Дәл қазір аудармашы – өте қат кәсіп. Жалпы, жақсы аудармашы қай кезде де қат болған. Біз үшін дәстүрлі саналатын орысшадан қазақшаға аударатындардың қатары да сирексіп барады. Ал бұрыннан да аз кездесетін қазақшадан орысшаға аударатындардың қаны тіпті жерге тамбай тұр деудің де артығы жоқ. Сол қаны жерге тамбай тұрғандардың ортасынан да Ғосман Төлеғұл ойып тұрып орын алады.
Оның аудармаларының сапасы жөнінде айта жатармыз. Қазірше санын ғана сөз етіп көрейік. Қайран қалдырады. Ғосман Төлеғұл бұған дейін қазақшадан орысшаға 43 кітап, орысшадан қазақшаға 22 кітап аударыпты. Біздің осы жазғанымыз жарияға шығып үлгергенше бұл көрсеткіш ұлғайса еш таңданбаймыз. Мұның сыртында оның өлке тарихы, тіл тағдыры, ұлтаралық келісім мен қоғамдық тұрақтылық мәселелеріне мақалалар жазып, сұхбат беріп жататыны, сан түрлі жиын-жиналыстарда тереңнен тартып сөз сөйлейтіні тағы бар. Өткен жылдың қазан айында ол тұңғыш Тіл форумында байыпты баяндама жасады, туған тіліміздің толғағы жеткен мәселелеріне жан-жақты тоқталды, нақты-нақты ұсыныстар жасады. Сол Тіл форумынан дайындаған есебінде («Тіл тағдыры талқыланды», «Egemen Qazaqstan», 2019 жыл, 25 қазан) журналист Ая Өміртай: «Ал іргедегі Ақмола облысының жағдайын сараптаған ҚХА Ғылыми-сараптама кеңесінің мүшесі Ғосман Төлеғұл қазақ тілінің қоғамдық қызметін жандандыру, қазақ тілін тарихымызды, мәдениетімізді, ғұрпымызды жеткізуші құрал ғана емес, халқымыздың ертеңін жалғастырушы, ғылым мен экономиканы ілгерілету тетігі турасында шешіле сөйледі», деп жазған еді.
Ол өмір бойы шығармашылық ұжымдарда, мемлекеттік мекемелерде жұмыс істеген, аудандық, облыстық газеттер редакцияларында журналист, облыс әкімінің баспасөз хатшысы, облыстық тіл басқармасының басшысы, министрліктің бөлім басшысы, облыстық ардагерлер ұйымының төрағасы сияқты қызметтерді бірінен кейін бірін ауыстырған. Ғосман Төлеғұлдың аты Мемлекеттік қызмет агенттігінің Құрмет кітабына енгізілгені көп жайды аңғартады. Сөз басында айтқан Ақтаудағы іс-шараға ол Ақмола облыстық ардагерлер ұйымының төрағасы ретінде қатысқан болатын. Халқымыздың ардақты азаматы Бақтықожа Ізмұхамбетов басшылық ете бастағаннан бері жұмысы жаңаша жанданған бұл ұйымның аясында ол атқарар шаруа қыруар. Қазақстан халқы Ассамблеясы Хатшылығының жанындағы Ғылыми-сараптама кеңесінің, Ақмола облыстық қоғамдық кеңесінің, Ақмола облыстық билер кеңесінің мүшесі ретінде тындыратын толымды тірлігі бір төбе. Осының бәрін ескере келгенде, оның мемлекеттік қызметтен қол үзбей жүріп, ұзын саны 65 кітапты ары да, бері де аударып тастағанына таңданбау қиын-ақ. Ол кітаптардың көлемі әртүрлі ғой дегенде де, бұл – алапат еңбек!
Өз басым Ғосман Төлеғұлдың есімін алғаш рет Мұхтар Мағауиннің аузынан естігенмін. Сонда Мұхаң өзіне Көкшетаудан бейтаныс бір жігіттің хабарласқанын, «Қазақ тарихының әліппесін» аударуға келісім сұрағанын, ол кездегі қиыншылыққа байланысты баспа жөнді қаламақы төлей алмайтынын жеткізгенде, кітапты тегін аударуға дайын екенін айтып, таңдандырғандығын әңгімелеп еді. Адамды оңайлықпен мақтай қоймайтын ұлан-ғайыр білім мен бөлекше талғам иесінің сол бағасынан соң «Қазақ тарихының әліппесінің» орысшасын мен де тауып алдым, түп-түгел қайта оқымағанмен біраз жерін қарап шықтым. Шынында да, біліп аударылған еңбек, жаны ашып жасалған жұмыс екен.
