Аймақтар • 16 Қаңтар, 2020

Атбасарда ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр

256 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Атбасарлықтар өткен жылды нәтижелі экономикалық көрсеткіштермен аяқтаған екен. Мәселен, өсім өнеркәсіпте 103,1, ауыл шаруашылығында 121, бөлшек тауар айналымында 102 процентті құраған.

Атбасарда ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр

Орташа еңбекақы 2018 жылмен салыстырғанда 15,7 процентке жоғарылап, 126,5 мың теңгеге көтеріліп отыр. Мемлекеттік бюджетке 4 миллиард теңге салық және өзге де міндетті төлемдер түсіпті.

– Өткен жылы ауыл шаруашылығы өнімінің жалпы көлемі 36,6 миллиард теңгені құрады. Аудан диқандары ауа райының қиындығына қарамастан, 435 мың тонна астықты уақытында әрі шашпай-төкпей жинап алды. Мемлекет тарапынан бұл салаға жыл сайын тыңайтқыш, тұқым, гербицид бағасын арзандатуға субсидия төленеді. Биыл аудан бойынша 15 трактор, 17 комбайн, 8 егіс кешені сатып алынды. Мал шаруашылығын дамыту мақсатында 115 миллион теңге субсидия төленді. Бұл асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуға, мал шаруашылығы өнімінің сапасы мен өнімділігін арттыруға ықпал етуде. Қазір ауданда 31,4 мың бас ірі қара, 27 мың қой-ешкі, 11 мың бас жылқы бағылады. Былтыр 6,2 мың бас ірі қара асылдандырылды. Өткен жылы 13 инвестициялық жоба жүзеге асырылып, 86 жұмыс орны ашылды. Биылғы жылы мал бордақылау алаңдары, өңдеуші кәсіпорын, құс фабрикасы тәрізді 8 инвестициялық жоба жүзеге асырылмақшы. Өндірілген өнеркәсіп өнімінің көлемі 21,3 миллиард теңгені құрады. Бұл бағытта Атбасар электровоз жөндеу зауыты, «Аждар және К», «Атбасар технопарк» серіктестіктерінің үлесі мол. Ауданда 2,5 мың шағын және орта бизнес субъектілері жұмыс істеп, 6,5 мың адамды жұмыспен қамтып отыр. Өткен жылы өңірде 15,4 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, 130 отбасы баспаналы болды. Су тасқынынан зардап шеккен тұрғындар 495 пәтермен қамтамасыз етілді. Жуырда көп балалы отбасыларға және әлеуметтік жағынан аз қамтылған тұрғындар үшін 90 пәтерлік екі үй пайдалануға беріледі, - дейді аудан әкімі.

Алға ұмтылған атбасарлықтар өздерінің тынымсыз әрекеттерінің арқасында ауданның әлеуетін арттыра түсуде.