Экономика • 21 Қаңтар, 2020

Сапалы білім алған студент – сұранысқа сай маман

244 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты халыққа арнаған Жолдауында білім беру саласының болашағына қатысты өзекті мәселе көтерілген болатын.

Сапалы білім алған студент – сұранысқа сай маман

Жетісу өлкесіндегі ең іргелі оқу орны ретінде біз Президент Жол­да­у­ын­да айтылған білім беру сапасын жақсарту мәселесіне айрық­ша мән берудеміз. Жолдаудың «Әлеу­меттік жаңғырудың жаңа кезеңі» бөлімінде білім саласының бүгінгі және ертеңгі әлеуеті талданған. Әлеуметтік сала ел дамуына ықпал ететін қоғамның ең үлкен бөлшегі. Ал білім беру сол әлеу­меттік саланың күретамыры іспет­ті. Президенттің жоғары оқу орын­дарына қатысты айтқан сын-ескертпесін орынды деп санаймын. Бұл ретте Президент: «Өз түлектерін жұмыспен қамту жағынан еліміздегі жоғары оқу орындарының жартысы ғана 60 пайыздық деңгейге қол жеткізіп отыр», деді. Түлектерді жұ­мыс­пен қамту сол оқу орнындағы білім сапасының көрсеткіші екенін ескерсек, Президент көтеріп отырған мәселе өте маңызды әрі еліміздің дамуына тікелей әсер етеді. Білім сапасын арттыру мен түлектерді жұмыспен қамту мақсатында І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік уни­вер­ситеті кешенді жұмыс атқарып келеді. Алматы облысы аграрлық аймақ болғандықтан, өңірге қажетті маман­дықтарды зерделеп, алдағы 4 жылда қандай мамандар даярлау қажет, қандай білім бағдарламаларына басымдық беру керек екенін анықтап, сол бойынша оқу бағдарламасын жасауды қолға алдық. Сонымен қа­тар, жыл бойы облыстағы барлық мекемелермен тығыз байланыс жасап, бос орындарды анықтаймыз. Ол бойынша түлектерге мағлұмат беріп, мекеме басшыларымен кездесу ұйымдастырамыз. Өз білімгерлерін тұрақты жұмыспен қамту мақсатында Жетісу университеті жаңа бастама­ны қолға алды. Бұл бастама бойын­ша, егер студент өндірістік тәжірибеден өтуге барған мекемеде өзінің білімі мен қабілетін дәлелдеп, жұмысқа орналасуға мүмкіндік туса, білімгерге соңғы курсты қашықтықтан оқуға мүмкіндік береміз. Бұл әдіс өз кезегінде, түлекті жұмыспен қамтып қана қоймай, өз кәсібі бойынша тә­жірибе жинауына жол ашады. Соны­мен қатар университет «Бос ор­ын­дар жәрмеңкесін» өткізу, кәсіп­орын­­ның сұранысы бойынша маман даяр­лау, ваканттық орындар базасын құру, «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасына қатысу арқылы түлек­терді жұмыспен қамтып келеді. Мәселен, былтыр университетті бітірген 781 түлектің 78 пайызы жұмысқа орналасса, биылғы көрсеткіш одан да жоғары болып отыр.

Білім саласындағы тағы бір өзекті мәселе – ауылдық жерлердегі бі­лік­ті педагог кадрлардың тапшы­лы­ғы. Біздің университеттің негіз­гі бағыты – Алматы облысы мек­теп­теріне мұғалімдер даярлау. Облыс мектептеріне қажетті пән мұға­лім­де­рі­нің мониторингін жүргізе отырып, сол негізде педагог кадрларды әзірлеу. Биыл педагогикалық мамандықтар бойынша 654 түлек бакалавр дәрежесін алды. Олардың басым бөлігі Жетісу өңірінің мектептеріне жұмысқа орналасты. Дей тұрғанмен физика, математика, орыс тілі, ағылшын тілі мұғалімдері әлі де жетіспей жатыр. Жолдауда көрсетілген «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасының аясын кеңейту бойынша да жұмысты жаңа деңгейде ұйымдастыруды көздеп отырмыз. Сондай-ақ аз қамтылған және көп балалы отбасыларды қолдау мәселесіне де ерекше көңіл аударамыз. Мәселен, биыл университетке барлық грант түрін қосқанда 456 сту­дент оқуға түсті. Оның ішінде рес­пуб­лика­лық бюджет есебінен 165 грант, жер­гілікті бюджет қаражатынан 79 білім беру гранты көп балалы және аз қам­тылған отбасы балаларына, жетім, жартылай жетім, мүгедек немесе ата-анасы мүгедек жастарға берілді. Сондай-ақ жергілікті бюджет есебінен жал­пы конкурс негізінде 74 білім беру гран­ты бөлінді.

Мемлекет басшысының биылғы Жолдауында айтылған «Мен ел тағ­ды­ры­на жаны ашитын әрбір азаматқа зор сенім артамын» деген сөзі еліміздің әр саласында тізгін ұстаған азаматтарға зор жауапкершілік артады. Ал білім саласының дамуына негіз болатын –  сапалы маман. Сол себепті еліміздің дамуына әр қызметкер саналы түрде үлес қосуы қажет.

 

Қуат БАЙМЫРЗАЕВ,

І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің ректоры, география ғылымдарының докторы, профессор