Аймақтар • 17 Қаңтар, 2020

Көкшетауда беті ашық құдық көп

497 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Таяуда Jas Otan Жастар қанатының белсенділері өңірлік Төтенше жағдайлар жөніндегі департамент өкілдерімен бірлесіп кәріз құдықтарының ашық қалмауын қадағалап шықты. Бүкіл Қазақстан бойынша «Қауіпсіз қала» акциясы аясында ұйымдастырылған шараға ақмолалықтар да белсенді атсалысты.

Көкшетауда беті ашық құдық көп

Бүгінде жеңіл ақша табу үшін темір-терсек қабылдау пункттеріне өткізу белең алуда. Сол себепті облыс орталығында беті ашық қалған құдықтар көбейіп келеді. Мұндай келеңсіз көрініс бұрыннан бар. Төтенше жағдайлардың алын алу үшін елімізде 8 қаңтардан бастап «Қауіпсіз қала» акциясы бастау алды. Акцияға белсене қатысқан көкшетаулық жастар бір аптаның ішінде ашық қалған құдықтардың 300-інің жабылуына себепші болды.

– Біз осындай құдықтардың бірнешеуін таптық. Осы фактілер бойынша қала әкіміне, «Қазақтелеком», «Көкшетау су арнасы» және «Көкшетау жылу» мекемелеріне арнайы хат жаздық, – дейді Jas Otan Жастар қанаты облыстық филиалының төрағасы Сұлтанбек Бекішев.  

Еріктілердің айтуынша, ашық қалған құдықтардың дені «Автоқалашық» пен «Шанхай» ықшам аудандарында. Кей тұста беті ашық құдықтарды қала тұрғындары көріп, өздері тиісті мекемелерге хабар беріп жатады.

– Ашық құдықтарды тезірек жабу керек. Өте қауіпті. Осы маңда балаларымыз бен немерелеріміз жүреді. Jas Otan Жастар қанатына алғысымыз шексіз. Осындай іспен одан әрі де айналысса, біз оларға көмектесуге әзірміз, – дейді қала тұрғыны Алма Сәдуақасова.

Jas Otan Жастар қанаты мен «Феникс» еріктілер орталығы бірігіп алдағы уақытта «Әлеуметтік патруль» қадағалау жобасын іске асыруды қолға алмақ.

 

КӨКШЕТАУ