Жұмыс сапары кезінде Еңбек министрлігінің басшысы Түркістан және Кентау қалаларының Халықты жұмыспен қамту орталықтарында (бұдан әрі – ХЖҚО) болып, көпбалалы аналармен және облыстың табысы аз тұрғындарымен кездесті және АӘК-тің жаңа форматын ұсыну туралы облыс қалалары мен аудандары әкімдіктерінің қызметкерлерімен конференция өткізді.
Министр аймақтағы бағдарламасын Түркістан және Кентау қалаларындағы жұмыспен қамту орталықтарына барудан бастады. Біржан Нұрымбетов жұмыспен қамту орталығының қызметкерлерімен және облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшылығымен сөйлескен кезде АӘК-ге жүгінетін азаматтардан құжаттарды қабылдау кезінде ағымдағы жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанда атаулы әлеуметтік көмек көрсетудің жаңа тетіктері бойынша нақты түсіндіру жұмыстарын жүргізу қажет екенін атап өтті.
«Біріншіден, сіз азаматтарға АӘК тағайындау үшін құжаттарды қаңтар айының соңына дейін тапсыруға болатындығын және ақпан айына дейін барлық критерийлерге сәйкес келетіндердің барлығы атаулы әлеуметтік көмек алатындығын түсіндіруіңіз керек. Азаматтарға дүрбелең мен жаппай кезек құрудың қажеті жоқ, өтініш беруге тағы жарты ай бар» деді министр.
Біржан Нұрымбетов сондай-ақ азаматтар ХЖҚО-ға және халықты жұмыспен қамту бөлімдеріне жаппай жүгінген жағдайда жүкті әйелдер мен балалары бар әйелдердің құжаттарын қабылдайтын жеке қызметкерлер бөлуді ұсынды.
Еңбек министрлігінің басшысы азаматтардың материалдық жағдайын бағалау процесінде учаскелік комиссиялардың рөлін күшейтуді ескере отырып, АӘК тағайындау кезінде олардың қалай жұмыс істеуі керектігі туралы нақты түсінік берді.
Сондай-ақ Кентау қаласында Министр АӘК арқасында өзінің қаржылық жағдайын жақсартып қана қоймай, өз ісін ашуға да мүмкіндік алған отбасына барды.
Түркістан қаласына оралғаннан кейін Біржан Нұрымбетов қалалық мәдениет сарайында көпбалалы аналар мен табысы аз азаматтармен кездесу өткізіп, атаулы әлеуметтік көмек көрсету мен көпбалалы отбасыларды қолдаудың жаңа тәсілдерінің мәнін түсіндірді.
«Мемлекет басшысы 2 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында Үкімет алдына АӘК тағайындау тетігін оның ашықтығын, әділдігін және еңбекке ынталандыруды қамтамасыз ету мақсатында түзету, сондай-ақ табысы аз отбасылардағы балаларға арналған кепілдік берілген әлеуметтік топтаманы енгізу міндетін қойды. Мемлекеттік көмектің жаңа шаралары кешенді жүзеге асырылады және оған көпбалалы отбасыларды қолдау, жаңғыртылған атаулы әлеуметтік көмек, табысы аз отбасылардағы балаларға арналған кепілдік берілген әлеуметтік топтама кіреді» деді министр.
Ол сондай-ақ ағымдағы жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанда 4 және одан да көп кәмелетке толмаған немесе 23 жасқа дейінгі күндізгі оқу бөлімінде оқитын студент балалары бар көпбалалы отбасыларға арналған жаңа мемлекеттік жәрдемақы енгізілгенін атап өтті. Бұл мемлекеттік жәрдемақы отбасының табысына қарамастан 42 496 теңгеден 74 388 теңгеге дейін сараланған мөлшерде төленеді. Осындай төлемді ағымдағы жылғы қаңтарда жалпы сомасы 17,7 млрд теңгеге 367 мың отбасы алды.
«Табысы аз отбасыларға атаулы әлеуметтік көмек қарастырылған. Мұнда балалар саны, бір бала немесе төрт бала болуы маңызды емес. АӘК тағайындау үшін басты критерий – бұл жан басына шаққандағы орташа табысы отбасының әрбір мүшесіне аймақтық ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70%-ынан аспауы тиіс. Отбасының барлық мүшелері үшін АӘК мөлшері жан басына шаққандағы табыс пен кедейлік шегінің арасындағы айырма ретінде айқындалатын болады. АӘК ашықтығын қамтамасыз ету үшін тоқсан сайын тағайындалатын болады, ал отбасының материалдық жағдайына тексеру жүргізу мерзімі 3 күннен 7 күнге дейін ұлғайтылады. Егер отбасы АӘК қажет деп есептесе, онда қаңтар айында әлеуметтік көмекті тағайындау үшін құжаттар тапсыра алады. АӘК алатын барлық отбасылардың балаларына мемлекет кепілдік берген әлеуметтік топтама ұсынылады» деп толықтырды Нұрымбетов.
Еңбек министрі атап өткендей, 1 жастан 6 жасқа дейінгі балалар үшін әлеуметтік топтамаға азық-түлік жиынтықтары мен гигиеналық құралдар енгізілген. 6 жастан 18 жасқа дейінгі балалар үшін мектептерде ыстық тамақ, оқу құралдары мен мектеп киімдерін беру көзделеді. Сондай-ақ осы санаттағы балалар үшін мектепке дейінгі жол жүру шығындары өтелетін болады. Медициналық, оның ішінде стоматологиялық көмек 18 жасқа дейінгі балаларға тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру шеңберінде көрсетілетін болады.
Өз сөзін қорытындылай келе, министр көпбалалы және табысы аз отбасыларға үйде жұмыс істеу үшін де, өз ісін ашу үшін де кең мүмкіндіктер берілетінін атап өтті.
«Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасына қажетті өзгерістер енгізілді. Көпбалалы және табысы аз отбасы мүшелерін кәсіпкерлікке тарту үшін оларға микрокредиттер жылдық 4% - дан аспайтын пайыздық мөлшерлемемен 7 жылға дейінгі мерзімге жеңілдікті шарттармен берілетін болады. Бұдан басқа, халықтың барлық санаттары үшін мемлекеттік гранттардың бірыңғай мөлшері – 200 АЕК белгіленген. Сонымен қатар, көпбалалы және табысы аз отбасы мүшелері алдын ала білім алусыз грант алуға құқылы» деді Біржан Нұрымбетов.
Жұмыс сапарының соңында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі табысы аз отбасылардағы балаларға арналған кепілдік берілген әлеуметтік топтама беру шеңберінде сатып алынатын дайын азық-түлік пен гигиеналық жиынтықтарды көріп, облыс қалалары мен аудандары әкімдіктерінің қызметкерлерімен жаңа форматтағы АӘК көрсету мәселелері бойынша селекторлық кеңес өткізді.
Естеріңізге сала кетейік, 2019 жылы Премьер-Министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаевтың өңірлерге жұмыс сапары аясында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Қызылорда, Атырау, Батыс Қазақстан, Түркістан, Ақтөбе, Павлодар, Ақмола, Алматы, Солтүстік Қазақстан, Қостанай және Маңғыстау облыстарының, сондай-ақ Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларының тұрғындарымен АӘК тағайындаудың жаңа тетіктері туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Қазіргі уақытта Біржан Нұрымбетовпен қатар, еліміздің өңірлерінде Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрлері түсіндіру жұмыстарын жүргізуде.