«Домбыра қазақтың жаны, рухы, тарихы, салт-дәстүрі, бүкіл бітім-болмысы деп айтуға болады. Киелі аспап Ұлы даланың төсінде ерте заманнан бері халқымызбен бірге жасап келе жатыр. Бір кездері Майтөбенің тұсынан домбыраның суреті бар таңбалы тас табылғанын білеміз. Ғалымдар бұл сурет берісі 4 мың арысы 6 мың жыл бұрын бедерленгенін дәлелдеп отыр. Арал маңында домбыра ұстаған адамның мүсіні де біздің дәуіріміздің IV ғасырының мұрасы болып есептеледі. Ал Алтайдан табылған ата домбыра біздің дәуіріміздің VI ғасырына тиесілі. Көріп отырсыздар ма, Алтайдан Атырауға дейін бүкіл Қазақстанның даласы 4-5 мың жылдан бері осы домбыраның күмбірлеген күйін естіген. Қуанышта да, өкініште де қазақпен бірге жасап келе жатыр. Ол бүкіл біздің даламыздың, барлық қазақтың қаны да, жаны да бір екенін дәлелдейтін нақты нәрсе деп Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев айтқандай, ЮНЕСКО-ның шешімімен домбыра мен күй адамзаттың материалдық емес мәдени мұраларының тізіміне енді. Домбыра – қазақ халқының әрбір үйінде болуы міндетті және қажетті аспап болып есептелген.
Эстрадалық әндерден гөрі домбырамен айтылатын дәстүрлі әндер мен күйлерді тыңдауға әсіресе алдыңғы буын ағаларымыз бен домбыраның үнін бойына сіңіріп өскен ата-әжелеріміз мұқтаж. Рухани жаңғыруды құр сөзбен ұрандатпай, ұлттық аспаптарымызды таңнан кешке дейін телеарналарымыздан тыңдайтындай мүмкіндігіміз болса, нұр үстіне нұр болар еді.
Ұлттық брендімізге айналған домбыраны ұлықтау ауылдан бастауын алып жатса, әсіресе өзіміздің қаракөздеріміз рухани азық алар еді. Тек қалалық жерде емес, «Домбыра» ұлттық телеарнасын барша Қазақ елі (әсіресе ауылдық жерлер) көре алатындай мүмкіндік туып жатса, ұтпасақ ұтылмайтынымыз анық. «Домбыра» ұлттық телеарнасының «ОТАУ ТВ» спутниктік телевизиялық желісіне қосылуына мүмкіндік ашылса, әсіресе ауыл халқының қуанары анық. Осы ұсынысымыз тиісті орындар тарапынан қолдау тауып жатса ықыласымыз шексіз болар еді.
Сұлтан НҰРБОЛАТ
Түркістан облысы,
Бәйдібек ауданы