Қоғам • 20 Қаңтар, 2020

Мүмкіндігі шектеулі жастар әлеуметтік жарнама өндірісі бойынша оқытудан өтті

286 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Ұлттық Дельфий Комитеті Қазақстандағы АҚШ елшілігінің шағын грантын іске асыру аясында елордада «Батыр бол!» Әлеуметтік жарнама мектебі» әлеуметтік жобасын іске қосты.

Мүмкіндігі шектеулі жастар әлеуметтік жарнама өндірісі бойынша оқытудан өтті

Аймақтардан жиналған мүмкіндігі шектеулі жастар 10 күн бойы Нұр-Сұлтанда әлеуметтік жарнама өндірісі бойынша оқытудан өтті. Жобаның мақсаты - бүкіл Қазақстандағы ерекше қажеттілікке ие жастарды оқыту арқылы әлеуметтік жарнама өндірушілердің аймақтық желісін дамыту. Медиа-жоба аймақтардағы түрлі әлеуметтік топтардың қатынасы мен өзара әрекеті, экология, білім беру әлеуметтік желілер мен цифрлық арналар арқылы ерекше қажеттілікке ие балалар үшін жұмыс пен демалысқа назар аударуға шақырады.

Елордада болашақ медияшылар әлеуметтік жарнаманы жасау мен оны ғаламтор желісінде таратудың қыр-сырын меңгеруді үйренді.  Оқу аяқталған соң, жаттықтырушылар жарты жыл бойы мектеп түлектеріне консультация берулерін жалғастырады деп күтілуде. Жоба ұйымдастырушылары аймақтардағы жастарға өз білімдерін жүйелі беру үшін жобаның 10 табысты қатысушыларын оқытуға ниетті.

Еске сала кетейік, дарынды жастарды іріктеу 2019 жылы 8-9 қарашада Ақтау қаласында басталды. Одан соң медиа-жаттықтырушылар Атырау мен Петропавл қалаларына аттанған болатын. Соның нәтижесі бойынша  Қазақстанның батыс және солтүстік аймақтарынан іріктеуден өткен 15-30 жастағы ерекше қажеттілікке ие 20 қатысушы жобаның екінші кезеңіне Нұр-Сұлтанға келді.