ХХІ ғасырдағы Қазақ елінің тоқтамы: оқу-тоқу мен дәстүр сабақтастығы, әлемдік деңгейдегі мұраға терең бойлау жетіспейді. Сөз түзелгеннен кейін өзін түзеу үшін әр адамға зейін қажет. Кішіге зеректік, үлкенге парасат керек. Осыдан 107 жыл бұрын «Қазақ» газетінде Ахмет Байтұрсынұлы: «Абайдың асылын танып, дұрыс баға берген нәрсесі жалғыз өлең емес, көп нәрсені Абай сөз қылған; сол сөздерінің бәрінде де Абайдың әр нәрсенің асылын танығаны, білгені көрінеді», деп «қазақтың бас ақынының» қасиетін дәл бағалаған. Яғни, әр нәрсенің асылын танып-білу – қай заманда болсын өте көкейкесті мәселе. Өзінің тарихи-тағылымды мақаласында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Абай мұратына қатысты ұлттық құндылықтар мен ұстанымдарды, жалпыадамзаттық әрі заманауи уәждерді ұсынды. Мұны Елбасымыз айқындаған рухани жаңғыру үрдісінің сабақтастығы деп қабылдаған жөн. Мақаладағы өзекті ойлар жауапты да өрісті ел азаматтарын, барлық салада еңбек етіп жатқан белсенді жандар мен жарандарды жасампаздыққа, бірлік пен тағаттылыққа үндейді. Көзбояушылықтан, науқаншылықтан арылуды үйретеді, әсіресе жастардың оң бағытта жетілуіне жол сілтейді. Осы мақаладан ой сабақтап, мына нақты ұсыныстарды ортаға салғымыз келеді:
1) «Абайдың академиялық мәтіні, тексі» деген ұғымды қалыптастыруымыз керек. Әйтпесе кейбір сөздерін, жекелеген ұғымдары мен ойларын әр ғалым әртүрлі түсіндіріп жүр. Тіпті кереғар да пікірлер жас буынды адастыруы мүмкін.
2) Абай қалың оқырманға жеткен мұрасы мен бүгінгі күн арасы – ғасырдан астам уақыт. Бұрынғы өткен көсемдердің ісі, шешендердің сөзі, билердің шешімі Абай талғамынан өтіп, бізге жеткені – аса зор олжа. Сондықтан «аз да болса саз» дегендей, ақын шығармаларының мектепке, жалпы қауымға, өзге тілді аудиторияға арналған мәтіндерін (түсінік-комментарийімен) шығару қажет.
3) Президент «Абайды – ұлттың темірқазығы» деді. Ендеше әр сала мамандары ақын мұрасын өз саласының проблемаларына немесе сын-қатеріне сай зерделеуі тиіс.
4) Абайды алғыр бала, үздік шәкірт, он бесінде ойлы азамат, жиырмасында әділ би, зерек ақын, халықшыл данышпан, ұлттың ақсақал-абызы бейнесінде анимация (бүлдіршіндер мен балаларға арнап) кейіпкері ету – азат Қазақ елі өнері мен мәдениетінің кезек күттірмес міндеті.
5) Зайырлы қауымның жөні бөлек, Қазақстандағы медресе бағдарламасында, имам уағыздарында Абай мұрасы лайықты орнын алуы тиіс.
6) Абайдың суреті мен бейнесін біріздендіру де – уақыт талабы. Осы ретте ұлттық рәмізіміз сынды теңгемізде (20 теңгелік) бейнеленген танымал суретші Ағымсалы Дүзелхановтың суретін негізге алуға болар еді. Бұл сәтті бейне миллиондардың көзіне де, жүрегіне де ыстық. Енді оны тиісті заңдық ережемен бекіту жағын ойластыру керек.
7) Заманында Абай да өнер-білімін партия ісіне салғаны белгілі. Оның әлі жете зерттелмеген мұрасын зерделеуге біздегі саяси ұйымдар да атсалысса, өнер, ғылым саласындағы азаматтардың тәуелсіз ел алдындағы борышын бөтен іспен, дүдәмал оймен былғамай, адал атқаруына жол ашары сөзсіз.
Сонда ғана өзгеден ақыл-оймен, білім-парасатпен озу мәдениеті жетіле түсер еді.
Қазіргі қоғамда Абай мұрасын оқу, қайта пысықтау, зерделеу жас буын мен қалыптасқан азамат санасын серпілтуге әсер ететінін уақыттың өзі дәлелдеді. Еуропа айтатын «классика» ұғымының мәні де осында. Ол – қай заманда да өнеге және парасат өлшемі.
Ал Президент нұсқаған түсіндіру мен насихаттау ісіне барлық қоғамдық ұйымдар мен БАҚ, әлеуметті желілер күш біріктірсе, «жайлы, жұмсақ күштерді» орнымен пайдалансақ, іштегі тамырларымызды, сырттағы әріптес-достарымызды «Абай әлеміне» тарта білсек, елеулі нәтижеге қол жеткізер едік. Сонда ғана арзанқол телеөнімдер мен радиохабарлар, жеңіл-желпі жазбалар мен қаңқу пікірлер өздігінен азайып, тыйылары сөзсіз. Өйткені өлең сөздің патшасы, қара сөздің құдіреті Абай қашанда біртұтас халқын жақсылыққа бастайды.
Дархан МЫҢБАЙ,
Мәжіліс депутаты