Аудармашыға сынақ көп. Соның бірі – аударуға кітап таңдау. Ғосман Төлеғұл халыққа керекті талай дүниені орыстілді оқырманның олжасына айналдырды. Қойшығара Салғараұлының («С думой о будущем страны», «Модэ хан. Непокоренный дух»), Әлібек Асқардың («Родники рождаются в горах»), Қасым Тәукеновтің («Память о времени, событиях, людях»), Немат Келімбетовтің («Скорбны думы, чуток сон», «Древние литературные памятники тюркских народов»), Айқын Нұрқатовтың («Путь к себе. Поэтические традиции Абая»), Жарылқап Бейсенбаевтың («Чокан Валиханов»), Қорғанбек Аманжолдың («Жизнь – пример»), Серік Негимовтің («Малик Габдуллин»), Сәуле Досжанның («Мое чужое сердце»), басқа да авторлардың көркем десеңіз көркем, тағылымды десеңіз тағылымды кітаптары әрі аударуға дұрыс таңдалған, әрі жақсы аударылған. Мұны Ғосман Төлеғұлдың орысшадан қазақшаға аударған кітаптарына қатысты да айта аламыз. «Нұрсұлтан Назарбаев: Бейбітшілік және қоғамдық келісім идеясы», «Ой-қазына антологиясы (ХХ ғасыр)», «Қазақстан Республикасы. Мемлекеттік саясат императивтері», «Әлемдік саясаттану антологиясы», «Инновациялар және жоғары білім: үлгі мен тұжырымдама», «Қазына. Мұнай, ақша және билік үшін дүниежүзілік күрес тарихы», «Саяси сана саңлақтары», «Этносаяси сөздік», «Ақша», «Экономика» сияқты кітаптардың қай-қайсысы да елеулі еңбектер.
Ақмола жеріне көшіп келгенде Ғосманды осындағы өзіміздің министрліктен көрдім. Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, министрлік департаментінің директоры Әлібек Асқаров: «Біздегі мықты жігіттердің бірі, екі тілге бірдей, орысшадан қазақшаға да, қазақшадан орысшаға да аудара береді», деп мақтап сөйлейтін. Бірақ ол тұста біз Ғосекеңмен аралас-құралас бола қойған жоқпыз. Жылы амандасудан аспадық. Сөйтіп жүргенде облыс орталығы Көкшетауға қайта ауысты да, Ғосман министрліктің сол облыстағы басқармасының бастығы болып бекітілді. Оның мемлекеттік қызметкер ретінде мығымдығына Ақпарат министрі міндетін атқарған 2003-2004 жылдарда өзім де нақты көз жеткізе алдым. Көкшетаудан келетін қағаздардың мәселені талдауы да, сөз саптауы да басқашалау болып тұратын.
Аудармашыға керек қасиеттің бірі – жан-жақты білімділік. Оның шарты – білуге құштарлық. Ғосманның көп оқитын, көп тоқитын қасиетін кейіннен «Адамзат күнтізбесі» деген кітабымды тәржімелеуі барысында да тани түстім. Былай қарағанда, тарихтағы елеулі оқиғаларды қысқа сөйлемдермен баяндап қана отыратындай көрінетін бұл еңбектің аудармасы онша қиындыққа түспеуге тиіс. Бірақ бұл былай қарағанда ғана. Мұндағы фактологиялық материалдың байлығы аудармашыдан өте ықтияттылықты, әжептәуір білімді талап етеді. Ғосманның осы кітапты тәржімелеу кезінде орысшадан аударылып пайдаланылған қаншама дәйексөздердің түпнұсқасын өзі тауып, соларды қайтадан қалпына келтіргенін айтып жату ұзақ шаруа. Сол үшін аудармашының талай томдарды кітапханадан қарағанын, әлгі дәйексөз алынған тұсты індетіп отырып қалай тапқанын жақсы сезінемін. Олардың сыртында аудармашы осы жұмыстың үстінде әдебиетті, өнерді жақсы білетінін де көрсетті. Бірер ғана мысал келтірейін.
