Абай – біздің ұлттығымыздың, мемлекеттігіміздің, руханиятымыздың, мәдениетіміздің үлгісі. Абай дегенде, ең әуелі ұлттық болмысымыз еске түсері заңды. Ал ұлттық мұраларымыздың заманауи жаңашыл үрдістермен сабақтастық табуы біздің ұлттық мемлекет ретінде тамырымыздың терең, бұтағымыздың биік болуына кепіл. Осы тұрғыдан келгенде, Президентіміз өз мақаласында атап көрсеткендей, Абайды айналып өте алмайтынымыз анық.
Абайдың өлеңдері мен қара сөздеріндегі терең философиялық пайымдар мен толғамдар халықтың болашағы мен кемелденуін, әлемдік деңгейде терезесі тең ел болуын көксеген ұлы мақсаттан туындаған.
Өнер мен ғылым, білім – халықты биікке алып шығар бірден-бір сара жол екенін санамызға сіңірген Абай сөздері Президентіміз Қ.Тоқаевтың мақаласында кеңінен талқыланып, жаңа ойларға бастайды.
Бірінші: «Ұлттық болмыстың үлгісі» тараушасында, Президентіміз Абайдың «Ғылым таппай мақтанба», «Пайда ойлама» ойларын: «Бұл тұжырымдар қазір де аса өзекті. Тіпті бұрынғыдан да зор маңызға ие болып отыр. Себебі ХХІ ғасырдағы ғылымның мақсаты биікке ұмтылу, алысқа құлаш сермеу екенін көріп отырмыз» деп, ақын шығармашылығымен сабақтастыруы жалпы ұлтымыздың ілгері дамуындағы ғылым мен білімнің маңызына мән аудартып, өзектілігін тереңдете түседі. Осы орайда Абай Құнанбайұлының өй өрісі тұрғысынан қарауы, бүгінде өзекті мәселелерге айналған білім беру, тіл проблемасы, интеллектуалды ұлт, ұлттық патриотизм қалыптастыруда бастапқы міндеттер атқаратынын дәйектеп берген. Ұлт болуымыз тек ақын шығармашылығын дәріптеу арқылы ғана емес, оны ұлт дамуының өзегіне айналдыру арқылы жүзеге асатынын әрқайсымыз терең ұғынуымыз керектігіне баса назар аудартады.
Екінші: «Мемлекет ісінің мүддесі» атты тараушада, әділетті қоғам құру идеясының төңірегіндегі ақынның: «Келелі кеңес жоғалды, Ел сыбырды қолға алды» дегенді бекер айтқан жоқ» деп, «Менің «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» атты тұжырымдамам дәл осы әділетті қоғам идеясын дамыту мақсатымен ұсынылды. Билік пен қоғам арасындағы сындарлы диалог мемлекетке деген сенімді нығайта түседі» дегені, бүгінде де Абай идеясының жүзеге асып, мемлекеттік институттардың ілгері дамуының кепілі ретінде айқындалады. Бүгінгі күн, бізден жалаң популизмды емес, шынында да, «Абай айтқандай, артық мақтанға салыну, өзгені қор, өзімізді зор санау, дау қуу әсте жараспайды». Біздің мұратымыз – ел бірлігі, ұлт ынтымағы. Оны бізге Абай данышпан мұрат етті. Бұл мұратқа адалдық, елге деген адалдық деп түсінген жөн.
Үшінші: «Жаңа қоғамның жанашыры» тарауында, Президентіміз Қ.Тоқаев, ұлы ойшылдың «толық адам» концепциясы әлі де зерттеу мен терең зерделеуді қажет ететініне назар аудартып, гуманитарлық ғылымдар алдында жаңа міндеттерді қойып отыр деп түсінуіміз керек. Жалпы, осы ғана емес, әр тараушасында, Абайдың қара сөздерімен сабақтастыра отырып қарастыруы Президентіміз оның шығармашылығын қаншалықты терең және жан-жақты түсініп, өзінің күнделікті ел басқару ісіндегі бағдарлық негізге алатыны байқалады. Абай сынаған қазақ баласының бойындағы міндер бүгін де баршылық. Бұл қазақтың міні ғана емес, жалпы адам баласының міні деп те ұғыну керек. Осы орайда бүгінгі қоғам дамуының негізгі міні ретінде «масылдық» орынды көрсетілген.
