1-бөлім
Ауыл шаруашылығы ерекше дамыған көне Грекияда жүзім мен шарап құдайы ұлы Дионис патшаның құрметіне одалар айтылып, театрландырылған көріністер қойыла бастады. Бұл көріністерде негізінен хор басты рөл атқарса, бертін келе көріністер оқиғаға құрылып, кейіпкерлер сахнаға шықты. Сюжетті мәтіндер пайда болды. Енді ол оқиғалар жанрға бөлінді. Біз үйренген «трагедия», «комедия» жанрлары дүниеге келді.
Дионис патшаның тотемдік жануары – Теке болған екен. Ал теке грек тілінде «трагос» деп аталса, «одэ» мадақ деген ұғымды білдіреді. Осыдан келіп, тартысты оқиғаларға құрылған қойылымдар «трагедия» деп, «халықтың көшеде қыдырып жүріп айтатын көңілді әндері» деген ұғымды білдіретін көңілді қойылымдар «комедия» деп аталды.
Дионис патшаның кезінде Афина қаласында 45 мың халық болған екен. Өзіне арналған жыл сайын бір рет өтетін мадақ фестиваліне кісі көп жиналатын болған соң, қалада 17 мың адам сиятын ашық театр салынады. Театрға 45 мың адам түгел сыймайтын болған соң, ойын-сауықты тамашалауға тек еркектер ғана көруге құқылы болыпты. Әйелдер жағы театр маңында немесе қала көшелерінде серуендеп ән айтумен шектелген.
Дионис патшаның заманында өмір сүріп, шығармалары бізге жеткен төрт ұлы драматург бар. Олар – Аристофан, Софокл, Эсхил және Еврипид. Бұларға дейін де драматургтер болды, өкінішке қарай, олардың шығармалары бізге жеткен жоқ. Кейбір ежелгі зерттеушілердің пікірі бойынша Аристофан 54 комедия жазыпты, солардың шындыққа жақындайтыны – 44 комедия. Сол 44 комедияның төртеуі сарапшылардың пікіріне сәйкес Аристофандікі болмай шыққан. Солардың өзінен бізге аман жеткені – 11 комедия. «Ахарняндықтар», «Салт аттылар», «Бұлт», «Бейбітшілік», «Аралар», «Құстар», «Лисистрата», «Фесмофори мерекесіндегі әйелдер», «Құрбақалар», «Халық жиналысындағы әйелдер», «Байлық».
Аристофанның өмірі жайлы мәліметтер өте аз. Оның туған жылы мен өлген жылы да белгісіз. Тек оның алғашқы комедиясы мен соңғы комедиясының қойылу кезеңдеріне қарап ақынның туған жылы шамамен б.з.д. 440 жыл, өлген жылы б.з.д. 388 жыл, яғни, соңғы комедиясының қойылған жылы деп шамалаймыз.
Оның атақ-даңқының шарықтау шыңы 431-404 жылғы Пелепоннес соғысы кезеңімен тұспа-тұс келеді.
Бізге жеткен мәлімет бойынша, оның шыққан тегі мен азаматтығы жайлы дау бірте-бірте өрши түсіп, оның аяғы мемлекеттік деңгейге дейін өршіп, тіпті, оны Афинадан аластату керек деген де пікір айтылған. Аристофанның әкесі Филипп туабітті афиналық, демек, оның ұлы Аристофан да осы қаланың тумасы болып есептелуі тиіс. Соған қарамастан оның кейбір замандастары «ол ешқандай да афиналық емес, ол Линда немесе, Камир қаласында, әрі-беріден соң Египетте туған, солай бола тұрса да оған Афинаның азаматы деген жалған атақ беріліп отыр» деп барлық кінәні үйіп-төкті. Оған мұндай айыптың тағылуына әкесі Филипптің бір кездері сауда-саттықпен айналысатын адам ретінде Аттикадан тыс жерде – Родос аралында, Мысыр елінің сауда орталығы болып саналатын Навкратисте тұрғаны себеп болды. Ал Аристофан болса Афинада емес, Мысырда туды деген сөз осыдан барып шықса керек. Аристофанның ерте шыққан атақ-даңқына қызғанышпен қарап келген оның ежелгі қарсыласы ақын Эвполис болса, өз азаматтарын басқа жақтан ауып келген жат жерліктің алдына жығып берген афиналықтарды аңқаулықтары мен алаңсыздықтары үшін тілі жеткенше сөгіп бақты. «Алдымен өз азаматтарыңды сыйлаңдар, сонан соң барып өзгелерді құрметтеңдер» деп театр оркестрінің алдына шығып айғай салды. Ал демогог Клеон болса Аристофанның көпшілік алдында өзін келемеж қылып сынағанын кешіре алмай сотқа жүгініп, оның басқа елдің азаматы бола тұра әртүрлі қитұрқы әрекетпен афина азаматы деген жалған азаматтықты иеленіп жүргенін өзінше дәлелдеп бақты. Әрі-беріден соң ол Аристофанның әкесі Филипп емес, жатжұрттық деп жала жабуға дейін барды. Ежелгі тарихтан бізге жеткен мәлімет бойынша Клеон Аристофанды үш рет сотқа сүйрепті. Өмір бойы комедиядан басқа жанрға қалам түртпеген Аристофан бұл жолы да сол мінезінен таймай өз сөзімен емес Телемактың (Гомер. Одиссея) сөзімен жауап береді. Қайдан білейін, айтқан сөзіне қарағанда мен анамның баласы екенмін, ал, әкеміздің кім екенін ешқайсымыз да анық айта алмаймыз».
