Президент өзінің бұл мақаласында жұмбақ Абайдың жүрегіне терең бойлай отырып, оның тұңғиық тылсым сырына және үңіліп, ақынның рухани әлемін, жаратылыс-болмысын, қасиет ерекшелігін, данышпан дара тұлғасын, кемеңгер ойшылдығын қадау-қадау айтып келіп, Абайсыз Алаш елінің айдарынан жел есіп, бүкіл жарық әлемге айдын асырып, асқақ көріне алмаймыз деп түбегейлі қорытынды жасайды. Ұлы Абай байтақ даланы жалғыз жайлаған қазақ елі үшін ғана емес, бүкіл жер-жаһанның ірі тұлғасына айналуы қажет дейді.
«Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста, сонда толық боласың елден бөлек» деп жырлаған ұлы Абайдың шығармасын оқыған кісінің көкірек көзі ашылып, жан-дүниесі тазарып, жүзі шырайланып, ақыл-ойы толысып, кемелдене түседі. Өйткені ұлы Абай – рухани әлем, он сегіз мың ғаламның – жұмбақ бір ғаламы. Оны зерттеген сайын зердең ашылып, түбіне бойлаған сайын одан әрі тереңдей береді. Шеті, шегі жоқ алапат дүние. Қандай жағдайда да, қандай күнде де ақынның ызалы жүрек бұлқынысынан туған туындылары замандардан заманға көшіп, қай ғасырда да құнын жоғалтпай мәңгі жасай береді.
Осы ретте Президенттің «Мен бұл мақалада Абай сөзінің бүгінгі заманымыз үшін көкейкестілігі, ақын шығармаларынан халқымыз қандай тағылым алуы тиіс екендігі жөнінде жұртшылықпен ой бөліскім келеді» деуі тегін емес. Мұның астарында Абайды толық танымай, өзімізді толық танымаймыз, Абайдың шығармаларын оқымай шырайымыз кіріп, рухани жаңғырып, жаңарып, түлемейміз деген соқталы ой жатыр. «Себебі, – дейді Мемлекет басшысы, – ұлы ойшыл осыдан бір ғасырдан астам уақыт бұрын ұлтты жаңғыртуға, жаңаруға, жаңа өмірге бейім болуға шақырған».
Президент сонымен бірге бұл мақаласында «Педагог мәртебесі туралы» заңға, ана тіліміздің кең өріс ашып дамуына және ағылшын тілін үйренуге баса көңіл беру керек екенін атап өтіп, содан кейін өзінің «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» атты тұжырымдамасына тоқталған.
Рас, соңғы уақытта мемлекеттік қызметке ұлттық рухқа суарылып, өсіп-жетілген азат ойлы жастар келе бастады. Осының өзін өз басым ұлы ақынның торқалы тойы алдындағы жақсы нышан, жарқын көрініс, рухани жаңғыру деп білемін.
Абайдың «Алланың өзі де рас, сөзі де рас, Рас сөз еш уақытта жалған болмас» деген сөзінен де оның көреген ойшыл ақын екені айқын көрінеді. Мына ғажап қызықты қараңыз: Батыс ғалымдары медициналық атылас парақшасымен (лупаның көмегімен) адам жүрегінің оңаша бұрышында Алла деген жазуды байқаған. Қанша аударып, төңкеріп тексерсе де Алла деген жазу шыға берген. Ғалымдар бұл жазуды адамға операция жасағанда көрген. Олар жүректің әр қағысы Алла деп соғады дейді. Сенбеске шара қайсы.
Ғұлама ақынның мерейтойын әлемдік деңгейде лайықты атап өту үшін қазірдің өзінде көптеген іс-шара күні бұрын белгіленіп, дайындық жұмыстарының қызу жүріп жатқаны, Семей қаласының тарихи орталыққа айналып, ұлы Абай мен Шәкәрімнің, Мұхтар Әуезовтің кіндік қаны тамған өңір айрықша мәртебеге ие болып, ондағы тарихи-мәдени нысандар талапқа сай жаңғыртылып, жаңартылатындығы, сөз жоқ, өркениетті ел екенімізді және бір танытады.
Орыстың әйгілі қолбасшысы Кутузов әскери бір кеңесте нөкерлеріне қарап, «Сендер ертеңгі шабуылдан жеңіс іздейсіңдер, мен идея іздеп отырмын» депті. Сол сияқты Қасым-Жомарт Кемелұлының «... мұның бәрі той тойлау үшін емес, ой-өрісімізді кеңейтіп, рухани тұрғыдан дамуымыз үшін өткізілмек» деген сөзінен оның дүниеге ойлы көзбен үңіліп, әр нәрседен идея іздеп, шешім қабылдайтын басшы екенін байқау қиын емес. Ендеше, бұл ұлы тойдан кім-кімде тұғырлы ой түйіп, рухани жаңғырып, түлеп қайтары даусыз.
Рафаэль НИЯЗБЕК,
ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Чешенстан Мемлекеттік сыйлығының және «Түркі әлеміне қызметі үшін» халықаралық сыйлықтың лауреаты