Аймақтар • 16 Қаңтар, 2020

Көкшетаулық оқушылардың жетістігі

385 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Көкшетаудағы физика-математика бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебі сапалы білім беретін өңірдегі көшбасшы оқу ордасы. Мектеп оқушылары робототехникадан өтетін дүниежүзілік жарыста Қазақстан құрамасы сапында ел намысын лайықты деңгейде қорғап жүр.

Көкшетаулық оқушылардың жетістігі

Ал, жуырда 12-ші сынып оқушылары Рахат Хамитов пен Жаркен Өтегенов Корей елінде өтетін дүниежүзілік «Жас ғалымдар» байқауында өздерінің жобаларын қорғамақ, ал, Софья Кокорина мен Георгий Шиляев Қазақстан Құрамасы сапында елдің намысын қорғауда.

–Мен үш жыл қатарынан әлемдік олимпиадаға қатысудамын. Робототехника өзімен қатты ұнайды. Олимпиадада заттарды тасымалдайтын робот құрастыру қажет болды. Біз бұл тапсырманы тап-тұйнақтай етіп орындап шықтық, дейді Назарбаев зияткерлік мектебінің 6 сынып оқушысы Софья Кокорина.

Көкшетаулық оқушылар әлемдік деңгейдегі робототехника жарыстарына осымен үшінші жыл қатарынан қатысуда.  Нәтижесіз емес.

–2017 жылы дүниежүзілік жарыс Коста-Рика елінде өтті. 81 команданың ішінде біз 29-шы орынға ие болдық. 2018 жылы Тайландта өткен жарысқа 63 мемлекеттен 104 команда қатысты. Біздің топ 9-шы орыннан көрінді, ал былтыр Венгрияда өтті. Біздің балалар 8-ші орынға көтерілді. Мектебімізде балалардың робототехникамен айналысуы үшін барлық жағдай жасалған. Оқушыларымыздың қызығушылықтары да зор, дейді Назарбаев зияткерлік мектебінің  мұғалімі, робототехникадан жаттықтырушы Қуаныш Қанапов.

Көкшетаудағы физика-математикалық бағыттағы Назарбаев зияткерлік мектебі былтырғы жылы халықаралық мектептер кеңесі аккредитациясынан сәтті өтті. Бұл білім ордасының барлық стандарттар бойынша әлемдік деңгейдегі ең қатаң критерийлерге сай екенін дәлелдеп отыр. Оқушылардың ғылыми және шығармашылық  бағыттағы жетістіктері де мол. Мәселен, еліміздегі Назарбаев зияткерлік мектептері арасында өткен ғылыми байқаулар жарысында Рахат Хамитов пен Жаркен Өтегеновтың жобалары үздік деп танылды. Енді олар Корей елінде өтетін дүниежүзілік «Жас ғалымдар» байқауында өздерінің жобаларын қорғамақ.

–Бұл сауда үйінің макеті. Мұнда 2 камера орнатылған. Ол әрбір бөлмедегі адамдардың саны мен орналасуын анықтайды. Осыған қоса ПАЙТН компьютерлік тілі арқылы  «Open sivi»  библиотекасын қолданып, камералар арқылы өртке қарсы жүйені дайындадық. Яғни, мен қазір сіреңкені жақындатып, еденде бірден жарық пайда болады. Яғни, шығатын бағыт көрсетіледі, дейді Назарбаев зияткерлік мектебінің 12-сынып оқушысы Рахат Хамитов.

Рахаттың айтуынша, Ресейдің Кемерово қаласындағы «Зимняя вишня» сауда үйінде болған өрт бұл жобаны әзірлеуге түрткі болған. Себебі, кинотеатрда есіктердің жабық болуы салдарынан қаншама адамдар қаза болды. Сондықтан оқушылар әзірлеген жүйе бойынша өрт кезінде қосымша есіктер автоматты түрде ашылады және адамдарға одан шығу үшін арнайы шамдармен бағыт көрсетіледі. Сонымен қатар өрт сөндірушілер арнайы бағдарлама негізінде ғимаратта қанша адам қалғаны жөнінде біле алады.