Аймақтар • 22 Қаңтар, 2020

Көкшетаудағы Қопа көлі тазартылады

945 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қопа көлінің тазаруы Қылшақты өзеніндегі экологиялық жағдайға тәуелді. Мамандар өзен арнасын су асты өсімдіктерінен тазартуға үлкен көңіл бөліп отыр.

Көкшетаудағы Қопа көлі тазартылады

Алдағы бір ай бойы табиғат қорғаушылар мұз үстіндегі қамысты орып, қала сыртында шығармақ. Бұл шара су айдынының тазаруына мүмкіндік беріп, шаһардың шырайына үлес қоспақ.

Қопаны жағалай өскен қамыстың ұзындығы адам бойымен бірдей. Көл жағалай біткен қамыстың зияны да бар екен. Мамандар су айдынындағы қамыс мөлшері жағалау аумағының 18 процентінен аспауы керек деседі.

Қамыстың шамадан тыс көп болуы көл түбіне лайдың  тұнуына әкеледі. Қаланы қақ жарып ағатын Қылшақты өзенінің кей тұсында қалың қамыстан су беті көрінбейді. Мамандар өзен арнасын тазарту арқылы Қопа көлін қалыпқа келтіруді көздеп отыр.     

–Қазір өзен сағасын қамыстан тазалау жұмыстары басталып кетті. Барлығы 5 шақырымды құрайтын  аумақ. Бұл жұмыс мелиорацияны және су тасқынына қарсы әрекетті де қамтиды. Соңғы екі жылда облыстық табиғи ресурстар басқармасы Қопа көлін биологиялық тәсілмен, яғни шөпқоректі балық жіберу арқылы тазартуды жүзеге асырып келеді. Осы уақыт аралығында 40 мыңнан астам шабақ су айдынына жіберілді. Зертханалық тәжірибелер су айдыны едәуір тазарғанын көрсетіп отыр. Жағалаудағы қамысты ору арқылы біз Қопа мен Қылшақтыдағы балдыр мен лайдың азаюына ықпал етуді көздеп отырмыз, дейді облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы жетекшісінің орынбасары Болат Тоқышев.  

Осы бастаманы әрі қарай өңірдегі барлық мекемелер жалғастырмақ ниетте. Қазір Қопа көліндегі оттегі мөлшері 7-ден 8,5 пайызға көтерілді. Бұл көл акваториясының тазара бастағанын білдіреді. Тиісінше, жағалауда демалушылар саны да артқан. Табиғат қорғаушылар алдағы жаз айларында қамысты арнайы құрылғының көмегімен тағы бір рет орып шықпақ.