2017 жылы ауыл тұрғындары үшін қолжетімді қаржыландыруды қамтамасыз етуге арналған жаңа қолайлы қолдау құралдары пайда болды.
Несие алуға ниет танытқан көптеген фермерлер кепілдік қоюға келгенде кері бұрылып жатады. Шаруалардың бұл проблемасына түсіністікпен қараған мемлекет қолдау көрсету мәселесін шешіп, бюджет қаржысы есебінен кепілдендіру мүмкіндігін жасады.
«Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында несие серіктестеріне немесе микроқаржы ұйымдарына несие алуға өтініш берген кәсіпкерлердің кепілдіктері жетпеген жағдайда Қор кепілдендіреді. Айта кету керек, кепілдендіру өтеусіз беріледі және қандай да бір қызмет түрлерімен шектелмейді.
Кепілдендірілетін несиенің ең жоғары сомасы 8000 айлық есептік көрсеткішке дейін, кепілдендіру мерзімі 5 жылға дейін. Ал, мал шаруашылығы мен ауыл шаруашылығы кооперативтерін құру саласында 7 жылға дейінгі несиелер кепілдендіріледі.
Жұмыс істеп тұрған бизнес үшін несие сомасының 50%-не дейін, стартап жобалар мен ісін жаңа бастаған кәсіпкерлер үшін несие сомасының 85%-не дейін кепілдендіріледі.
Кәсіпкер бизнес жоспарын жасап, құжаттарын жинайды. Содан кейін Қорға келеді. Өтінімі мақұлданған соң несие рәсімдеу үшін несие серіктесіне немесе микроқаржы ұйымына барады.
Бүгінгі таңда 2 500-ден астам ауылдық округ пен 45-тен астам шағын қалаларда 1120 кәсіпкердің несиесі кепілдендірілген.
Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорының филиалдары республиканың барлық облыс орталықтарында, сондай-ақ Нұр-Cұлтан, Алматы, Семей қалаларында бар.