Саясат • 15 Қаңтар, 2020

Қолжетімділікті арттырады

253 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ұлттық тестілеу орталығы Ұлттық бірыңғай тестілеуді өткізу кезінде арнайы мониторингтік топтарды жұмылдыру туралы бастама жасады.

Қолжетімділікті арттырады

Бұл бастама негізінде Ұлт­тық бірыңғай тестілеудің ашық­тығы мен объективтілігіне қоғам­дық бақылауды жүзеге асыру мақ­сатында, Қазақстан Республи­касының 2015-2025 жылдарға арналған Сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиясының іске ас­ыры­луын сыртқы талдау және бағалаудың арнайы монито­ринг­тік тобының өкілдері жұмыл­ды­ры­лады.

2020 жылы 13 қаңтарда Сы­бай­­лас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінде (Сыбайлас жем­қор­лыққа қарсы қызмет) Ұлт­тық тестілеу орталығы, Сыбай­лас жем­қорлыққа қарсы қызмет және өңір­лердегі арнайы монито­рингтік топ өкілдерінің қаты­суымен мәжіліс өткізілді.

Ұлттық бірыңғай тестілеуді өт­­кізу қағидаларына сәйкес, 2020 жылы 16-20 қаңтар аралығында 99 ҰБТ пункті базасында ҰБТ өткізіледі.

Жоғары оқу орнына ақылы негізде түсу үшін ҰБТ жылына 4 рет өткізіледі (қаңтар, наурыз, мау­сым, тамыз). Бұл ретте оқуға түсу­шілер білім беру грантын таға­йындау конкурсына қатысу үшін маусым айында өткізілетін ҰБТ-ны тапсыруы қажет. Жалпы, ҰБТ-ны тапсыру форматы өзге­ріссіз. Бұл норма жоғары білім алуға қолжетімділікті арттыру мақсатында енгізілді.

ҰБТ-ға қатысу үшін құжат­тарды қабылдау 2019 жылы 1-15 желтоқсан аралығында бірыңғай ақпараттық жүйе арқылы жүзеге асырылды. Нәтижесінде, ҰБТ-ға қатысуға 95 мыңнан аса адам өтініш берді.

Осы ҰБТ-ға орта мектептердің 11 (12-сынып оқушылары, бірін­ші академиялық оқу кезеңін аяқтағанға дейін (шартты түр­де қабылдау) ЖОО-ға қабылдан­ған тұлғалар, сондай-ақ шығар­машылық дайындықты талап ететін білім беру бағдарламалары тобында оқитын және басқасына  ауысуға ниет білдірген студенттер қатысады.

ҰБТ өткізу үшін жергілікті жерлерде 594 адамнан тұратын ҰБТ ұйымдастыру және өткізу бойынша мемлекеттік комиссия­лар құрылды.ҰБТ-да 820 аудитория пайдаланылатын болады. Барлық аудиториялар ұялы байланыс құралдарының жұмысын басқыштар және бейнебақылау камераларымен қамтамасыз етілген.