«2020 жылдың қаңтар айының соңына дейін барлық түскен өтініштер қаралып, Сараптамалық кеңестің қорытындысы бойынша ведомствоаралық комиссияға қосымша қарау үшін жіберіледі. Комиссия мүшелері шешім шығарады» деді ҰКҚМО өндіріс бойынша басқарма төрағасының орынбасары Олжабай Мұсабеков.
Оның айтуынша, фильм комиссия мүшелерінің ұсыныстарына сәйкес таңдалып, түсіріледі.
«Бүгінгі таңда конкурсқа қатысуға алты өтінім келіп түсті, оның ішінде фильм-опера, екі тарихи мелодрама, 30 сериядан тұратын деректі фильм, 15 сериялы қысқаметрлі фильм және тағы бір толықметражды фильм бар. Қосымша өтінімдерді күтеміз. Менің ойымша, қаңтардың соңына дейін бұдан да көп ұсыныстар болады» дейді ол.
Айта кетейік, биыл еліміз ақын, философ, ағартушы және ойшыл – ұлы Абайдың 175 жылдығын атап өтуге дайындалып жатыр. Мерейтой қарсаңында Қазақстанда және шетелдерде 500-ге жуық мерекелік іс-шара ұйымдастырылатын болады.