Руханият • 14 Қаңтар, 2020

Маңызды басымдықтар айқындалды

182 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қазақтың ұлы ақыны, ойшыл-философы, қоғам қайраткері Абай Құнанбаевтың 175 жылдық мерейтойына арналған «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласында Қазақстан халқын ұлы Абайдың мұралары мен еңбектерін қайта зерделеу, парасат-пайымын қажетімізге жаратуға шақыра отырып, қазақ қоғамын дамытудың алдағы жүзжылдықтағы маңызды басымдықтарын айқындап берді.

Маңызды басымдықтар айқындалды

Ұлан-ғайыр жер мен бай табиғи ресурстарды иеленген Қазақстан дамудың жарқын болашағына ие. Бірақ оны игеру үшін елімізге сапалы дамыған адам капиталы қажет. Бұл жөнінде кезінде Абай дөп басып айтқан. Қоғамның интеллектуалды қуатын қалыптастыру мен арттыру, адам капиталы идеясын дамытуды Президенттің өз мақаласына арқау етіп алуы кездейсоқтық емес. Ұлы ойшыл еңбектерінде ғылым мен білімге аса мән беруі – дамудың негізі осылар екендігін түйсінгендігінде. Осыны ұғына отырып Президентіміз Қ.Тоқаев білім жүйесін модернизациялау реформасын қолға алды.

Бүгінде бұл тек сөз жүзінде ғана емес, нақ­ты қадамдарға, ұлттық білім беру ісі мен отандық ғылымды қолдау мен дамы­туға бағытталған шынайы бағдарлама­лар­дың жүзеге асуына сеп болып отыр. Нәти­жесінде өткен жылы бакалавриат пен магистратураға бөлінетін мемлекеттік гранттың үлесі артса, оның ішінде техни­калық, аграрлық және ақпараттық технологиялар мамандығына гранттар саны көбейді. Биылғы оқу жылынан бастап бөлінген мемлекеттік гранттың құны 349-дан 778 мың теңгеге дейін өсті, өз кезегінде бұл ЖОО-ның материалдық базасының жақсаруына және кадрларды дайындау сапасының жоғарылауына әкелді. 2025 жылы мемлекет ғылыми зерттеулерді қаржыландыруды 10 есеге арттыруды көздеп отыр. Нәтижесінде отандық ғалымдардың ғылыммен алаңсыз айналысуына және елімізде біліктілігі жоғары кадрларды дайындауға даңғыл жол ашылатыны сөзсіз.

Біз мемлекет беріп отырған бар мүмкін­діктерді толығымен пайдалануымыз керек.

Айта кетерлігі, Президент мақала­сын­дағы көтерілген идеялар алдымен біздің жас­тарымызға бағытталған. Мақалада Абай­дың «Толық адам» тұжырымын және тұл­ғаның қалыптасу идеясын негізге ала отырып Президент жас ұрпақтың алдына маңызды міндеттер қойды, яғни білім­ді, мәдениетті, зиялы, адамгершілігі жоға­ры адам болып қалыптасу. Тек осындай адам ғана мемлекеттің, қоғамдық болмаса отбасылық-тұрмыстық өмірдің іргелі қор­ғаны бола алады. Бұл тұрғыда жоғары оқу орындары ұстаздарының міндеті – сту­дент­терді өзін-өзі жетілдіруге талпыну, сонымен бірге жаһандану жағдайында рухани-адамгершілік құндылықтардан айырылмау сынды ұлы Абайдың өмірлік ұстанымдарын басшылыққа ала отырып тәрбиелеу.

 

Ақылбек КҮРІШБАЕВ,

ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор «С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті» АҚ басқарма төрағасы