Әлем • 20 Қаңтар, 2020

Биыл «Қаралы қаңтар» оқиғасына 30 жыл толды

1247 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Осыдан 30 жыл бұрын, 1990 жылдың 19-нан 20-қаңтарына қараған түні, КСРО басшылығының нұсқауы бойынша Бакуге әскерлер жіберіліп, бейбіт тұрғындарға оқ атылды. Салдарынан 134 бейбіт тұрғын қаза тауып, 700-ден астам адам жарақат алды. 

Биыл «Қаралы қаңтар» оқиғасына 30 жыл толды

Әскерлер енгізілгеннен кейін оппозицияның белсенді мүшелеріне қарсы репрессия басталды. Алайда, соған қарамастан, 22 қаңтарда 1 миллионға жуық адам әскери әрекеттің құрбандарымен қоштасуға қатысты. Бұл оқиғалар Әзірбайжан тарихына «Қаралы қаңтар» атауымен енді.

Осы алмағайып қиын күндерде, төніп тұрған қауіп-қатерге қарамастан, Әзербайжан халқының ұлттық көшбасшысы Гейдар Алиев Мәскеудегі Әзірбайжанның Тұрақты өкілдігінде болып, баспасөз конференциясын ұйымдастырды, онда ол Әзербайжан халқына қарсы жасалған қылмыстар үшін КСРО басшылығына наразылық білдірді.

Сол қанды оқиғалардан кейін көптеген жылдар өтсе де, әзірбайжан халқы бұл қорқынышты түнді әрдайым еске алады. 20 қаңтар күнтізбеге Ұлттық аза тұту күні ретінде мәңгі жазылды.

Кеңес әскерлерінің 20 қаңтар күні Баку қаласында жасаған қылмысы Әзербайжан халқына қарсы ғана емес, күллі адамзатқа қарсы жасалған әрекет болды.

Айта кетейік, «20 қаңтар» – Әзербайжан тарихында қайғылы күн болумен қатар, ерліктің жылнамасына енуімен де ерекше. Әзербайжан халқы қысымға ұшыраса да өзінің тарихи ерлік дәстүріне адал екендігін, Отанның азаттығы мен тәуелсіздігі жолында ең қиын сынақтарға төтеп беріп, шейіт болуға дайын екенін бүкіл әлемге паш етті.