Аристофан үш рет өткен сот процесінің үшеуінде де жеңіп шығады.
Клеон Аристофанның бітіспес қас-жауына айналады.
Кейбір тарихшылардың айтуынша (Свирида) Аристофанның әкесі Филипп Эгин аралынан, демек, Аристофан да афиналық емес, эгиндік. Ол аралда олардың имениесі бар болған көрінеді.
431 жылдың жазында Пелеопоннес соғысының басталуына эгиндіктер себеп болды деген сылтаумен афиналықтар эгиндіктерді бала-шағасымен аралдан көшіріп жібереді де, босаған жерді жеребе арқылы афиналықтарға бөліп береді. Свириданың, Клеонның және басқалардың Аристофанды түбегейлі афиналық емес деп жала жауып жүруіне осы оқиға себеп болса керек.
Әр сот процесінде өзін ақтап алу үшін бүкіл күш-жігері мен шешендік өнерін сарқа пайдалануына тура келген Аристофан бұл жөнінде 425 жылы қойылған «Ахарняндықтар» атты комедиясының кіріспесінде жалпы халықтың назарын өзіне түгел құлата білген тамаша ақын екенін ашу-ызаға толы мақтаныш сезіммен айтып өтеді. «Бізбен одақтас қалалардың азаматтары алым-салықтарын төлеу үшін Афинаға келгенде, өздеріне белгілі, олардың бәрі сендерге, Афина халқына, шындықты тайсалмай тұрып көзге айтатын, ақындардың ішіндегі ең ақылдысын бір көріп қалуға ынтығатындарын жақсы білесіңдер. Ол ақынның атақ-даңқының алысқа кеткендігі сондай, парсының ұлы патшасының өзі ондай өжет те батыл ақын туралы жақынырақ білгісі келетінін айтып, спартандық елшілікпен хабарласыпты. Ол айтыпты: ақындарына шындықты бетке айтқызып қойған халықты соғыста жеңу мүмкін емес». Міне, спартандықтардың бізбен бейбіт келісімге келіп, Эгин аралын кепілдікке сұрауына әлгі сөздің әсері зор болды. Маған сеніңіздер, мәселе Эгин аралына тіреліп тұрған жоқ, олар сол Эгин аралымен қосып сендердің ақындарыңды сендерден тартып алмақшы. Сендер олардың айтқандарына көнбеңдер, өйткені ол ақын болашақта өздеріңді сынау үшін, кемшіліктеріңді көзге шұқып айту үшін керек болады!».
Батылдық деп осыны айт, батылдыққа төзіп баққан халықты айт! Шындық сөзді тыңдайтындай санасы шыңдалған қандай халықтың арасынан әрқайсысы бір-бір елге тұтқа болуға жарайтын ұлы ойшылдар мен ғұламалардың лек-легімен шығуы заңды құбылыс сияқты.
