Бұл кітап «Отбасы хрестоматиясы» қорының кезекті өнімі – Экософия ғылымына негіздеп құрастырылған Қазақстандағы алғашқы жоба. Мұнда ежелгі түркі дәуірінен басталатын қазақ фольклорының табиғат және жануарлар әлемі туралы қызықты мифтер, аңыздар жинақталған. «Отбасы хрестоматиясы» қоғамдық қоры балаларды қоршаған ортаға құрметпен қарауға баулуды көздейтін, олардың бойында жалпы киелі табиғатқа жанашыр көзқарасты қалыптастыратын жаңа ғылым саласы – экософия ғылымын дәріптеумен айналысып келеді.
Экософия – экология мен философия ғылымдарының синтезінен келіп шығып, қоршаған ортаға кие бітіру арқылы адамның бойында экологиялық мәдениет қалыптастыруды мақсат тұтатын кенже ғылым.
Экософия деп қоршаған ортаны мән мен мазмұнға толтыруды айтады. Бізде экологияны қорғау заңдық шектеулерді күшейтіп, айыппұлдарды арттыруға ғана бағытталған. Алайда мұндай күрестің нәтижесі шамалы. Өйткені азаматтардың бойында эко-этикет қалыптаспаған. Экософия ғылымы осы олқылықтың орнын толтыруды көздейді. Ол өсімдіктер мен жануарлар әлеміне биология көзімен емес, байырғы адамның санасындағыдай сакральды, киелі жаратылыс ретінде қарауға шақырады.
Тұсаукесерге Экология, геология және табиғи ресурстар министрі М.Мырзағалиев, экология саласаның мамандары, елімізге танымал қоғам қайраткерлері келеді деп күтілуде.
Бұл кітап былтыр қазақ даласында ақбөкендерді қорғаймын деп оққа ұшқан қорықшылар – Ерлан Нұрғалиев пен Қаныш Нұртазинов марқұмдардың рухына арналды.
Іс-шараға келген БАҚ өкілдеріне кітап тегін беріледі.