«Ақтөбе қалалық сал ауруына шалдыққан азаматтарды қолдау орталығы» қоғамдық бірлестігінің жанынан 2007 жылы ашылған, достық, адалдық, рақымшылық деген әдемі ұғымдардың бас әріптерінен құралған ұйым – «Д.А.Р.» еріктілер клубын әу баста Қазақстанның Еңбек Ері Құралай Байменова құрған. Өңірдегі белсенді үкіметтік емес ұйымның қызметі негізінен мүмкіндігі шектеулі азаматтарды қолдауға бағытталған, әлеуметтік көмекке баса маңыз беріледі. Қазіргі таңда жүзден астам мүшесі бар орталықты құрудағы мақсат та сол – қоларбада отыратын қамкөңіл жандарға демеу болу. Үлкен жүректі азаматтардың басын қосқан клубтың үйлестірушісі Гауһар Жұмағазиева:
– Бұл – зор жауапкершілікті қажет ететін жұмыс. Қатарымызға кәмелет жасынан асқандарды ғана қабылдайтынымыз сондықтан. Мәселен, ол кісі мүмкіндігі шектеулі жанның ауласындағы қарын аршуға немесе дүкеннен тамағын алып келуге жұмылдырылуы мүмкін. Тіпті, үйінде бала-келіндері мен немерелері болса да, шүйіркелесіп әңгіме айтуға құштар, өзіне рухани серік іздейтіндер ұшырасады. Сол сияқты біз Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен тыл еңбеккерлеріне де жәрдемдесеміз. Орталық қоғамдық негізде жұмыс істеп, ешкімге қаржылай қолдау көрсетпейді. Мақсат – үйде отырған зейнеткерлер мен әртүрлі жастағы мүгедек жандарға қолғабыс таныту, – дейді.
Гауһардың айтуынша, волонтерлік қызметті тек науқас балаларға қаражат жинаумен, қарттардың «қолын ұзартумен» байланыстыратындар көп. Бұл – қате түсінік.
Қазақстанның өзінде волонтерлер жұмысының 15 бағыты түзілген. Олардың арасында медициналық (донорлық), экологиялық, жануарларға арналған, мәдени-көпшілік, ғаламтор кеңістігіндегі, төтенше жағдай кезіндегі волонтерлік, т.б. бар. «Қазіргі таңда қоғам арасында волонтерлік қозғалыс өте қарқынды дамып келеді. Дегенмен, қоғамдық қызметтің мән-мағынасын дұрыс түсінбейтіндер де кездеседі. Ондай жағдай, волонтер имиджінің төмендеуіне әкеліп соқтырады.
Ақтөбеде де волонтерлік ұйымдардың саны жылдан-жылға көбейіп келе жатыр. Іштей қуанасың. Бірақ олардың жұмысы волонтерліктің негізгі қағидаларына негізделсе, тек ел аузына ілігу үшін жасалмаса екен дейсің... Жалпы, волонтерлер қызметінің құқықтық негіздері, мақсат-міндеті мемлекет тарапынан белгіленуі керек деп есептеймін. Ал волонтерлердің өзіне оқу ақысын төлеу жағынан жеңілдік жасау дұрыс па, бұл – үлкен сұрақ. Неге десеңіз, бұл волонтерлердің қағидаттарына сәйкес келмейтін сияқты. Яғни біздің жұмыстың негізі риясыз, өтеусіз көмектен тұрмай ма? Егер әлгіндей жағдай ұсынылса, басқа пиғылдағы жастар да волонтер болуға ұмтылуы мүмкін», — деп сыр шертеді әңгімелесушіміз.
2019 жылдың соңында Нұр-Сұлтан қаласында Жастар жылы қорытындыланған салтанатты шарада Гауһар Мемлекет басшысының қолынан Алғыс хат алды. Мұндай үлкен құрметке ие болған ақтөбелік волонтер аталған саладағы еңбегінің еленгеніне дән риза.
– Мені ұсынған — Ұлттық волонтерлік желісі. Шынымды айтсам, бұл күтпеген жерден алған марапат болды. Өте қатты қуандым. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолынан Алғыс хат алу мен үшін үлкен мәртебе. Мұны жылдар бойы сіңірген еңбегімнің бағаланғаны деп білемін.
«Волонтер» сөзі шетелден енген термин болғанымен, қазақ халқы атам заманнан көмекке зәрулерді ескерусіз қалдырмай, жесірі мен жетімін жылатпаған. Сондықтан еріктілер қызметін Батыстан үйреніп жатырмыз дегенге келіспеймін. Тек бұл ұғымды қайта жандандырып жатырмыз дегеніміз дұрыс болар, – дейді Гауһар Қаршығақызы.
Кейіпкерімізден ұйымдағы ең жас мүше 18-де болса, ең үлкені – 70-тен асқан қарт екенін білдік. Соңғысы – құрметті демалыстағы заңгер қоларбада отырғандарға ақысыз негізде құқықтық кеңес береді. Одан бөлек, волонтерлердің арасында қарттар үйі, балалар үйі сияқты әлеуметтік нысандарға ұдайы барып, концерт қоятын өнерлі жастар да бар. Осы орайда «Д.А.Р.» еріктілер клубының мүшесі болып жүріп танысқан, кейін табысқан жастардың біршама екенін айтпай кетуге болмайды. Олардың біразы бұл күнде жан қалауын бірлесіп орындап жүр. Ең алғаш сыңарын аталған клубтың өткізген шараларында кездестіріп, шаңырақ көтерген ерікті мен мүмкіндігі шектеулі жандар да бар.
Орталық белсенділері бірқатар республикалық байқаулардан да жүлдемен оралып жүр. Мәселен, елордада өткен «Үздік волонтер» сайысында «Волонтерлік бойынша үздік жоба» аталымы бойынша «Д.А.Р.»-дың жастары өзгелерден оқ бойы озып шығып, Білім және ғылым министрлігі тарапынан диплом мен бағалы сыйлыққа ие болды. Сонымен бірге ұйым көптеген халықаралық, республикалық қозғалыстардан жемісті жұмысы үшін Алғыс хаттар алғанын айта кеткеніміз абзал.
Жалпы, Ұлттық волонтерлік желісінің мәліметінше, Ақтөбенің өзінде игі іс жасауға ұмтылған 30-дан астам ұйым бар. «Д.А.Р.» еріктілер клубынан бөлек, қайырымдылыққа ден қойған «Қызыл Ай» қоғамы облыстық филиалының жанынан құрылған волонтерлер тобы, «Жүректен жүрекке» және «Мейірім» клубтарының мақсаты бір – қиналғандарға қолұшын созу. Білгеніміздей, ондағылардың 70 пайызын жасы 29-ға толмаған жастар құрайды.
Айбек ТАСҚАЛИЕВ,
журналист
Ақтөбе облысы