Даңқына даңқ қосқан «Ахарняндықтар» комедиясын Аристофан өз атымен емес, Каллистраттың атымен сахнаға шығарды. Бүкіл елге уытты ақын ретінде мейлінше әйгілі болған Аристофан өз атын көрсетпесе де шығарманың шын авторының кім екендігін ойынды тамашалап отырған 17 мың халық жақсы біліп отырды. Оның үстіне шығарманың преамбуласындағы «ақын» деген арнау сөзден келтірілген үзіндінің өзінен-ақ комедияның авторы Каллистрат емес, Аристофан екендігін зерттеушілер де анық байқады. «Оның барлық шығармалары өте тартымды, қызғылықты, биік талап тұрғысында жазылған өткір дүниелер еді», деп жазды Аристофанның биографтарының бірі. Ол жас кезінен бастап-ақ уытты комедиялары арқылы жұртқа кең танылып, өз замандастарынан оқ бойы озық тұрды, тіпті, өзінен кейін шыққан ақындар да онымен теңесе алмады. Оның талантын жаулары да, күндеушілері де қызыға мойындайтын болды».
Өз шығармаларының уытты сатираға құрылғанын жақсы білетін Аристофан өзінше сақтық жасап, пьесаларын өзгелердің атымен қойдырып жүрді. Алғашқы комедиясы «Ашытқы жасаушыларды» (427) Филонидтің атымен, екінші комедиясы «Вавилондықтарды», үшінші комедиясы «Ахарняндықтарды» (426) Каллистраттың атымен сахнаға шығарды. Осы шығармалары өзге драматургтердің авторларын артқа тастап (Кратин мен Эвполис) бірінші орын алған соң барып «Салт аттыларды» өз атымен қойғызды. Алғашқы шығармаларын Каллистрат пен Филонидке тапсырудың себебі – бұл екеуі де хор басшылары әрі актерлер болатын, тіпті, олар да Аристофан секілді ақындар боп саналатын. Бірақ олардың шығармалары біздің заманымызға жеткен жоқ. Көне Грекияда хор бастығы мен оркестр меңгерушілері спектакльдерде басты кейіпкердің рөлінде ойнайтын, ал, Аристофан болса тұрмыстық немесе жай өмірдегі әдеби кейіпкер рөлін Филонидке, саяси комедиялардағы рөлді Каллистратқа жүктейтін.
Шығармашылық өмірінің бас кезінде жазылған бірнеше комедиясын оп-оңай басқа біреулерге ойланбастан сыйлай салатын Аристофанның бұл мінезін замандастары күлкіге айналдырып, Гераклға арнап шығарылған мысқыл мақалды бұған да теліп: «Геракл сияқты өзіне емес, өзгеге өлермендікпен қызмет ететін адам» деп ат қойған да еді.
Аристофанның өз шығармаларын басқа біреудің атымен қойғызып келуінің басты сыры кейбір зерттеушілердің түсіндіріп келгеніндей драматургтің билік қаһарына ілігіп қалудан сақтанғандығынан, тіпті, схолиастардың 30-40 жасқа толмаған адамдардың шығармаларын сахнаға шығаруға тыйым салған заңына бағынудан да емес, сол кездегі қалыптасқан дәстүрге бағынудан, яғни саяси, адами көзқарастары әлі қалыптасып үлгермеген, өмірлік тәжірибесі аз тым жас адамның шығармаларын көпшілікке көрсету сенімсіздік туғызады деген қағиданың әсері еді.
