Шалғынбай Сатыбалдыұлының айтуынша, әкесі Сатыбалды Күлімбаевқа Әсет домбыраны өзі сыйға тартыпты.
–1920 жылы болса керек. Қараталдағы ағайыннмен Сатыбалды әкем бірлесіп Қоянды жәрмеңкесіне барыпты. Азық-түліктерін алып, қайтар жолда керуен тамақтану үшін бұлақ басына соғады. Сол бұлақтың басында Әсет ақын нөкерлерімен демалып, ән салып отырыпты. Амандық-саулық сұрасқан соң, «араларыңда ән шырқайтын адам бар ма?» деп ақын сұрапты. Жұрт қолқалап қоймаған соң әкем ортаға суырылып шығыпты. Әкеміз әнші, домбырашы, ағаштан түйін түйген шебер еді. Ортаға шыққан әкеме Әсет домбырасын ұсынып, «Ал, енді шырқа» деген екен. Сонда әкеміз домбыраны күйлеп алып:
«Жер шоқтығы – Көкшетау,
Бауыры толған бақша-бау.
Төңірегің сексен көл,
Исің жұпар аңқиды-ау», - деп Біржан салдың әнін әуелеткен көрінеді. Әкемнің дауысына, әншілік шеберлігіне дән риза болған Әсет ақын домбырасын сыйлап, қош айтысып тарқасыпты. Міне, содан бері бұл қасиетті домбыра біздің әулеттің құнды жәдігеріне айналған, - дейді Шалғынбай аға.
Әсет бабамыздың жан серігі, жан сезімі болған қалақ домбыраның ішегіне саусағым тиіп кеткенде күмбірлеп қоя берді. Балқарағай ағашынан жасалған домбырада арабша өшіңкіреген жазуды аңғардым. Бұл араб әліпбиіндегі «Әсет» деген жазу екен.
– Әкеміз 70 жасында дүние салды. Ол кезде мен 5-сыныпта оқимын. Домбыра ескі үйде тұрды. Мен ән айта бастағанда әлгі домбыраны іздедім. Ескі үйдің бір бұрышынан тауып алдым. Мойны, құлағы сыныпты. Бет қақпағы шіріп кеткен екен. Басында 9 пернелі болған. Өзім домбыраны жасағанда пернесін көбейттім. Бір күні домбырадағы жазуды оқыту үшін Мұсақан Жұманов деген арабша танитын ақсақалға апардым. Сонда ақсақал: «Мына жерде Әсет деп жазылған екен. Қолыңдағы домбыра Алаштың бағына біткен асыл перзенттерінің бірі – теңдессіз әнші, бірегей сазгер, суырыпсалма ақынның көзі ғой. Ешқашан төмен түсірмей, жоғары іліп жүр» деді. Содан бері киелі аспапты төрімнен түсірген емеспін. Менің шаңырағымда сақтаулы тұрғанына 45 жылдан асты, - дейді Шалғынбай Сатыбалдыұлы.
Әсет Найманбайұлының Қоянды жәрмеңкесіне барып, Арқаның ән мектебінен сусындап, оның әсем әндерін Жетісу мен Тарбағатай өңіріне жеткізуші, Біржанның, Ақанның, Құлтуманың әндерін шығыс аймаққа таратушы болғанын жақсы білеміз. Осындай сапарының бірінде әншінің Сатыбалды Күлімбаев ақсақалға сыйлаған домбырасы бүгінге жеткені көңілімізге қуаныш ұялатты. Әсеттен қалған мұраны ардақтап, көздің қарашығындай қастерлеп, сақтап отырған ұрпаққа мың сауап болсын!
Нұрдос КӘРІМ
БАЛҚАШ қаласы