Жетісу өлкесіндегі ең іргелі оқу орны ретінде біз Президент Жолдауында айтылған білім беру сапасын жақсарту мәселесіне айрықша мән берудеміз. Жолдаудың «Әлеуметтік жаңғырудың жаңа кезеңі» бөлімінде білім саласының бүгінгі және ертеңгі әлеуеті талданған. Әлеуметтік сала ел дамуына ықпал ететін қоғамның ең үлкен бөлшегі. Ал білім беру сол әлеуметтік саланың күретамыры іспетті. Президенттің жоғары оқу орындарына қатысты айтқан сын-ескертпесін орынды деп санаймын. Бұл ретте Президент: «Өз түлектерін жұмыспен қамту жағынан еліміздегі жоғары оқу орындарының жартысы ғана 60 пайыздық деңгейге қол жеткізіп отыр», деді. Түлектерді жұмыспен қамту сол оқу орнындағы білім сапасының көрсеткіші екенін ескерсек, Президент көтеріп отырған мәселе өте маңызды әрі еліміздің дамуына тікелей әсер етеді. Білім сапасын арттыру мен түлектерді жұмыспен қамту мақсатында І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университеті кешенді жұмыс атқарып келеді. Алматы облысы аграрлық аймақ болғандықтан, өңірге қажетті мамандықтарды зерделеп, алдағы 4 жылда қандай мамандар даярлау қажет, қандай білім бағдарламаларына басымдық беру керек екенін анықтап, сол бойынша оқу бағдарламасын жасауды қолға алдық. Сонымен қатар, жыл бойы облыстағы барлық мекемелермен тығыз байланыс жасап, бос орындарды анықтаймыз. Ол бойынша түлектерге мағлұмат беріп, мекеме басшыларымен кездесу ұйымдастырамыз. Өз білімгерлерін тұрақты жұмыспен қамту мақсатында Жетісу университеті жаңа бастаманы қолға алды. Бұл бастама бойынша, егер студент өндірістік тәжірибеден өтуге барған мекемеде өзінің білімі мен қабілетін дәлелдеп, жұмысқа орналасуға мүмкіндік туса, білімгерге соңғы курсты қашықтықтан оқуға мүмкіндік береміз. Бұл әдіс өз кезегінде, түлекті жұмыспен қамтып қана қоймай, өз кәсібі бойынша тәжірибе жинауына жол ашады. Сонымен қатар университет «Бос орындар жәрмеңкесін» өткізу, кәсіпорынның сұранысы бойынша маман даярлау, ваканттық орындар базасын құру, «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасына қатысу арқылы түлектерді жұмыспен қамтып келеді. Мәселен, былтыр университетті бітірген 781 түлектің 78 пайызы жұмысқа орналасса, биылғы көрсеткіш одан да жоғары болып отыр.
Білім саласындағы тағы бір өзекті мәселе – ауылдық жерлердегі білікті педагог кадрлардың тапшылығы. Біздің университеттің негізгі бағыты – Алматы облысы мектептеріне мұғалімдер даярлау. Облыс мектептеріне қажетті пән мұғалімдерінің мониторингін жүргізе отырып, сол негізде педагог кадрларды әзірлеу. Биыл педагогикалық мамандықтар бойынша 654 түлек бакалавр дәрежесін алды. Олардың басым бөлігі Жетісу өңірінің мектептеріне жұмысқа орналасты. Дей тұрғанмен физика, математика, орыс тілі, ағылшын тілі мұғалімдері әлі де жетіспей жатыр. Жолдауда көрсетілген «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасының аясын кеңейту бойынша да жұмысты жаңа деңгейде ұйымдастыруды көздеп отырмыз. Сондай-ақ аз қамтылған және көп балалы отбасыларды қолдау мәселесіне де ерекше көңіл аударамыз. Мәселен, биыл университетке барлық грант түрін қосқанда 456 студент оқуға түсті. Оның ішінде республикалық бюджет есебінен 165 грант, жергілікті бюджет қаражатынан 79 білім беру гранты көп балалы және аз қамтылған отбасы балаларына, жетім, жартылай жетім, мүгедек немесе ата-анасы мүгедек жастарға берілді. Сондай-ақ жергілікті бюджет есебінен жалпы конкурс негізінде 74 білім беру гранты бөлінді.
Мемлекет басшысының биылғы Жолдауында айтылған «Мен ел тағдырына жаны ашитын әрбір азаматқа зор сенім артамын» деген сөзі еліміздің әр саласында тізгін ұстаған азаматтарға зор жауапкершілік артады. Ал білім саласының дамуына негіз болатын – сапалы маман. Сол себепті еліміздің дамуына әр қызметкер саналы түрде үлес қосуы қажет.
Қуат БАЙМЫРЗАЕВ,
І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің ректоры, география ғылымдарының докторы, профессор