Аристофанның өз шығармаларын басқа біреулерге «бере тұруы» сол «сенімсіздік» белдеуінен өтуді күткендіктен болса керек. Бұл жөнінде Аристофанның өз атымен қойылған алғашқы «Салт аттылар» комедиясында хор көрермендерге қарап былай дейді: «Сендердің көкейлеріңде: ол неге осы уақытқа дейін шығармаларын өз атымен емес, өзгенің атымен қойып, хорды неге өзі басқарудан бас тартып келді?» деген сұрақ тұрғанын білеміз. Сол сұраққа жауап берейік. Ол мұндай әрекетке аңғалдығынан немесе ақымақтығынан емес, белгілі себептермен барды. Комедияны ойнап шығу оңай шаруа емес, оған бірнеше адамның аянбай еңбек етуі қажет. Оның үстіне ол адамдардың бәріне бірдей ақы төленбейді, санаулы адамдарға ғана сыйақы беріледі. Бұған қоса, баяғыдан бері оның өзі көріп келе жатқандай, сендердің қошеметтерің тұрлаусыз да баянсыз, егер ақын қартая қалса бәрің оны ұмытып кетесіңдер. Магнес пен Кратесті еске алыңдаршы, әсіресе, Кратинді. Сендердің құлақ тұндырар ұзақ қол шапалақтарыңнан ол байғұстың кеудесіндегі мақтаныш сезімі жол-жөнекей кездескен емендерді тамырымен қопарып, атақты қарсыластарының өзін түп-тамырымен ағызып әкеткен арынды өзендей өзін құдіретті ақын екенмін деп масайрап жүрмеп пе еді? Сол ақындарың қазір қандай күйде? Тозығы жетіп, үн шығара алмайтын ескі лирадай ескерусіз қалды. Оның бұрынғы атақ-даңқының өзі ол байғұстың тым болмаса Пританееде қоғамдық есептен бір мезгіл тегін тамақ ішуіне қақысы бар еді ғой. Нағыз дарынды комедияның авторы осындай сүреңсіз болашағын ойлағандықтан өз атын жасырын ұстап келді. Енді жасырмайды, өйткені ол өзінің ішкі қуатына толық сене бастады. Ол мынадай тәмсілді де ұмытпайды: адам кеменің капитаны болу үшін әуелі ескек есе білуі керек, теңіздің мінезін түсіне білуі керек, сонан соң желдің бағытын ажырата білуі керек. Ол қазір желдің бағытын ажырата білетін халге жеттім деп сенеді. Сендердің қол шапалақтарың асау теңіздің тынымсыз күркүрі болса, ол желдің бағытын ажырата білетін капитан».
Бұл секілді нақты анықтамаға Аристофанның талантты аудармашысы Дройзен мынадай ескертпе жасады. «Аристофан өз шығармаларының сахнаға қойылу үстінде әуелі хорға қатысып, онан соң кішігірім рөлдерді ойнап, Каллистраттың көмекшісі болып жүріп, яғни, ескек есуден бастап желдің бағытын анықтай білетін, демек, көпшілік көрерменнің өзін деген шын ықыласын тани алатын «капитан» дәрежесіне көтеріледі». Яғни, ол көрермендердің өзіне деген шын ықыласын тани білді.
Осыдан аттай екі жарым мың жыл бұрын өмір сүріп, ең басты шығармаларын 27 жылға созылған марафондық Пелеопоннес соғысының (431-404) кезінде жазуына тура келген Аристофан драматургиясы біздер үшін несімен құнды? Халық соғыстан күйзеліп, елді кедейшілік пен жоқшылық жайлап алған кезде Аристофан өзге ақындар сияқты неге күңіреніске толы шығармалар жазбай тек сатира жанрын ғана таңдады? Өйткені ол адамдардың бір сарында қатып қалған санасы мен Афина билеушілерінің соғысқұмарлық, тонаушылық, тойымсыздық қасиеттеріне қарсы тұра алатын бірден-бір қару – сатира деп ұқты. Сондықтан да ол барлық шығармаларын сатираға құрды. Аристофан сатиралық комедияларының айтар ойы терең, тілі уытты, кейіпкерлерінің бейнесі айшықты әрекеттермен нанымды да әсерлі. Елдің әбден қалжырағанына қарамастан Афина билеушілері соғысты тоқтатуға мүдделі болмады. Олар үшін соғыс – әлемдік үстемдік, байлық, олардың ойына бейбіт өмір сүру деген ұғым кіріп те шықпады. Аристофан бейбітшілікті жақтап, соғысқұмарлар мен соғыс идеясын жақтаушы демагогтарға өз шығармалары арқылы аянбай күрес ашты. Жастарды өршіл рухқа емес, кертартпа төзімділікке, соқыр сезімге тәрбиелейтін софистермен де өз сатирасымен шайқасып бақты. Ол қоғам өмірі мен жеке адамдар өмірінің барлық қатпарына араласып, адамдар санасына сіңіп қалған бойкүйездік пен жеңілтектікті, арзан сезімді, тіпті, сол кездегі жаңа ақындардың нәпсі бұзарлық жырларына дейін қатты сынға алды. Осының бәрін тереңінен түсінген ұлы философ Платон, Афина өмірін тереңірек зерттемек болған сиракуздық Тиран Диониске: «Ол үшін ең алдымен Аристофан комедияларын оқып шығыңыз» деп, оған драматургтің сатираларын беріп жібереді. Ұлы ақын, ұлы патриот Аристофан мемлекет өмірінің ақылға сыйымсыз келеңсіз де осал жақтарын, бүгінгі күнді, бүгінгі пайданы ойлап, ертеңге бас қатырмайтын биліктің кеселді қылықтарын жеріне жеткізе әшкерелей білді. Қоғамда кісілік, ар-намыс, адамгершілік нормаларының бұзылып, ғылым, білім, мәдениет, көркемдігі биік талғам атаулының бірте-бірте құлдырап, қожырап бара жатқанын, ақындардың бұзақы сезімдерді жырлауға, билік басындағы дәулетті топтарға мадақ өлеңдер арнауға машықтанып алған үрдістерін өткір сынға алды. Бұл ащы шындықтардың бәрі образдар арқылы сахнада көрсетіліп жатты. Ол өзінің атақты замандастарын сынаудан да қаймықпады. Белгілі тұлға Клеон мен оның маңайындағы зәлім демагогтардың арандатушылық әрекеттерін, тіпті, драматург Еврипидтің өзін адам бойындағы ізгі сезімдерді көрсетудің орнына жүрек айнытар сентименталдықты күйттеп, трагедия жанрының негізгі талаптарын бұзып тынды деп кінәласа, қалыптасқан діни қағидаларға теріс бағыт сілтедің деп Сократ бейнесі арқылы софистік ағымды да әжуаға айналдырды.
