоловтайын аяулымызды айтқанда, Бердібек Соқпақбаев сынды саңлағыңыздың ойға орала беретіні неліктен екен...
Сонымен, мағлұм болды: Бердібек Соқпақбаевыңыз – теңдессіз тірлік тындырған тұлға. Тәуелсіздігіңіз тұсында да егемен еліне еңбек сіңіруде. Артында қалған ақиқатшыл дүниелерімен. Болашақта да Бекең қазақтың қаншама ұрпақтарын тәлімдеп-тәрбиелей бермекші. Өлмес те өшпес, өнегелі өнерімен. Өзіне ғана тән өрнегімен.
Келесі жылы көркемдік жыршысының туғанына 90 жыл толады. Не істемек керек? Жұртшылықтың пікіріне ден қойсақ: «Қым-қуыттанған уақыттан бір сәт Бердібек бағытына бұрылсақ. Елдігімізді, мемлекеттігімізді, қазақтығымызды, ұлт ретінде өскендігімізді танытсақ. Болашағымызды баянды ете түспекті тереңірек пайымдап, парасаттылыққа жүгінсек. Осы мақсатта Үкіметіміз Бердібек Соқпақбаевтың туғанына 90 жыл толуы турасында толыққанды қаулы қабылдаса. Сол құжатқа сәйкес жауһар жазушыңыздың бес томдық туындылар жинағы бюджет қаржысы немесе ұлттық компаниялар қолдауымен әспеттей әдіптеп, қолға ұстағанда көңіл сүйсінерліктей, сана сәуленердей етіп, кем дегенде 10 мың таралыммен шығарылса. Балаларымыз бен немерлеріміздің қамын, жас ұрпақ тәрбиесін ескере отырып, бес томдықпен ғана шектелмей, жекелеген шығармаларын «Менің атым Қожа», «Өлгендер қайтып келмейді», «Жекпе-жек», «Қайдасың, Гауһар?» деген аттармен алуан түрлі дизайнмен, мол таралыммен кітап етіп басса, шіркін-ай. Марк Твендер тақылеттес. Республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция ұйымдастырылса. Елімізде дәстүрге айналған «Бір ел – бір кітап» акциясы алдағы жылы Бердібек Соқпақбаевқа арналса. Астана мен Алматы және Талдықорған қалаларынан бір-бір көшенің, елордамызда жаңадан ашылған мектептер мен кітапханалардың біріне аты берілсе. Алматының әсем бір алаңы немесе саяжолы мен гүлзарына әзіл-қалжыңы мен терең ойы, бала мінезі мен мөлдір мұңы, «көп сыры ішінде кеткен» кейпі бейнеленген ерекшелеу ескерткіші қойылса. Аумақ-алаң жағына сараңдық жасамай-ақ, керемет кейіпкерлерімен қоса кешен-ескерткіш жасалса ше?! Ғажап жаңалық болар еді-ау! Туып-өскен ауылы мен ауданынан, ең болмағанда, есімін еншілеген екі мектебінің бірінен кең-молдау музей жабдықталмаса, жүдә ұят болатын сияқты.
Үкіметіміз көп кешікпей арнайы қаулы қабылдайтын шығар деген оқырмандар жетіп-артылып жатыпты. Ұлт суреткері ұмыт қалмас. Сенеміз осыған. «Елегей егемен ел ер-данасын; Бірегей Бердібектің бер бағасын!» деп шайыр шырылдайды...
Ма рхабат БАЙҒҰТ,
жазушы, Қазақстанның
еңбек сіңірген қайраткері.
ШЫМКЕНТ.