Айталық, К.Фединнің «Ғажайып жаз» романы жөнінде жазылатын тұс бар. Оның өз аты «Удивительное лето» болуы да, «Дивное лето» болуы да, «Чудесное лето» болуы да мүмкін ғой, алайда аудармашы адаспайды – «Необыкновенное лето» деген өз нұсқасын алады. М.Мағауиннің «Қобыз сарыны» кітабын «Мотивы кобыза» немесе «Напевы кобыза» дей салмайды, кезінде ол кітаптың «Кобыз и копье» деп аударылғанын ескереді. Тағы да осы автордың «Аласапыран» романын алайық. Бұл сөзді «распутица», «переполох», «неразбериха» демегенмен, «сумятица», «смута», «смутные времена» деп алуға да болады. Аудармашы кітаптың орысшадағы өз атауын білгендіктен де «Вешние снега» деп алған. Стейнбектің «Дүрбелең қыс» романын «Тревожная зима» деп шатасу қиын емес. Ал роман орысшада «Зима тревоги нашей» деп алынған. Аудармашы оны жақсы біледі. Немесе Мольердің пьесасы бойынша Әуезов театрында қойылған «Жендеттер» спектаклінің атын «Палачи» деп алмағанда қалай аларсыз? Жоқ, аудармашы ол пьесаның орысшаға «Кабала святош» деп аударылғанын біледі, солай алады. А.Жұбановтың «Замана бұлбұлдарын» «Соловьи эпохи» демей, орысша кітаптың өзіндегі «Соловьи столетий» деген нұсқаны ұстанады. Осындай мысалдар толып жатыр. Қазақша нұсқада бірер жерде адамдардың туған немесе қайтыс болған жылдарында жекелеген цифрлар ауысып кеткен тұстар да бар болып шықты, оларды да аудармашы өзі байқап, орысшасында түзетіп жіберді.
Оның орыс тілін соншалықты еркін меңгергені Пушкин аудармалары туралы зерттеуімде жиі кездесетін жыр жолдарынан алынған мысалдардың жолма-жол аудармасынан да келісті көрінеді. «Евгений Онегиннің» халықтық дастан нұсқаларын талдайтын тұста тығырыққа тірелген Татьянаның атынан, халық ақынының аузымен айтылатын:
Екі жыл асықтықпен күйіп едім,
Тірліктен үміт үзіп жүріп едім,
Қапалы көңілімді көтермекке,
Еріксіз биыл сізді сүйіп едім.
Байқамай басым қатты хақ бұйрығын,
Таңдаман мен сіздердің ең жүйрігін.
Тартпаймын біреуіңді тәуір көріп,
Екеуің бұл жұмыстың айт билігін! –
деген сөздің мағыналық аудармасын былай келтіреді:
Два года провела в ожидании,
Порой жизнь проклиная, белый свет.
И чтоб уйти от этого отчаяния,
Как бы полюбила вас – вот мой ответ.
Невольно приняла судьбы удар,
Кого-то выделить не в силах я.
Обоим отдан моей души жар,
Вам и решать, как спасти меня.
«Еріксіз сүйіп едім» дегеннен де «как бы полюбила» әсерлірек, әрине. Татьянаның айтқалы тұрғаны да сол «сүйгендей болу» ғой. Жолма-жол аударманың дәлдігі де, әуезділігі де айта қаларлықтай. Өлеңіңіздің өзін осылай өрнектеп келтіргеннен кейін аудармашының зерттеудің ғылыми сөз саптауына қинала қоймайтынын, салған беттен тайпала, жосыла жөнелетінін жазып жатпай-ақ қояйық.
Елдің бәсекеге қабілеттілігінің бір шарты – тілдің бәсекеге қабілеттілігі. Өркениетті дүниенің додасына өз тілімен өмір сүре алатын ұлт қана қаймықпай түсе алады. Тілдің бәсекеге қабілеттілігінің нақты көрінісі – мына дүниедегі барша құбылысты айқын айта алатындығы. Бұл оны басқа тілге аудару барысында сынға түседі. Жақсы аударма – тіл қадірін танытудың да сенімді жолы. Аудармада төлтума мен телтума тайталасады, яғни автор мен аудармашы өзінше бір өнер жарысына түседі дейміз. Олай деп айту аздық етеді. Аудармада солар арқылы тіл мен тіл де жарысқа түседі. Тіл мен тілдің жарысы түптеп келгенде бейне бір ел мен елдің өнер жарысы десе де болады. Демек аударма – ұлтыңның ұлылығын, еліңнің елдігін дәлелдеудің бір жолы.
Жетпіс жастың жотасына жаңа жетіп жатқан Ғосман Төлеғұл – осы жолдағы шабысынан танбаған өрен жүйрігіміз.
Сауытбек АБДРАХМАНОВ,
Мәжіліс депутаты, филология ғылымдарының докторы