Төртінші: «Әлемдік мәдениеттің тұлғасы» атты тараушасында Президентіміз: «Абайдың ақындық қуатының терең тамырына үңілген зерттеушілеріміз оның қазақ фольклорынан, Шығыс пен Батыстың сөз өнерінен, орыс әдебиетінен, тарихи еңбектерден сарқылмас нәр алғанын айтады» деуі, оның Абайдың өзінің шығармашылығы ғана емес, оған байланысты басқа да зерттеушілер мен қаламгерлер еңбектерін өзінің ой зердесінен өткізгенін аңғартады. Әсіресе осы тараушадағы «кәміл мұсылман» концепциясын тілге тиек етуі дін саласындағы мәселелерді шешу жолдарының бірі ретінде түсінуіміз керек. Осындағы Елбасымыз Н.Назарбаевтың: «Абай – қазақ халқының рухани қазынасына өлшеусіз үлес қосқан ғұлама ғана емес, сонымен қатар ол қазақ халқының ел болуы жолында ұлан-ғайыр еңбек еткен данагер. Абай – әлемдік деңгейдегі ойшылдардың қатарындағы ғажайып тұлға» деген сөзі ақынның әлемдік деңгейдегі болмысына берген үлкен баға.
Ал Президентіміздің: «Әлемдік мәдениетте Абайды қаншалықты жоғары дәрежеде таныта алсақ, ұлтымыздың да мерейін соншалықты асқақтата түсеміз. Бүгінгі жаһандану дәуірінде, ақпараттық технологиялар заманында Абай сөзі баршаға ой салуы тиіс» деген ойы үлкен мәнге ие. Ал «Қытай Лао-цзы мен Конфуций, Ресей дегенде Достоевский мен Толстой, Франция дегенде Вольтер мен Руссо бірден ойға келеді. Сол сияқты шетелдіктердің бәрі бірдей Қазақстан дегенде бірден Абайдың есімін атайтындай дәрежеге жетуіміз керек. Өзге жұрт «Қазақ халқы – Абайдың халқы» деп бізге ілтипат білдіріп отырса, зор мәртебе болары анық» деген ой толғамымен келіспеу қиын. Шынында да, Абайды таныту, ең алдымен қазақты әлемге таныту, біздің әлемдік рухани кеңістіктегі орнымызды белгілеу ісімен пара-пар іс.
Бесінші: «Торқалы тойдың тағылымы» атты тараушасын Президентіміз: «Біз ұлттық сананы жаңғыртамыз және бәсекеге қабілетті ұлт қалыптастырамыз десек, Абайдың шығармаларын мұқият оқуымыз керек. Оның қоғамдағы түрлі үдерістерге қатысты көзқарасы бүгінгі Қазақстан үшін аса пайдалы. Өз заманының ғана емес, қазіргі қоғамның да бейнесін танытқан Абай – елдік мұраттың айнымас темірқазығы» деген ойымен бастауы Абай шығармашылығы мен тұлғасы ұлтымыз үшін қаншалықты маңызға ие екенін дәріптей отырып, биік өресін анық көрсетеді. Осы тараушада айтылған Абай Құнанбайұлы 175 жылдығын тойлау аясында өтуі жоспарланған 500 шара, оның ішінде ЮНЕСКО-мен бірлесіп өткізілетін «Абай мұрасы және әлемдік руханият» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция ең басты шараға айналары сөзсіз.
Сонымен қатар Нұр-Сұлтан қаласында «Абай және рухани жаңғыру мәселелері» деген тақырыптағы халықаралық конференция да бүгінгі буынның Абай шығармашылығы мен тұлғасын қалай танып, оны келер ұрпаққа қалай аманат ету мәселелерінің шешу жолдарын айқындап беретін келелі жиын болатыны еш күмән туғызбайды.
Президентіміздің Абай Құнанбайұлының 175 жылдығы тойлануы жарлығының аясындағы жоспарда «Абай академиясы» құрылу міндеті қойылып, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті аясында аталған ғылыми-зерттеу институтының құрылуы осы бағыттағы атқарылған оң істердің бірі деуге болады.
Президентіміздің мақаласында: «Ұлылықтың тойы ұлт алдындағы ұлы міндеттің үдесінен шығудың жолын іздеуге ұмтылдыруы тиіс. Әр азамат осы тойдың алдында еліміз, елдігіміз жөнінде терең ойланса дейміз» деген сөзі, осы тойға қандай зерделі көзбен қару керектігін аңғартады. Ал: «Абай мұрасы – біздің ұлт болып бірлесуімізге, ел болып дамуымызға жол ашатын қастерлі құндылық» деген ой-тұжырымы Абай шығармашылығы мен тұлғасы ұлт идеологиясының дамуындағы негізгі тетіктерінің біріне айналып, сол арқылы оңымыз бен солымызды анық тани алатынымыз деп түсінуіміз керек.
Ерлан СЫДЫҚОВ,
Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры, академик