Аймақтар • 20 Қаңтар, 2020

Көп балалы отбасылар баспаналы болды

285 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Бүгінгі таңда мемлекет тарапы­нан халықты қолжетімді баспанамен қамтуға ерекше мән беріліп ке­ле­ді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Сындарлы қоғамдық диалог – Қа­зақстанның тұрақтылығы мен өркен­деуі­нің негізі» атты Жолдауында «Негіз­гі қағидат – тұрғындар, әсіресе әлеу­меттік тұрғыдан әлсіз топтар үшін бас­пананың қолжетімділігін арттыру», дей келе, баспана сатып алуға жағдайы жоқ азаматтарға әлеуметтік жалға алу тәртібімен қоныстану үшін мүмкіндік беру қажеттігін де айтқан еді. Сонымен қатар мемлекет тарапынан «Нұрлы жер», «7-20-25» және «Бақытты отбасы» сияқты тиімді бағдарламалар қабыл­данды.

Көп балалы отбасылар баспаналы болды

Мемлекет басшысының ха­лы­қты қолжетімді тұрғын үй­мен қамтамасыз ету туралы тапсырмасына сәйкес, Жам­был өңі­рінде ауқымды жұмыстар атқа­рылуда. Тараз қаласында былтыр «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша 80 пәтерлі 9 тұрғын үй ел игілігіне берілді. Бұл жақ­­сы үрдіс өңірде өз жалғасын тауып келеді. Өткен жылдың со­ңында Жам­­был облысының әкі­мі Асқар Мыр­­захметов Тараз қала­сындағы «Қарасу» шағын ауда­нынан жаңа салынып жатқан 90 пәтерлі жатақхананың кілтін көп балалы отбасыларға табыс­тады. Бұл үйде тұрғындар жеке­ше­лендіру құқығынсыз тұра алады. Әкім өз сөзінде облыстың 80 жылдығына орай 80 нысанның аясында пайдалануға беріліп отырған тұрғын үйдің талай жыл бойы үй кезегінде тұрған көп балалы және тұрмысы төмен отбасыларға тарту болғанын, 80 жылдық бекер мал шашпақ даңғаза той емес, ел игілігіне арналған нысандардың ашылуымен ерекшеленіп отырғанын жеткізді. Сондай-ақ әрқайсысы 80 пәтерлі 4 әлеуметтік тұрғын үй берілетінін атап өтті. Жалпы, Тараз қаласынан көп балалы және аз қамтылған отбасыларға арналып 12 жатақхананың құрылысы жүргізілуде. Бұдан кейін сөз алған 12 баланың анасы Гүлфия Дәуітова өзінің алғысын білдіріп, көп балалы отбасыларға тағы да осындай мүмкіндіктер көптеп жасалса екен деген тілегін жеткізді.

 Бүгінде Тараз қаласындағы «Қарасу» және «Арай» шағын аудан­дарында көп балалы отбасыларға арналған 6 көп­қабатты әлеуметтік жатақхананың құры­лысы жүргі­зілуде. Құрылыстың жалпы аумағы 8100 шаршы метрді құраса, пәтердің бір шаршы метрінің құны 100,2 мың теңгеге айналуда. Мұнда инфра­құрылым мәселесі толықтай шешілген. Жақында пайдалануға берілгелі отырған жатақ­ханалардың ішкі құрылысы екі бөлмелі пәтер­лерден тұрады. Бір пәтер­дің жалпы ауданы 35-40 шаршы метрді құ­райды. Әр пәтерде зал және жатын бөлмелер, сондай-ақ жеке ас үйі, әжет­ханасы мен жуынатын бөлмесі бар. Сондай-ақ көп балалы отбасылар үшін жатақхананы жалға алу құны 3500 теңгеден аспайды.

 

Жамбыл облысы