Осыдан екі жарым мың жыл бұрын Аристофан көтерген мәселелер әлі өзектілігін жоя қоймапты. Ол қандай мәселелер еді? Жемқорлық, қанағатсыздық, жалған даңғойсу, өткен тарихты ұмытуға тырысып, бәрін әр билеуші өзінен бастауға ұмтылу, халықтың көкірек көзін жалған уәде, жалған ақпаратпен тұмандандыру, жаман тұрмысты жақсы деп көрсетуге машықтанып алған сарнауық демагогтар (Клеон), мәнді музыканың құлдырауы, Филоксен, Кинеси, Фринис секілді ұлы композиторлардың дәстүрін ұмыту, лирикалық поэзияның арзанқол сезімдерді жырлауға жаппай бет бұруы, қысқасы, мемлекет пен қоғам өмірінің барлық көлеңкелі жақтарын сынау Аристофан сатирасының басты тақырыбына айналды. Өркениетке ұмтылған саналы халықты соғысқұмар спартандық билеушілерінің бейбіт өмірге деген ниеттерінің жоқтығы зор күйзеліске ұшыратып, елді ештеңе ойламауға, көзге ұрып тұрған сот жүйесіндегі әділетсіздіктерге көз жұма қарауға баулыды. Билеушілеріне сенген халық бірте-бірте өзіндік ойлаудан қалып, ақылсыз тобырға айнала бастады, ал, жастар болса ата-дәстүрінен қол үзіп, ойсыз, жігерсіз, кердең өмір сүруге үйреніп алды. Еркін махаббатты үлкен әсермен жырлаған ақындардың бейәдеп поэзиясы әйелдерді моральдық жағынан азғындауына әкеп соқты. Еркектер әйелдерге сенуден қалды. Соның салдарынан отбасылық кикілжіңдер етек алып, ғасырлар бойы мызғымай келе жатқан грек шаңырағы шайқала бастады. Осы оқиғалардың бәрін Аристофан ұлттық кесапат ретінде әшкерелеп, ата-баба салып кеткен тіні бүтін, іргесі берік, ұл-қыздарын жөргегінде тәрбиелей білген қасиетті грек шаңырағын қалпына келтіруді армандады. Осындай арман мен қиялдың нәтижесінде оның шығармашылық фантазиясы жер мен көкті еркін аралап, жануарлар мен құстардың өмірін адам өмірімен шендестіре жазған көптеген туындыны дүниеге әкелді. Құстар, құрбақалар, аралар, түлкілер, т.б. аң-құстардың өмірін жаза отырып, Аристофан өз заманындағы адамдардың бет-бейнесін дәлме-дәл көрсете білді. Көзсіз батырлық пен өжет махаббатты негізгі тақырып етуге төселіп алған сол замандағы грек драматургтерінің арасынан (Евринид, Софоке, Эсхил, т.б.) Аристофан бірінші болып адамдар мен аң-құстардың өмірін қабаттастыра суреттеді. Бұл әдіс – сол заманның драматургиясындағы қиял жетпестей тосын жаңалық еді.
Дулат ИСАБЕКОВ
(Жалғасы бар)